Accessibility links

Азық-түліктің қымбаттауына "кінәлі" пандемия ғана емес


Нұр-Сұлтандағы базарда ең арзан жұмыртқаның 30 данасы 1170 теңгеден сатылып жатыр.
Нұр-Сұлтандағы базарда ең арзан жұмыртқаның 30 данасы 1170 теңгеден сатылып жатыр.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде ауыл шаруашылық өнімдері қымбаттады. Билік бағаны ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырғанын айтады, ал отандық өндірушілер субсидия көлемін арттыруды сұрап отыр.

Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов былтыр 10 желтоқсанда өткен үкімет отырысында сөз алып, бір жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,6 пайыз өскенін айтты. Министр жоғары шенді шенеуніктердің әдетімен сандық деректерді салыстырмалы түрде көрсетті. Нәтижесінде, баға өспегені, керісінше, 2019 жылмен салыстырғанда 0,6 пайыз арзандағаны белгілі болды. Министрдің дерегінше, бағаның "күрт" өсуі (4,1 пайыз) төтенше жағдай кезінде тіркелген.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне кіретін 19 тауардың 8-і 30 пайызға дейін қымбаттаған. Бағасы қатты өскен тауарлардың қатарында импортқа тәуелді қант пен қарақұмық бар.

Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

– Бұған валюта бағамы мен әлемдік бағалардың өсуі әсер еткен. Мысалы, негізінен Ресейден импортталатын қант пен қарақұмық бағасы сәйкесінше 33,6 және 34,6 пайыз өскен. Өсімдік майы (53,8 пайыз), картоп (46,1 пайыз) сияқты экспортқа шығарылатын жекелеген тауарлар да қымбаттаған, – деді министр.

Биыл ақпанның басында үкіметте сөйлеген Сұлтанов "былтыр бағаның 11 пайыз өсуіне импортқа тәуелді және экспортқа бағытталған бес тауар әсер еткен" деп мәлімдеді.

Министр бағаны ұстап тұру үшін әкімдіктерге бұл мәселені "қатаң бақылауға" алуды және ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісін арттыруды тапсырды. Билік жақында республика аумағында 24 көтерме-тарату орталығын салуды жоспарлап отыр. Министрдің айтуынша, 2022 жылы Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында, Алматы, Жамбыл және Павлодар облыстарында осындай жеті орталық іске қосылады.

"ПАНДЕМИЯҒА ДЕЙІН АМАЛДАУҒА БОЛАТЫН"

Бағасы өскен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірі – жұмыртқа. Былтыр жұмыртқа бағасы ресми түрде жеті пайыз өскен. Бірақ астанадағы кей базар мен дүкенде жұмыртқаны бір жыл бұрынғымен салыстырғанда екі есе қымбат сатып жатыр.

Зейнеткер Любовь Новомодная "Шапағат" базарынан жұмыртқа сатып алып тұр. Нұр-Сұлтан, 15 ақпан 2021 жыл.
Зейнеткер Любовь Новомодная "Шапағат" базарынан жұмыртқа сатып алып тұр. Нұр-Сұлтан, 15 ақпан 2021 жыл.

Зейнеткер Любовь Новомодная азық-түлікті астананың ескі орталығындағы "Шапағат" коммуналды базарынан сатып алады. Ол матадан тігілген сөмкесінен бірнеше рет пайдаланылған, жұмыртқаға арналған пластик ыдысын шығарды. Сатушы зейнеткерге он жұмыртқа салып берді.

– Қанша? – деді зейнеткер.

– Бес жүз…

– Ал сен маған қайсысын салдың? – деді Любов Новомодная.

– Әдетте өзіңіз сатып алатын ірісін, – деді сатушы.

– Ой, жоқ. Одан да 430 теңгелігін бер…

Сатушы қарт әженің жағдайын түсініп, ірі жұмыртқаларды көлемі кіші түрлеріне ауыстыра бастады.

– Бұрын амалдауға болатын. Пандемия басталғалы бәрі қымбаттап шыға келді. Былтыр мыналар 320 теңгеден сатылған. Үнемдеуге тура келеді. Жұмыртқаның құр өзін жей бермейміз. Көбіне қамырға қосып, құймақ пісіруге пайдаланамыз. Жақында зейнетақыға бірнеше мың теңге қосады екен деп айтылып жүр. Ал баға қазірдің өзінде көтеріліп кетті. Бұлай ақша қосқанынан не пайда?! Қазір 71 мың теңге [шамамен 170 доллар] аламын, – дейді зейнеткер.

Бақытжан Тұрлыбай бірнеше жылдан бері базар аумағына кіреберісте жұмыртқа сатумен айналысады. Ол тұтынушыға қазақстандық төрт түрлі өндірушінің өнімін ұсынады. Сауда қызып жатыр. Тұрлыбайдың айтуынша, орташа есеппен алғанда он жұмыртқа салынған қаптаманың бағасы 60 теңгеге өскен. Ең арзан жұмыртқаның 30 данасы – 1350 теңге (2020 жылы 900 теңгеден сатылған), ең қымбаты – 1560 теңге тұрады.

– Адамдар үстіне өздері қосып отыр деп ойлайды. Бірақ біз әр жұмыртқаға екі теңгеден ғана қосамыз. Сауда орнын жалға алғаным үшін 170 мың теңге төлеймін. Бұл жақсы баға деп ойлаймын. Бәрі адамның сұранысына байланысты ғой, – дейді саудагер.

30 жұмыртқа салынған қаптама былтырғымен салыстырғанда екі есе қымбаттаған.

Базар ішінде ең арзан жұмыртқаның 30 данасы 1170 теңгеден сатылып жатыр.

– 30 жұмыртқа салынған қаптама былтырғымен салыстырғанда екі есе қымбаттаған. Он жұмыртқа 200 теңгеден болатын, – дейді сатушы Елена.

Коммуналды базарға қарама-қарсы орналасқан "Магнум" дүкендер желісінде он жұмыртқадан тұратын қаптаманы 445-555 теңгеге сатып алуға болады.

Астананың үкімет пен билік өкілдері отыратын сол жағалауындағы қарапайым азық-түлік дүкендерінде мұндай қаптаманың бағасы 630 теңгеге жетеді.

"Шапағат" базарындағы жұмыртқа сататын орындардың бірі. Нұр-Сұлтан, 15 ақпан 2021 жыл.
"Шапағат" базарындағы жұмыртқа сататын орындардың бірі. Нұр-Сұлтан, 15 ақпан 2021 жыл.

"ЖАБЫЛУҒА ШАҚ ТҰР"

Қазақстандағы 12 құс фабрикасын біріктіретін жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының өкілі әлемде құс жемі қымбаттап, тауардың үстіне қосылатын баға бақылаудан шығып кеткенін айтады.

Қауымдастық басшысы Максим Божконың айтуынша, құс еті мен жұмыртқасына қойылған өзіндік бағаның 60-70 пайызын жем дайындауға қажет өнімге кететін шығын құрайды. Бұл өнімдер Қазақстанда өндірілгенімен, кейінгі үш айда оның бағасы бірнеше есе өскен.

– Бүкіл әлемде пандемия салдарынан ғана емес, дәнді дақыл өндіретін елдерде егіннің бітік шықпауынан бидай, жүгері, күнбағыс, соя мен өсімдік майы қымбаттады. Әсіресе, құс шаруашылығында қолданылатын соя мен жүгері бағасы өсті. Қазақстан да аталған тауарларды өндіріп, экспортқа шығарумен айналысады. Тиісінше, әлемдік бағаның өсуі ішкі нарыққа да әсер етті, – дейді Божко.

Қауымдастық басшысының дерегінше, кейінгі үш-төрт айда өндірістің өз бағасы 30 пайыз артқан.

– Мысалы, бұрын он жұмыртқадан тұратын қаптама 250 теңге тұрса, қазір ол 350 теңгеге дейін өсті. Фабрика табыс табу үшін бұған үстеме ақша қосады. Сонда фабрикадан шығатын он жұмыртқаның бағасы орташа есеппен алғанда 400 теңге болады. Ары қарай жұмыртқаны көтерме бағамен алатындар, жеткізушілер мен дүкендер қосатын ақша бар. Олардың әрқайсысы 10-20 пайыздан қосады. Ең соңында тұтынушы қазіргідей бағаға сатып алады. Бір де бір дүкен үстіне өзіміз көп ақша қосып отырмыз деп айтпайды. Ол үшін тексеру жүргізіп, реттеу керек, – дейді Максим Божко.

Оның пікірінше, қазір қандай да бір болжам жасау қиын, өйткені құс жемінің бағасы әлі де өсіп жатыр.

– Мысалы, жазда соядан жасалған жемнің тоннасын 200 мың теңгеден сатып алатынбыз, қазір оның бағасы 320 мың теңгеге жетті. Құс жемі ары қарай да қымбаттай берсе, құс өнімдерінің бағасы да өсетін болады. Әлемдегі дәнді дақылдар бағасына болжам жасай алмаймын, – деді ол.

Қазақстандағы жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының дерегінше, былтыр елде құс тұмауынан 2,6 миллион тауық қырылғаннан кейін бес тауық фабрикасының жұмысы тоқтаған.
Қазақстандағы жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының дерегінше, былтыр елде құс тұмауынан 2,6 миллион тауық қырылғаннан кейін бес тауық фабрикасының жұмысы тоқтаған.

Божконың айтуынша, былтыр құс тұмауы өршігеннен кейін (ресми дерек бойынша, 2,6 миллион тауық қырылған) елдегі жұмыртқа шығарумен айналысатын бес тауық фабрикасының жұмысы тоқтаған.

– Олардың кейбірі ғана тауық санын қалпына келтіре бастады. Бұған кемі бір жыл уақыт керек. Екі фабрика құс тұмауына дейін, 2020 жылы көктем мен жазда жабылып қалған. Олар бәсекеге төтеп бере алмай банкрот болды. Отандық құс шаруашылығы саласындағы қиын жағдай бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Сондықтан бұл саланы мемлекет қолдауынсыз қалдыруға болмайды. Онсыз бұл бизнеспен айналысу қиын. Оның үстіне, ресейлік өндірушілер тарапынан бәсеке қатты. Ол жақтағы құс фабрикалары әлдеқайда ірі, олардың құс жемі мен өнімнің өзіндік құны да арзанырақ, – дейді қауымдастық басшысы.

Божко бір жыл бұрын қазақстандық құс фабрикалары елді жұмыртқамен 100 пайыз, ал құс етімен 55 пайыз қамтығанын айтады. Қазір құс етін өндіру көлемі артып келе жатқанымен, жұмыртқа өндірісі 25 пайыз кеміген.

Қазақстандағы құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов мемлекет жемнің кемінде 25 пайызына субсидия бөліп, жеңілдетілген несие беріп, қойма салып, жем өндірісін арттырып, тауарды өндірушіден дүкенге тікелей жеткізуді ұйымдастырып, құс шаруашылығын сақтандырып, құсқа бюджет есебінен екпе салуы керек деп есептейді.

Одақ басшысының сөзінше, 2020 жылға дейін өндірушілер әр жұмыртқа үшін екі-үш теңгеден 100 пайыз субсидия алып келсе, енді билік көмек көлемін елу пайызға қысқартқан.

– Отандық өндірушілер құс балапанын, ветеринарлық препараттар, минералды қоспалар, құрылғылар, құрғақ өнімдер мен дәрумендерді Ресей мен Еуропадан валютаға сатып алады. Пандемия мен шекараның жабылуына байланысты шетелден келетін тауар уақытылы жетпей қалды, – дейді Руслан Шәріпов.

Оның дерегінше, жұмыртқа шығарумен айналысатын 34 құс фабрикасының жалпы қуаты 4000 миллион жұмыртқа шығаруға жетеді. Жалпы өндірістің 51 пайызы бес фабрикаға ("Когер ЛТД" ЖШС, "Қазгер құс" ЖШС, "Жас қанат 2006" ЖШС, "Ижевский" өндіріс кешені және "Агрофирма Құрма" ЖШС) тиесілі.

11 ақпанда сенатор Сұлтан Дүйсембинов премьер-министрге жолдаған сауалында отандық құс фабрикаларының бір бөлігі жабылуға шақ тұрғанын айтып, оларға қолдау көрсетуді сұрады.

БАҒАНЫ ҰСТАП ТҰРУ МЕХАНИЗМДЕРІ

Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда департаменті әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын сараптау басқармасының басшысы Рашид Жорабеков ведомство бағаны ұстап тұру үшін "нарық механизмдерін" пайдаланып отыр дейді. Мысалы, министрлік өңірлерде бағаны тұрақтандыру қорларын құрып жатыр. Олардың жұмысын үйлестірумен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар айналысады.

– Азық-түліктің бағасы арзан болатын маусымда қорлар тауарға толады. Баға күрт өсетін аралық маусымда олар тауарды саудаға шығарады. Осылай бәсеке қалыптастырып, бағаның қымбаттауына жол бермейді. Екінші механизм – жеңілдетілген қарыз беру. Сауда желілері мен әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер бағаны ұстап тұруға келіседі. Осы үшін оларға 0,01 пайызбен несие беріледі. Яғни, бір жылға дейінгі уақытқа өсімсіз қарыз алады. Бұл осындай екіжақты жоба, – дейді Рашид Жорабеков.

Басқарма басшысы тиімді санайтын механизм негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты ірі қалаларда қолданылады.

– Одан бөлек, әкімдіктер ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізеді. Былтыр "Егістік алқабынан сөреге" бағдарламасы басталды. Сауда желілері тауарды ауыл шаруашылық өнімдерін өсірумен айналысатын шаруадан тікелей сатып алуы үшін оңтүстік өңірлерге бір миллиард теңгеден бөлінді, – деді ол.

Шенеуніктің сөзінше, әкімдік жанындағы комиссия әлеуметтік маңызы бар тауарларға шектік бағаны бекітеді. Одан жоғары баға қойғандарға айыппұл салынады. Қазір бағаға осындай шектеу Алматы қаласы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында енгізілген.

– Баға негізінен объективті себептерге байланысты өсіп жатыр. Ұлттық валюта бағамы төмендеді. Әлемдік баға өскен кезде ел ішіндегі баға да артады. Тауар өндірушілерге өнімін ел ішінде сатуға қарағанда, шетелге шығару тиімді болады, – деді Рашид Жорабеков.

"ҚАЗАҚСТАНДА НАРЫҚ ЭКОНОМИКАСЫ ЖОҚ"

Экономист Айман Тұрсынхан бағаның өсуін несие мөлшерлемесімен байланыстырады.

– Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған несие мөлшерлемесі – 16-56 пайыз. Бұл кез келген тауар мен қызметтің өз бағасының 30 пайызын "жеп қояды". Салыстыру үшін, Қытай, АҚШ пен Еуропада несие мөлшерлемесі 40 пайыздан аспайды, – дейді экономист.

Экономистің пікірінше, бағаға әсер ететін тағы бір фактор – салық.

Экономист Айман Тұрсынхан.
Экономист Айман Тұрсынхан.

– Саудагер немесе өндіруші осы жүктеменің бәрін тұтынушының мойнына артуға мәжбүр. Әр жолы бөлке нан сатып алған кезде, оған төлеген ақшаның 12 пайызын салық ретінде мемлекетке аударасыз. Мемлекет тұтыну салығының дифференциалды мөлшерін бекіту арқылы салықты реттей алады, – дейді Айман Тұрсынхан.

Экономистің сөзінше, 2020 жылы пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде бұл бағытта "аздаған" талпыныс жасалған. Наурыздың ортасынан қазанның соңына дейін әлеуметтік маңызы бар 19 тауарға салынатын қосымша құн салығы 12 пайыздан 8 пайызға дейін кеміген.

– Бұл бағаны ұстап тұруға едәуір үлес қосып, әкімдік қызметкерлерінің базар аралап, баға тексеріп жүргеніне қарағанда әлдеқайда тиімді нәтиже берді. Бірақ бұл шара жеткіліксіз болды. Монополистер ықпалының артуы және тауар өндірушілер импорт өнімдеріне тәуелді жағдайда шекті тарифтер мен баға енгізу арқылы бағаны реттеу мүмкін емесін көрсетіп отыр. Тексеру кезінде саудагерлер қандай баға көрсетсе де, шын мәнінде тауарды басқа бағамен сатады. Мемлекет бұған ештеңе істей алмайды. Шығынға батып тауар сатқанша, жабылып қалған оңай, – дейді Тұрсынхан.

Экономистің айтуынша, нарықта таза бәсеке шарты бұзылған кезде баға құбылмалы болады.

– Қазақстанда нарық экономикасы жоқ. Экономиканың 65 пайызы әртүрлі ұлттық компаниялар мен олармен байланысы бар құрылымдар арқылы квазимемлекеттік сектордың үлесінде. Бәсекені қорғап, нарықтағы монополияға қарсы күресу керек, – дейді экономист. Ол нарықтағы қазіргі жағдай бір ғана өндірушінің тауарын сататын жалғыз дүкені бар ауылға ұқсайтынын айтады.

Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайда өндіруші де, сатушы да бағаны "өз қалауынша" қояды, ал тұтынушының бағаға ықпал етуге мүмкіндігі болмағандықтан, еріксіз көніп, тауарды сол бағада сатып алудан басқа амалы қалмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG