Accessibility links

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарды немен және қалай емдейді?


Коронавирус жұқтырғандар жатқан аурухананың медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырғандар жатқан аурухананың медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Ауруханада емделгенде тәжірибелік препараттар, көп мөлшердегі антибиотик және ішке салынатын дәрі, ал үйде өз бетінше түрлі дәрі-дәрмек пен маркетологтар жарнамасына сеніп сатып алған Қытайда шығатын биологиялық қоспаларды қабылдау. Азаттық коронавирус инфекциясынан жазылған адамдармен сөйлесіп көрді. Кей жағдайда науқасты "сауығып кетті" деп айту қиын, өйткені олар емнің жанама әсері болғанын айтып, денсаулығын қалпына келтіруге тырысып жүр.

Пандемия басталғалы бері Қазақстанда Covid-19 вирусын анықтау және емдеу хаттамасы он шақты рет өзгерді. 2020 жылы ақпанда дайындалған бірінші хаттамаға коронавирус анықталған елдердің тәжірибесіне негізделген емдеу әдістері кірді. Шілдеге қарай хаттамаға 11-рет өзгеріс енгізілді. Денсаулық сақтау саласындағы билік өкілдері мұны "хаттама әлемдегі әріптестерімізбен пікір алмасып, тәжірибе жинаған сайын өзгеріп жатыр" деп түсіндірді. Мысалы, шілде айындағы хаттамаға вирусқа қарсы ем, "Ремдесивир", "Фавипиравир" тәжірибелік препараттарын қосып, індеттің бірінші толқыны кезінде емге қолданылған ВИЧ-пен ауыратын науқастарға арналған лопинавир/ритонавир және безгекке қарсы гидроксихлорохин дәрілерін алып тастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "клиникалық зерттеу нәтижесінде бұл препараттардың тиімділігі дәлелденген жоқ" деп мәлімдеді.

Сол кезде денсаулық сақтау министрлігінің тауар мен қызмет сапасын бақылау комитеті амбулаторлық деңгейдегі хаттаманың соңғы нұсқасында көрсетілген симптомды және патогенетикалық терапияға басымдық беретінін хабарлады. Бұл хаттамада сондай-ақ науқастарға парацетамол, ибупрофен препараттарын, антикоагулянттар (Ривароксабан, Апиксабан, Дабигатран) беру керегі жазылған.

Шілденің соңында денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясын емдеу хаттамасын тағы да өзгертті. Бұл жолы үйде емделетін науқастарға қатысты өзгерістер енгізілді. Тамызда балалар мен жүкті әйелдерге арналған жаңа хаттамалар шықты. Осыдан кейін Қазақстанда коронавирусты емдеудің ересектерге, балаларға және жүкті әйелдерге арналған үш түрлі хаттамасы пайда болды.

Қазір Қазақстанда науқастарды денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы медициналық қызметтер сапасы жөніндегі бірлескен комиссия 2021 жылы 1 сәуірде мақұлдаған 10-хаттама бойынша емдейді.

Назар салыңыз: мақала кейіпкерлері емдеудің ресми және бейресми әдістері туралы айтады. Бұл әдістерді дәрігердің кеңесінсіз қолдануға болмайтынын ескертеміз.

"АУРУХАНАДА АУЫРҒАННАН ҮЙДЕ АУЫРҒАН ЖАМАН"

Алматы тұрғыны Яна (Яна мен басқа кейіпкерлер аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады) дәрігерлердің талабын қалтқысыз орындаған: қашықтан жұмыс істеуге көшіп, маска тағып, антисептик қолданып, адам көп жиналатын орынға бармауға тырысқан. Бірақ биыл наурызда ауырып қалған. Яна вирус қоғамдық көлікте жұққан болар деп топшылайды.

– Басында ауруханаға жатудан бас тарттым. Қорықтым, ол жақтан шықпай қаламын ба деп ойладым. Бірақ ауру белгісі көбейіп, бірнеше күннен кейін мені балаларға арналған инфекциялық аурухананың филиалына жатқызды. Ауруханаға жатарда менен ПТР-тест, қан мен зәр сараптамасын алып, КТ-дан (комптьютерлік томография – ред.) өткізді. Бірінші күннен бастап таңертең және кешке бұлшық етке "Цефтозидим" (антибиотик), күніне екі рет ішке "Эноксапарин" (қанды сұйылту үшін) салды. Тамырға "Дексаметазон" салып, күн сайын тамақты шаюға бір бөтелке суға ерітілген фурацилин беріп отырды. Тыныс алу жаттығуын дұрыс жасауға көмектесті. Ауруханада болған бір апта бойы дәрі салғыздым. Одан бөлек, бізге күн сайын С витаминін беретін, – дейді Яна.

Медицина қызметкері ауруханаға келген адамның қызуын тексеріп тұр. Алматы, 26 наурыз 2020 жыл.
Медицина қызметкері ауруханаға келген адамның қызуын тексеріп тұр. Алматы, 26 наурыз 2020 жыл.

Янаға ауруханадан шыққаннан кейін бір ай "Ксарелто" дәрісін, дәрумендер жиынтығын және "Ферталь" препаратын ішуге және учаскелік дәрігерге жиі тексеріліп тұруға, бір жарым-екі айдан кейін тағы да компьютерлік томографияға түсуге кеңес берген. Қазір Яна денсаулығына байланысты еңбек демалысында.

– Дәрігер мен телемедицина операторына жағдайымды айтып отырамын. Коронавирустың әсерін әлі күнге сеземін. Әлі де түске қарай қызуым көтеріліп, дел-сал күйге түсемін. Бір ғана газды жуғанның өзіне үлкен үйді тазалап шыққандай шаршап қаламын. Аяғымда ауырлық сезіледі, – дейді Яна.

Яна дәрігерлердің демалыссыз жұмыс істеп жүргеніне назар аударады.

– Қазір дәрігерлерге қиын, олар ауыр жағдайда жұмыс істеп жатыр. Қосымша дәрігерлер штаты болса, демалуға мүмкіндік болар еді. Олар бірнеше сағат қана демалып, үзіліссіз жұмыс істеп жүр, – дейді ол.

"ЖАСТАР МЕН АУРУ БЕЛГІСІ ЖОҚ НАУҚАСТАРДЫҢ ДА ҚАНЫ ҚОЮЛАНҒАН"

Алматы тұрғыны Динара наурызда жөтеліп, басы мен тізесі ауыра бастаған. Ол өзіне коронавирус жұққанын анықтаған ПТР-тест нәтижесі шыққанға дейін ешқандай дәрі қабылдамай, сұйықты көп ішуге тырысқан. Бірақ көп ұзамай ауруханаға түскен.

– Жақсы ойда болуға тырыстым. Қорқыныш болды, әлі де бар. Бірақ көбіне салдарын ойлап қорықтым. Тамақты бір рет пайдаланылатын ыдыстарға құйып, дәл сондай қасық, шанышқы берді. Бөтелкедегі су көп болды. Басында тамырыма дәрумендер салды. Кейін сараптамадан қан қоюланғаны белгілі болды. Сондықтан ішіме қанды сұйылтатын "Гепасан" препаратын салып, вирусқа қарсы "Номидес", "Ас-тромбин", асқазанға "Омез" дәрісін, кейінірек "Цеф III" антибиотигін бере бастады. Жүрегімді кардиограммаға, бір аптадан кейін кеудемді рентгенге түсірді. Бастысы, көп су ішіп, әр сағат сайын тыныс алуға арналған жаттығулар жасау керегін айтты, – дейді Динара.

Коронавирус жұқтырған науқасқа дәрі салып жатқан медицина қызметкері. Ақтөбе, сәуір, 2020 жыл.
Коронавирус жұқтырған науқасқа дәрі салып жатқан медицина қызметкері. Ақтөбе, сәуір, 2020 жыл.

Динара науқастардың бәрінде, тіпті жас әрі ауру белгісі жоқ адамдардың өзінде қан қоюланғаны байқалғанын айтады. Оларға "Ксарелто", "Астромбин" дәрілерін беріп, кейін қайта қан тапсыру керегін ескерткен.

– Ешқандай салдары болмайтын шығар деп үміттенемін. Ауруханаға жатып, дәрігерлердің бақылауында болғаныма қуаныштымын. Басында ауру белгілері жеңіл деп ойлағаныммен, сараптама қорытындысынан коронавирустың сәл кешігіп жарылатын бомба сияқты әсер ететінін білдім. Бұл жерде қанның қоюлануы туралы айтып отырмын. Дер кезінде қолға алмаса, мұның қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндірудің қажеті жоқ шығар деп ойлаймын, – дейді Динара.

Динара өзі емделген аурухана дәрігерлеріне алғыс білдіріп, медицина қызметкерлері жетіспейтініне куә болғанын айтты.

– Оларға қиын: науқас өте көп. Әсіресе, тамырға дәрі салғызып жатқан науқастардың құтыдағы препараты таусылған кезде барлық палатадан мейіргерді шақырған дауыс естіле бастайды. Осындай кезде медицина қызметкерлері жетіспейтіні айқын сезіледі. Дәрігерлер өте сыпайы. Мүмкін мұндай дерт кезінде сабырлы болу керегін түсінетін шығар. Өйткені адамдар ғылымға әлі толық белгісіз вирус жұқтырғанын ойлағанның өзінен стресс алады ғой, – дейді Динара.

"ХАТТАМАНЫ ІШІП АЛҒАН АДАМ ЖАЗҒАН БА?"

Алматы тұрғыны Әзиза (кейіпкердің сұрауымен аты-жөні өзгертілді) 2020 жылғы наурызда және 2021 жылғы ақпанда екі рет тест тапсырып, коронавирус жұқтырғанын білген.

– Өкпемді компьютерлік томографияға түсірдім, таза шықты. Бірақ иммунитетім қатты түсіп кетті. Салдары қатты болды: аллергиям күшейді, тісім бүліне бастады, көру қабілетім нашарлады, D дәруменінің мөлшері күрт азайды. Шынымен өте қауіпті вирус. Төтеп беру қиын. Былтыр дәрілер тізімін де алмадым, өзім бас тарттым. Өкінішке қарай, олар (дәрігерлер) шынымен қалай емдеу керегін білмейді. Мысалы, парацетамол мүлде көмектеспейді. Емдеу хаттамасын демалыста жүріп, ішіп алған патологанатом жазған сияқты әсер қалдырады. Тәжірибелі, өзін сыйлайтын дәрігерлер ыстық түсіретін дәрілерден басқа препарат бермейді. Ыстығым көтерілген жоқ. Пәтерде жалғыз өзім тұрдым. Таиландтан әкелген "Тиффи" деп аталатын дәріні іштім. Сол көмектесті. Лимон қосылған шайды көп іштім, – дейді Әзиза.

Әзиза таныстарына спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауамен тыныстауға кеңес береді.

– Өмір бойы спортпен айналысып келемін, сондықтан көп ауыра бермеймін. Қазір қайтадан дене жаттығуын жасауды бастадым, ағзамды қалыпқа келтіру керек, – дейді Әзиза.

Коронавирус жұқтырған науқастар жатқан аурухананың "қызыл аймақ" деп аталатын бөлігінде жүрген медицина қызметкері.
Коронавирус жұқтырған науқастар жатқан аурухананың "қызыл аймақ" деп аталатын бөлігінде жүрген медицина қызметкері.

"БІР ДӘРІГЕ 300 МЫҢ ТЕҢГЕ КЕТТІ"

Сәмиға – Орал қаласының тұрғыны. Сәуірде ағасы мен жеңгесі бірдей ауруханаға түсіп қалған. Басында олар үйде емделген, учаскелік терапевт антибиотик дәрілер жазып берген, бірақ науқастардың жағдайы жақсара қоймаған. Соңында ерлі-зайыпты өкпенің екіжақты пневмониясы диагнозымен ауруханаға түскен. Дәрігерлер туыстарына дәріханадан вирусқа қарсы Үндістанда өндірілген "Ремдисивир" препаратын алу керегін айтқан. Бұл дәрінің бір ампуласы 25-30 мың теңге тұрады.

– Бір ампуланы 25 мың теңгеге таптық. Емге алты данасы керек. Ауруханада жатқан ағам мен жеңгеме 12 ампула алдық. Бұған 300 мың теңге кетті. Дәрігер "дәл осы дәрі көмектеседі" деді. Айтуынша, өте күшті дәрі екен, тіпті Эбола вирусын да емдейтін көрінеді, бірақ теріс әсері көп. Бұл дәріні тамырға 6-7 сағат бойы салады. Ағамның әйеліне түні бойы, сағат 23-тен таңғы беске дейін салды. Қазір жағдайлары жақсы, үйде емделіп жатыр, – дейді Сәмиға.

Сәмиға "қымбат дәрілерді науқастар мен олардың туыстары сатып алатын болса, бұған екінің бірінің жағдайы жете бермейді ғой" деп уайымдайды.

– Әрең тыныстап жатқан әйелді көрдім. Жағдайы ауыр екені көрініп тұрды. Оның мұндай дәрі сатып алуға ақшасы бар деп ойламаймын. Сонда оның хәлі не болады?

"ЛЯНЬХУА ЦИНВЕНЬ ЦЗЯОНАН" – ДӘРІ ЕМЕС

Қазақстандықтар WhatsApp мессенджерінде бір-біріне Covid-19 вирусына қарсы Қытайдың Ляньхуа Цинвень Цзяонан деп аталатын, "ғажап әсері бар" дәрісі туралы ақпарат жібере бастаған. Yiling Pharmaceutical Co.Ltd компаниясының өнімі Қытайда "биологиялық қоспа" ретінде тіркелген. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Азаттықтың сауалына "2021 жылғы 8 сәуірдегі дерек бойынша, дәрілік заттардың мемлекеттік реестрінде "Ляньхуа Цинвэнь" деген препарат тіркелмеген" деп жауап берді. Ведомство сондай-ақ Lianhua Qingwen дәрісінің Covid-19 вирусына қарсы қауіпсіз әрі тиімді екенін дәлелдейтін дерек жеткіліксіз екенін, мемлекеттік реестрде Қытайдан шығарылған вирусқа қарсы дәрілік препараттар жоғын хабарлады.

Коронавирусқа қарсы вакцина салдыру үшін кезек күтіп отырған адамдар. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.
Коронавирусқа қарсы вакцина салдыру үшін кезек күтіп отырған адамдар. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.

Инфекциялық бөлім меңгерушісі, Алматыдағы фтизиопульмонология орталығының пульмонологы, фтизиохирург Абзал Малбасқанов стационарға "Ляньхуа Цинвэнь" дәрісі мен соған ұқсас препараттар ішкен науқастар түскенін айтады.

– Тиімділігін көрген жоқпыз. Тиімді болса, науқастар стационарға түспес еді. Әдетте былай болады: олар ауырады, таныстарынан сұрап, хаттамада жоқ дәрілерді іше бастайды. Бұл дәрілер ашық сатылады. Бірнеше күн ішкеннен кейін ауруханаға, кейде бірден жан сақтау бөліміне түседі, – дейді Малбасқанов.

– Бізде біреу ауырса, "көз тиді" немесе "суық тиді" деп айтады. Құйрық май ішіп, асқазан-ішек жолдарына зиян келтіріп, созылмалы ауруларды асқындырып жібереді. Былтыр "коронавирус жұққан адамдар зімбір қосылған шай ішуі керек" деген жалған ақпарат тарады, – дейді инфекционист. Ол жалған ақпаратқа сену хаттама бойынша уақытылы ем жүргізуге кедергі келтіретінін айтады.

ЖОҚ ЖЕРДЕН ЖАУ ІЗДЕУ

Дәрігердің айтуынша, клиникалық хаттама коронавирустың кесірінен асқынуы мүмкін созылмалы және басқа да ауруларды ескеріп, вирусқа қарсы күрес жүргізуге негізделген.

– (Коронавирус) белгілері жаңа байқалса немесе науқас адаммен байланыс болса, бірінші кезекте, ПТР-тест тапсырып, өзге адамдардан оқшауланған жөн. Коронавирус қан тамырына зақым келтіреді, сондықтан жылы суды көп ішу керек. Қан қоюланбауы үшін аспирин ішкен дұрыс. Сараптама қорытындысы дайын болғанша, 2-3 күн көп су ішіп, қабынуға қарсы стероидті емес дәрі, мысалы, "Ибупрофен" ішуге болады. Ол аурудың ауыр түрге өту қаупін азайтып, науқастың қызуын түсіріп, вирустың көбеюіне жол бермейді. "Ксефокам", "Диклофенак" дәрілерін де қолдануға болады. Аталған дәрілердің әсер ету механизмі бірдей: бәрі жасушалардың қабынуын тоқтатады, – дейді дәрігер.

Ол ПТР-тест нәтижесінде ағзасында коронавирус бары анықталған науқас жағдайына байланысты ауруханаға жатқызылатынын айтады.

– Бізде науқастар бірнеше топқа бөлінеді. Бірінші топ – ауыр науқастар. Екінші топ – орташа деңгейде ауырған адамдар. Үшінші топ – жеңіл формада ауырғандар немесе бірінші топта болып, беті бері қараған азаматтар. Олардың ағзасында вирус жоқ. Жеңіл формада ауырған немесе ауру белгісі жоқ науқастар үйде емделеді. Олардың жағдайын мобильді топ және телемедицина бақылайды. Бәріне берілетін кеңес: суды көп ішіп, С, В дәрумендерін қабылдап, дұрыс тамақтану керек. Ішек флорасын қалпына келтіру маңызды. Майы тез сіңетін сорпа, сұйық тамақ ішу қажет. Менталитетіміздің ерекшелігін ескерсек, мұндай тағам – тауық, сиыр не жылқы етінің сорпасы болуы мүмкін. Жалпы алғанда, дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Неге жастар мен балалар коронавирусты жеңіл өткереді? Өйткені оларда тамақтың ішек жолдары арқылы жылжуы жақсы жүреді, ағзасы тез тазарады. Коронавируспен ауырған кезде цитрус өнімдерінен аулақ болған дұрыс, олардан көбіне аллергия болады, – деп ескертеді маман.

Ресейдің коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын қабылдап отырған адам. Алматы, 17 сәуір 2021 жыл.
Ресейдің коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын қабылдап отырған адам. Алматы, 17 сәуір 2021 жыл.

Инфекционист РНК-вирустан туатын аурулар кезінде антибиотик ішу барлық кезде бірдей дұрыс шешім бола бермейтінін айтады.

– Антибиотик ішіп, жоқ жерден жау іздей беретін болсақ, бауыр мен асқазанға зақым келтіріп, дисбактериозға шалдығуымыз мүмкін. Ал біздің иммунитетіміздің 90 пайызы асқазан-ішек жолдарымен байланысты. Антибиотиктерді дәрігердің рецепті бойынша, ауру асқынып, бактерия пайда болған кезде ғана ішкен дұрыс, – дейді сарапшы.

Абзал Малбасқанов науқастың жағдайына байланысты емдеу хаттамасы бойынша қандай дәрілер ішу керегін түсіндіріп, әр науқастың дерті ерекше болатынын, сондықтан бәріне арналған ортақ рецепт жоғын ескертті.

– Коронавирусқа қарсы ем жоғын түсіну керек. Осыған байланысты конспирологиялық теориялар, болжамдар мен әртүрлі дүниелерді ойлап тауып жатады. Сондықтан тексерілген ақпараттарды ғана оқып, түсініксіз препараттарды ішпеу керек. Соғыс пен әртүрлі қайғылы оқиғалар кезінде халықтан пайда көруге тырысатын адамдар табылады. Бастысы, маркетинг құрбанына айналмау керек, – дейді Малбасқанов.

Дәрігер-белсенді Қайырғали Көнеев денсаулық сақтау саласында желілік маркетинг бұрыннан барын, өкінішке қарай, мұны реттеудің заңды механизмдері жоғын айтады.

– Басқа қырынан алғанда, денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселемен айналысқысы келмейді. Дәрігердің жалақысы жақсы болса, ол емдеу хаттамасына кірмейтін дәрілерді ішуге кеңес бермес еді. Иә, медицина ұйымдарының кей қызметкері науқастарды биологиялық белсенді қоспалар сататын саудагерге жіберіп, "менен келдім деп айтсаңыз жеңілдік жасайды" деп айтады. Мұндай жағдайлар бұрын да болған, сондықтан пандемия кезіндегі оқиғалар жаңалық емес, – дейді Көнеев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG