Accessibility links

Індетпен күрескен бір жыл. Қазақстанда не өзгерді?


Алматы көшесіндегі Covid қаупі жайлы ескерту жазылған баннер. Көрнекі сурет.
Алматы көшесіндегі Covid қаупі жайлы ескерту жазылған баннер. Көрнекі сурет.

13 наурызда Қазақстанға коронавирус індеті келгеніне бір жыл толады. Алғашқы науқас тіркелгеннен үш күн өткен соң елде төтенше жағдай жарияланып, шекарадан кіріп-шығу шектелді, қоғамдық орындар мен мектептер жабылып, көп мекеме қашықтан жұмыс істеуге көшті. Індет Қазақстанға келген бір жылда не өзгерді?

КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСКЕ БІР МИЛЛИАРД ДОЛЛАР

Қазақстан коронавируспен күреске бір миллиард доллардан аса қаржы бөлді. Нақтырақ айтсақ, республикалық бюджеттен алдымен 326 млрд теңге (шамамен 785 млн доллар), кейін тағы 145 млрд теңге (349 млн доллар) бөлінді.

Оның 115,4 миллиарды денсаулық саласына берілді. Бұл қаржы медицина қызметкерлерінің үстемақысына, мобильді аурухананың құрылысы мен тепловизорлар сатып алуға жұмсалған.

Коронавирус пандемиясы кезінде дәріханадан шығып келе жатқан адам. Алматы 9 желтоқсан 2021 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде дәріханадан шығып келе жатқан адам. Алматы 9 желтоқсан 2021 жыл.

71 миллиард теңге білім және ғылым министрлігіне бөлінді. Қаржы қашықтан білім беруге және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына компьютер техникасын сатып алуға жұмсалды.

30,8 миллиард теңге еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Ол қаржы төтенше жағдай кезінде адрестік көмек алатындарға, 1- 3 топ мүгедектері мен мүгедек баласы бар ата-аналарға төленген.

27,6 миллиард теңге индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді. Бұл сомаға үш мыңнан аса өкпе желдеткіш аппарат сатып алынған.

8,1 миллиард теңге ішкі істер министрлігіне бөлінді. Бұл қаржы эпидемиямен күреске атсалысқан ішкі істер министрлігі мен ұлттық гвардия қызметкерлеріне үстемақы ретінде төленген.

Әділет министрлігіне берілген 5,6 миллиард теңге сот-медициналық сараптамаға жұмсалған.

Ведомствоаралық байланысты қамтамасыз ету үшін цифрлық даму министрлігіне 4,1 млрд теңге берілген.

Аймақтар арасына орнатылған блок-бекеттер жұмысын қамтамасыз ету үшін қорғаныс министрлігіне 1,3 миллиард теңге жұмсалған.

Ал коронавирусқа қарсы шаралар жөнінде ақпарат беріп, түсіндіріп отыру үшін ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне 200 млн теңге бөлінген.

"ПАНДЕМИЯ ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНАСЫНА ДҰРЫС ДИАГНОЗ ҚОЙДЫ"

Сарапшылардың айтуынша, бұл пандемия ең алдымен халық денсаулығының және жалпы медицина саласының жағдайы аса мәз мес екенін бірден байқатты. Елде сегіз мыңнан аса дәріхана болғанымен, індет өршіген жаз айларында қарапайым парацетамол мен аспирин таба алмағандар көп болды. Өкпе желдеткіш аппарат жетіспей, кей азаматтар асар жасап, сатып алып жатты. Осылайша пандемия медицина жүйесінің дәрменсіздігін көрсетті дейді медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев.

– Пандемия Қазақстан медицинасына дұрыс диагноз қойды, мұны жақсы тенденция дер едім. Бұған дейін денсаулық саласы оқшау, томаға-тұйық әрі дамымаған жүйе болатын. Онда не үкіметтің, не президент әкімшілігінің шаруасы жоқ еді. Ал қоғам жігерсіз болды. Ондағы тамыр-таныстық пен жемқорлық тамыры тереңге жайылған. Пандемия мұның барлығын әшкерелеп, шиқанның бетін жарды. Міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің қауқарсыздығы анықталғанда, үкіметтің өзі сасып қалды. Есіңізде болса, коронавирус кезінде медицина саласының шенеуніктері апта құрғатпай ұсталып жатты. Бұл халық үшін де, жүйе үшін де ауыр болды, дегенмен бұл оның дерттен айығуына өте қажет еді, – деді Көнеев.

Ақтөбе медицина орталығында науқастың рентген суретін қарап отырған дәрігер.
Ақтөбе медицина орталығында науқастың рентген суретін қарап отырған дәрігер.

Денсулық саласының сарапшысы Мақсат Мамаевтың сөзінше, індет таралған кезде ведомствоаралық байланыстың нашарлығы білінді және алғашқы медициналық көмектің маңызды екені анық байқалды.

– Пандемия стационарға басымдық беріп, жаңа ауруханалардың ауқымды құрылысына ден қоюға үйретті деген пікір бар. Covid-пен күрес кезінде де ауруханаға басымдық беру жалғасты, тіпті клиникалық хаттамада ұзақ уақыт бойы амбулатория деңгейінде емделуге қатысты бөлім болмады. Ал бұл – біржақты ойлаудың белгісі. Ауруханаларда барлығы сарқылып қалды: тиімді дәрі-дәрмек те, оттек аппараты да, төсек-орын да жетіспеді, өкпе желдеткішіне қосылғандардың тірі қалу көрсеткіші аз болды. Іс жүзінде пандемия алғашқы медициналық-санитарлық көмектің, эпидемиологиялық қадағалаудың, еңбек қауіпсіздігінің және медицина қызметкерлері білігінің аса маңызды екенін көрсетті, – дейді сарапшы.

Билік жұртты індеттен қорғай алды ма? Парламент депутаттарының пікірі

"Бәрі жасалды, басқасына адамдар кінәлі". Билік жұртты індеттен қорғай алды ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:34 0:00

Дүниежүзілік банк сарапшылары 2020 – Қазақстан үшін соңғы жиырма жылдағы ең күрделі жыл деп отыр. Пандемия 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстан да ауыр тиді. 2020 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанның негізгі экспорты – мұнай бағасы тым арзандап, бір баррель мұнай бағасы 21 долларға дейін түсті.

Ел ішіндегі экономикалық белсенділік әлсіреп, былтырғы қаңтар-қыркүйек айларында ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) 2,8 пайызға төмендеген. Алдыңғы жылы ЖІӨ 4,1 пайызға жоғарылаған еді.

Сарапшылар елдегі кедей саны 14-16 пайызға артты деп болжайды. Пандемия сауда және транспорт, қонақ үй бизнесі мен қоғамдық тамақтану секілді қалалық жердегі жұмыс орындарына кері әсер етті.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, індет Қазақстандағы жұмыссыздық пен кедейлік деңгейінің статистикасы дұрыс жүргізілмейтінін ашып берді. "Жағдайды неғұрлым шынайы сипаттамасақ, оның тетіктері де, оған қатысты қабылданатын шешімдер де тиімді болмайды" дейді сарапшы.

Коронавирус карантині кезінде жабылған "Артем" сауда орталығын ашуды талап етіп тұрған кәсіпкерлер. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.
Коронавирус карантині кезінде жабылған "Артем" сауда орталығын ашуды талап етіп тұрған кәсіпкерлер. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.

Дегенмен, пандемия оң әсер еткен секторлар да бар. "Бұған дейін дұрыс дамымай келе жатқан онлайн қызметтер ілгері басты, интернет жетпей жатқан ауылдарға интернет тартты, осы мәселеде біраз жұмыс атқарылды. Яғни, пандемия жалпы экономиканың цифрлануына үлкен ықпалын тигізді. Оның нәтижесі де жоқ емес" деген Мақсат Халық Transparency International ұйымының жемқорлық рейтингін мысалға келтірді. Ол бойынша, 180 елдің ішінде Қазақстан 124-орыннан 94-орынға шыққан. Сарапшы "бұл елде сыбайлас жемқорлық азая бастағанын көрсетеді" деп санайды.

Бұған қоса, "той-томалақтан көз ашпай келе жақан Қазақстан жұрты үшін пандемия үлкен сабақ болды" дейді Мақсат Халық. "Тойсыз-ақ, жиынсыз-ақ баланы үйлендіруге болатынын түсіндік. Демек осы уақытқа дейін көбіне ысырап жасап жүргенімізді енді ұғып жатырмыз" дейді экономист.

Пандемия кезінде Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдері көп қымбаттады. Билік бағаны ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырғанын мәлімдеген.

Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов былтыр 10 желтоқсанда өткен үкімет отырысында бір жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,6 пайыз өскенін айтты.

– Бұған валюта бағамы мен әлемдік бағалардың өсуі әсер еткен. Мысалы, негізінен Ресейден импортталатын қант пен қарақұмық бағасы 33,6 және 34,6 пайыз өскен. Өсімдік майы (53,8 пайыз), картоп (46,1 пайыз) сияқты экспортқа шығарылатын жекелеген тауарлар да қымбаттаған, – деді министр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне кіретін 19 тауардың 8-і 30 пайызға дейін қымбаттаған.

"САЯСАТТЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫНАН ЖОҒАРЫ ҚОЮ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ"

Пандемия жылында Қазақстанда "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң қабылданды. Жаңа заңда жиын туралы билікке ескертіп, оның рұқсатын күту сынды ескі шектеулер сақталып қалды. Халық наразылық шарасын билік бекіткен жерлерде ғана өткізе алады.

Жаңа заң қабылданғанымен, елде бейбіт митинг өткізу жеңілдеген жоқ. Рұқсат етілген митингіден гөрі рұқсат етілмегені көп болды. 2020 жылдың жазынан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде әкімдіктер жиын өткізгісі келген белсенділердің өтінішін жиі кері қайтарды. Митинг өткізуге рұқсат алғандарының өздері адам саны, тақырыбы, өтетін орны, уақыты бойынша қатты қадағаланды. Митингіге қатысушы адамдардың, тіпті олар ұстаған плакат мазмұнының "тақырыптан ауытқымауын" билік өкілдері қадағалап, ескерту жасайтын болды.

Коронавирус пандемиясы кезінде оппозицияның наразылық акциясына шыққан азаматты полиция қызметкерлері күштеп әкетіп барады. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде оппозицияның наразылық акциясына шыққан азаматты полиция қызметкерлері күштеп әкетіп барады. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

Бейбіт жиындар жақындаған кезде жер-жердегі белсенділердің үйін тінту, қамау, аңду фактілері де жиіледі. Жалғыз адам пикетіне шыққандарға да әкімдік жиі ескерту жасап, қорқытып-үркітеді. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис билік пандемия кезінде азаматтық қоғамға деген көзқарасын еш өзгерткен жоқ деп санайды.

– Саясатты адам құқығынан жоғары қою жалғасып келеді. Билік қоғамды қамқорлыққа алып, бақылап, қадағалау керек деді, "ол – тең құқылы серіктестен гөрі бақылауға алып, аңдуға, өзгеше ойлайтындарды, тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларды қудалауға болатын нысан" деген ұстанымнан таймай келеді. Ал бейбіт жиын туралы жаңа заң, бейбіт митингіге шыққандарды ұстау, кеттлинг әдісі, саяси оппозицияны қудалау, саяси соттар, қоғамдық іспен айналысуға тыйым салатын ондаған сот шешімдері – осы ұстанымның технологиясы мен әдістері, – дейді құқық қорғаушы.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "еститін мемлекет" болып, халық үніне құлақ асамыз деп жариялағанымен, әзірге тек тыңдап қана отыр" дейді Жовтис.

"ОҚУШЫЛАР 1-3 ЖЫЛҒА АРТТА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ"

Былтыр наурыздан бастап онлайн оқуға көшкен оқушылар биыл кезек-кезегімен мектепке бара бастады. Наурыздан бастап мектепке бітіруші сыныптар және бастауыш мектеп оқушылары барды. UniverSity білім алу технологиялар бюросының жетекшісі Жанна Меңдібаева "Қазақстан білім жүйесі қашықтан оқуға мүлде дайын емес болып шықты" дейді.

– Бір жыл бұрын бізде қашықтан білім беру жүйесі мүлде жоқ екенін байқадық. E-learning деген жүйе туралы көп сөз болып, тіпті қомақты қаржы да бөлінді, бірақ біз дайын болмай шықтық. Қашықтан оқуға, қазіргі қоғамға қажетті интернет ресурстарды пайдалуға әзір емес екенбіз, – дейді ол.

Шымкент қаласындағы №38 мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп тұрған мұғалім. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.
Шымкент қаласындағы №38 мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп тұрған мұғалім. Шымкент, 2 наурыз 2021 жыл.

Сарапшының айтуынша, бұрын оқушылар мектепке барып жүргенде жұрт оқулық сапасына, сабақ мазмұнына мән бермеген. Балалар үйде оқи бастағанда "бәрі әшкере болды" дейді Меңдібаева.

Оның үстіне пандемия әлеуметтік алшақтықты, аймақтар арасындағы айырманы да айғақтап берді дейді маман. "Кей аудандарда мүлде интернет жоқ, ал кей аймақтарда ата-ана баласына гаджет алып бере алмайды. Бұл өте ауыр сынақ болды" дейді Жанна Меңдібаева.

Оның айтуынша, білім министрлігі сабақ беру формасын таңдауда мектептерге еркіндік бермей, олардың мүмкіндігін шектеп отыр.

– Біздегі білім жүйесі түгел қолмен басқарылатынын аңғардық. Цифрландыру дейміз, ал іс жүзінде ол жұмыс істемейді. Меніңше, министрлік (Қазақстанның білім және ғылым министрлігі – ред.) процесті үнемі бақылауда ұстап, мектептерге таңдау еркін бермей келеді. Кей мектептер ресурстарын, контингентін және ата-ана мүмкіндіктерін жақсы түсінеді, соларға ерік берілмейді. Сонау Солтүстік Қазақстан облысының түкпіріндегі ауыл мен Алматы мектептерін салыстыруға келмейді, – дейді Меңдібаева.

Оның сөзінше, бір жылдан кейін пайда болған жаңа проблема – оқушылардың бағдарламадан артта қалуы.

– Қазір көп мұғалім оқушылардың өз деңгейінен 1, кейде тіпті 3 жылға дейін қалып қойғанын айтады. Бұл оқу процесі дұрыс жүрмегендіктен болды. Себебі мектеп оқушылары бағдарламаны өз бетінше меңгере алмайды. Мұнда ұйымдастыру да, тәрбие де, мониторинг те қажет. Пандемия мектептің білім деңгейі мен ондағы академиялық саясаттың қандай екенін көрсетті. Жаһандық рейтинигтерде неге үнемі көш соңында жүретінімізді түсінген секілдіміз. Себебі біздің құралдар әр оқушының нәтижесіне емес, тек реформаға ғана бағытталған, – дейді Жанна Меңдібаева.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG