Accessibility links

QazCovid-in сынақ аяқталмай жатып неге жаппай егілмек? Вакцина авторларының бірінен сұрадық


Әбілхан Қастеев музейіндегі арнайы орында коронавирус вакцинасын салу. Алматы, 17 сәуір 2021 жыл. Көрнекі сурет.
Әбілхан Қастеев музейіндегі арнайы орында коронавирус вакцинасын салу. Алматы, 17 сәуір 2021 жыл. Көрнекі сурет.

Бүгін, 26 сәуірден бастап Қазақстанда жергілікті ғалымдар әзірлеген QazCovid-in коронавирус вакцинасын халыққа жаппай егу басталады. Вакцина сынақтың үшінші кезеңінен толық өтпей жатып Қазақстан неге бұл қадамға барды? Вакцинаның пайдалы әсері қандай? Әлемдегі басқа екпелерден айырмашылығы бар ма? Осы сауалдарды QazCovid-in екпесін жасаған ғалымдардың бірі, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекцияларды зерттеу лабораториясы жетекшісі Лесбек Құтымбетовке қойдық.

Азаттық: QazCovid-in екпесі сынақтың екі сатысынан өтіп, үшінші сынақ кезеңі жартысына келіп тұр әрі ол да аяқталмады. Қазақстандық вакцинаның пайдалы әсері жоғары деп айта аласыз ба?

Лесбек Құтымбетов: Институтымыз совет дәуірінен бері бар. Бұл жерде өте жоғары, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін маман көп. Біз осындай вакцинаның неше түрін жасадық. Өлі емес, тірі вакцина да жасадық. Бізде векторлы, субъединицалық, ақуыз вакциналарын да әзірлеп, әбден машықтанған ғалымдар, зертханалар бар. Иә, вакцина қысқа мерзімде дайындалды. Бірақ оның алдымен залалсыздығын тексердік. Залалсыз екеніне толық сенімдіміз. Әлемде 100 пайыз тиімді вакцина болмайды. 80, 70 пайыз болса да өте тиімді деп есептеледі. Қазақстандық вакцинаны адамға егіп сынау былтыр қыркүйекте басталған. Бірінші деңгейінде 44 адам таңдалып, оның 22-сіне екпенің өзі салынды, тағы 22 адамға плацебо, яғни, физиологиялық ерітінді салдық. Салыстырып қарасақ, сол 22 адамның бәрінің қан құрамында иммунитет пайда болды. Екінші кезеңде тағы 200 адамға ектік. Оның бәрінің ағзасында иммунитет пайда болды. Бұл әрине, кең ауқымды қолдану емес. Бірақ сынақ кезінде тиімділігі осындай болды. Әрине, аз адамға салғанда басқа да вакциналар ондай тиімді көрінуі мүмкін.

Азаттық: Созылмалы ауруы бар адамдар да сынаққа қатысты ма?

Білім және ғылым министрлігі биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекцияларды зерттеу лабораториясы жетекшісі Лесбек Құтымбетов (ортада). Сурет лабораторияның ресми сайтынан алынды.
Білім және ғылым министрлігі биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекцияларды зерттеу лабораториясы жетекшісі Лесбек Құтымбетов (ортада). Сурет лабораторияның ресми сайтынан алынды.

Лесбек Құтымбетов: Қатысты. Екінші фазадағы 200 адамның бәрінің денсаулығы жақсы болды. Ал үшінші кезеңде үш мың адамға егілді. Оның арасында 20-30 шақты адам созылмалы дертпен ауырады. Сондай адамдарға да салынды. Әрине, қан құрамында иммунитет деңгейі әр түрлі. Дені сау адамдардың иммунитеті жоғары болса, созылмалы дерті барлардың иммунитеті төмендеу. Кейбірінде тіпті жоқ болуы мүмкін. Ондай адамдарға біздің вакцина иммунитет бермесе, басқа екпелер де бере алмайды.

Азаттық: Сынақ кезеңінде қандай да бір кері әсері болды ма?

Лесбек Құтымбетов: Бұл вакцинаны әуелі өзіме салдым. Жануарларға сынаған соң бірінші болып өзіме сынадым. Біреуге қолданар алдында өзіме салдырдым. Теориялық түрде оның залалсыз екенін алдын ала білдім. Менен соң тағы жеті адам салды. Ине сұққан жер аздап ауырды. Кейбіреуінде сәл қызарды. Бір-бір жарым күндей кішкене ауырсындық. Бірақ одан соң білінбей кетті. Бізді қызықтырғаны иммунитет пайда бола ма, жоқ па деген мәселе еді. Алдында тышқан, атжалман, маймылға тексеріп көрдік. Ай сайын қанымызды зерттеп отырдық. 21 күннен бастап қанымыздың құрамында коронавирусқа қарсы антиденелер пайда бола бастады. 40-50 күнге дейін антиденелердің титры жоғалады да, бір қалыпқа түседі. Алты айға дейін сақталып тұрды. Жетінші айға келгенде азайып кетті.

Қазақстан үшінші сынағы аяқталмаған QazVac екпесін жаппай салуды бастамақ

Қазақстан үшінші сынағы аяқталмаған QazVac екпесін жаппай салуды бастамақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Азаттық: Осы аралық сынақ кезіндегі зерттеулердің нәтижесі тәуелсіз тексеріс жасау үшін қандай да бір жерде жарияланды ма? Қайдан оқып, білуге болады?

Лесбек Құтымбетов: Ол зерттеулердің нәтижесін Қазақстанда, басқа жерде шығара салу қиын емес. Бірақ сол мақалаларды жазуға мүмкіндігіміз болмай жатыр. Уақыт тапшы. Біздің мекеме – ғылыми-зерттеу институт. Сондықтан алдағы уақытта міндетті түрде ондай мақала жариялаймыз.

Азаттық: Екпенің үшінші сынақ кезеңі әлі аяқталған жоқ қой. Үкімет барша жұртқа егеміз деп асығыстық істеп отырған жоқ па?

Лесбек Құтымбетов: Пандемияның әр күні қаншама адамды өмірден алып кетеді, қаншама зияны тиеді. Экономикамыз да күн сайын құлдырап барады. Халық қиналады. Ондай кезде вакцинаның қауіпсіз, тиімді екені белгілі болса, жаппай қолдануға шығара беруге болады. Қазіргі уақытта вакцинаны екі-үш жыл сынап жүрудің қажеті жоқ. Оның технологиясы бұған дейін әбден зерттелген. Бұрын тұмау вирусы боса, қазір оның орнына Covid вирусын қойып, дайындап жатырмыз.

Зерттеуші: Үшінші сынақ кезеңін аяқтау керек еді

Қазақстандық QazCovid-in екпесі де ресейлік Спутник V екпесі сияқты сынақтың үшінші кезеңінен өтпей жатып жұртқа егілмек. Батыс ғалымдары мен дәрігерлері былтыр тамызда салына бастағанда Спутник V екпесінің пайдасы мен қауіпсіздігіне көп күмән келтірген. Қазір Қазақстан да халыққа осы ресейлік екпені салып жатыр. Биыл ақпанның басында халықаралық Lancet медицина журналы Спутник V зерттеуін жариялап, екпенің пайдалы әсері 91 пайыз деп хабарлаған.

Зерттеуші Ақмарал Тұрсынова.
Зерттеуші Ақмарал Тұрсынова.

Қазақстандағы медицина және екпе бойынша халыққа кеңес беретін Medsupportkz қорының негізін қалаушы, зерттеуші Ақмарал Тұрсынова екпе толық сынақтан өтпей, оны халыққа егу ерте деп санайды.

– Қазақстандық ғалымдардың жетістігіне күмән келтіретін осындай шаралар жасауға болмайды. Үшінші [сынақ] фазасын аяқтап, соның нәтижесін тиянақтауы тиіс еді, одан кейін оны сараптамадан өткізу керек, – дейді ол.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі былтыр желтоқсанда "QazCovid-in екпесінің екінші сынақ кезеңінен кейінгі пайдалы әсері 96 пайыз болды" деп мәлімдеген.

Азаттық: QazCovid-in вакцинасының басқа Спутник V, Pfizer, Moderna сынды басқа екпелерден ерекшелігі қандай?

Лесбек Құтымбетов: QazCovid-in вакцинасы өлі вирустан жасалады. Бұл баяғыдан келе жатқан технология. Мұның құрамында кәдімгі сол Covid ауруының залалсыздандырылған вирусы бар және оған иммуностимулятор қосылған. Құрамы осы екеуі. Одан бөлек кәдімгі су мен аздаған тұз бар. Мысалы, Sputnik V – векторлы вакцина. Онда тасымалдаушы ретінде басқа вирусты алады. Олар аденовирусты алған.

Ресей ғана емес, басқа да елдер де солай істейді. Яғни, аденовирусқа Covid вирусының аз ғана бөлігін жапсырады. Бірақ ондай вирустың пайдалы әсері әлемде әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Сондықтан қандай боларын ешкім әлі айта алмайды. Америкалық вакциналар – геномдық вакциналар. Оны қолданған кезде -70 градуста ұстау қажет. Ресейдікі де тірі вирус болған соң оны бұзылып кетпеу үшін -20 градуста сақтау керек. Ал біздің вакцинаны тоңазытқышта қатты қатырмай алып жүре беруге болады. Осы түрлі вакцинаның ішінде Қазақстан вакцинасы – толық залалсыздандырылған вирустан дәстүрлі жолмен жасалған екпе. Өзгелерден артықшылығы да осы. Қорықпай сала берсеңіздер болады. Аллергиясы бар адамдар ғана дәрігердің бақылауында біраз отыру керек. Мұндай жолмен Қытай мен Ресейде де екпе жасайды.

Азаттық: Вакцинаны әзірлеу кезінде шетелдің тәжірибесін, көмегін немесе кеңесін пайдаландыңыздар ма?

Лесбек Құтымбетов: Әрине, шетелдің ғылыми мақалаларын үнемі қарап отырамыз. Бірақ мына вакцинаны дайындағанда ешкімнің көмегіне мұқтаж болмадық. Өзіміз жасап шығардық. Біздің ғалымдардың деңгейі жоғары. Біреуге өзіміз кеңес айтпасақ, ақыл сұрудың қажеті жоқ.

Азаттық: Вакцинаны әзірлеуге нақты қанша ғалым қатысты?

Лесбек Құтымбетов: Нақты санын айту қиын. Он шақты ғалым ұйытқы болды. Бірақ жалпы жұмысына бірнеше зертхана араласты. Жиыны жүз шақты адам деуге болады.

Азаттық: Былтыр қазақстандық екпені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кандидат вакцина ретінде тіркеді деген ақпарат шыққан. ДДСҰ-ға ақпарат жібересіздер ме?

Лесбек Құтымбетов: Әрине, ұйымға ақпаратымызды жібереміз. Клиника зерттеуінің нәтижелерін тіркейміз. Қызыққан маман болса көреді. Мына зерттеудің бәрі сол ұйымның талаптарымен жасалады. Біздің денсаулық сақтау министрлігі де үнемі қарап, қадағалап отырады. Сондықтан біздің вакцина халықаралық деңгейге лайық деп айта берсек болады.

Азаттық: Екпенің атауы жайлы айта кетсеңіз.

Лесбек Құтымбетов: Отандық екенін білдірейік деп алдымен Qaz дегенді алдық, оған аурудың атауын көрсетсін деп Covid сөзін жалғадық және соңындағы -in дегені өлі вирустан жасалғанын білдіреді. Жоғары жақтан, яғни, үкімет тарапынан QazVac деп аталды. Бұл – бренд атауы.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG