Accessibility links

Экология министрлігі: Қазақстанда киіктер 800 мыңнан асты


Жайылып жүрген киіктер. Ақмола облысы, тамыз айы 2020 жыл.
Жайылып жүрген киіктер. Ақмола облысы, тамыз айы 2020 жыл.

Қазақстанда соңғы екі жылда киіктер 334 мыңнан 842 мыңға дейін көбейді. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің айтуынша, киіктер көрсеткіші соңғы рет 2019 жылы тіркелген, былтыр пандемияға байланысты есеп жүргізілмеген.

Ақпаратқа қарағанда, Қазақстанды киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді үш популяциясы мекендейді. Жануарлардың дүниежүзілік популяциясының (Saiga tatarica tatarica) 90% - дан астамы – Қазақстанда.

Министрліктің мәліметінше, 90 жылдардың соңында 2000 жылдардың басында киіктер саны бір миллионнан 21 мыңға дейін азайып кеткен. Оған негізінен түрлі аурулар мен браконьерлік себеп болған.

"Осыған орай 2005 жылы тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері мен киіктерді сақтау жөніндегі алғашқы бағдарлама қабылданды. Төлдеу, қыстау және көші-қон кезеңінде киіктер шоғырланатын негізгі жерлерде оларды қорғаудың тиімділігін арттыру үшін "Ырғыз-Торғай" (Ақтөбе облысы) және "Алтын дала" (Қостанай облысы) мемлекеттік табиғи резерваттары құрылды. Киіктерді заңсыз аулағаны үшін жауапкершілік шараларын күшейту мақсатында 2012 жылы үкімет қаулысымен киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстанның бүкіл аумағында 2020 жылға дейін пайдалануға тыйым салынды. Бұл мерзім кейінірек 2023 жылға дейін ұзартылды" делінген ведомство хабарламасында.

Қазақстанда 2019 жылы браконьерлікке қатысты заңнама қатайтылып, ол үшін 12 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Ведомство елде киіктерді қорғау мақсатында "Ақбөкен" табиғатты қорғау акциясының жыл сайын өткізіліп тұратынын да еске салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG