Accessibility links

"Салығын біз төлейміз, шөбін киік жейді". Батыс Қазақстанда киік көбейді, бұған не себеп?


Батыс Қазақстан облысын мекендейтін киік. 2017 жылы түсірілген сурет.
Батыс Қазақстан облысын мекендейтін киік. 2017 жылы түсірілген сурет.

Батыс Қазақстан облысының үш ауданындағы шаруалар көбейіп кеткен киіктің зардабын тартып жатыр. "Егінді таптап, шөпті тып-типыл еткен дала жануары үкіметтен несие алып күнелтіп жатқан ауыл халқын тақырға отырғызады" деген тұрғындар үкіметтен көмек күтеді.

"АРПАҢДЫ КИІК ЖЕПТІ ДЕП КРЕДИТТІ СҰРАМАЙ ҚОЙМАЙДЫ"

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында мал өсіріп, егін салумен айналысатын Тұрсын Ошақов бұл өңірге 2016 жылы Алматыдан көшіп келген. 15 жылдай елдегі ең ірі қалада тұрған Тұрсын ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге өсімі аз кредит беріледі дегенді естіп, туған өңіріне қайтыпты.

– Үкімет "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 15 миллион теңге кредит берді. Шаруаларға арналған лизингке техника да алдым. Кәсібімді дөңгеленте бастағанда күтпеген жағдайға тап болып отырмын, – дейді ол.

Тұрсын Ошақов 2020 жылы Ресей мен Қазақстан шекарасында жатқан Сарыөзеннің жанына 50 гектар жерге арпа еккен. Қараусыз жүрген бірлі-жарым мал түспесін деп егісті айналдыра жеңіл тоқ жүргізген. Электр тоғы тигенде егіске түспек болған жылқы мен сиыр дереу қайтады. Арпаны күнұзақ малдан қоруға бұл да таптырмайтын көмек. Алайда алқап тәп-тәуір көтеріліп келе жатқанда қалың киік төтеннен келіп, егінді бір-ақ күнде шегірткеше жайпап кетіпті.

Қазақ даласындағы лағын ерткен ұрғашы киіктер. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.
Қазақ даласындағы лағын ерткен ұрғашы киіктер. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.

– Отарымен жөңкіліп жеткен қалың киік электр тоғын елең қылмайды екен. Баса-көктеп, гу етіп өте шығады. Ай мен күннің аманында жабайы жануарға жем болдық. "Арпаңды киік жепті" деп кредитті сұрамай тұрмайды. Биыл тағы да егемін. Күні-түні басында жатсақ та амалдау керек, – дейді шаруа.

Тұрсынның егісі ғана емес, мал жаятын жайылымы да киіктің "меншігіне" өткен. Бір шетіне жақындасаң дүр етіп көтерілген киік алыстан қарағанда теңіздің толқынындай көрінеді. Қазір лақтайтын кезі болған соң, бәрібір сол өңірден ұзамай айналсоқтайды. Төлдейтін жері – Тұрсынның жайлауы. Әне-міне төлдегелі жүрген киікті қаттырақ қууға рұқсат жоқ, қорықшылар көрсе айыппұл салады.

– Жердің салығын біз төлейміз, шөбін киік жейді. Егіс еге алмасақ, мал жая алмасақ кредитімізді қалай қайтарамыз? Үкімет ол үшін өтемақы бермейді. Киік кейінгі бір-екі жылда шектен тыс көбейіп кетті, бір амалын табыңдар деп жоғары жаққа қаншама рет жаздық, ешкім құлақ аспайды. Жалғыз мен емес, Жақсыбай ауылында 40 шақты шаруа қожалық бар. Көрші ауданның шаруалары да киіктің зардабын тартып отыр, – дейді ол.

"КИІКТЕР РЕСЕЙ ШЕКАРАСЫНАН ӘРІ-БЕРІ ӨТІП ЖҮРЕ БЕРЕДІ"

Жәнібек ауданымен іргелес Казталов пен Бөкей ордасы ауданының шаруалары да "киік шабуылынан" зардап шегіп жатырмыз деп шағынды. Олар 2 мамырда көл жағасына жиналып, блогерлерге мұңын шағып, басқа түскен қиындығын өкіметке жеткізуді сұраған.

Шаруалардың көл дегені – қолдан жасалған суқойма. Қалың қар ерігенде рәсуа болмасын, малға су болсын деп совет үкіметі ұзындығы 100, ені 50 метр ойпаң жерді трактормен тереңдете қазып, суат жасаған.

Көктемгі жауын-шашынмен толып, біртіндеп тұнатын көл суын төңіректегі шопандар екі-үш ай пайдаланады. Осы суға да киік келетін болған.

Мыңдаған киік қатар түскенде суқойма кәдімгідей ортайып қалады дейді жергілікті жұрт.

Су ішіп жатқан киік. Алматы облысы, 18 қаңтар 2011 жыл.
Су ішіп жатқан киік. Алматы облысы, 18 қаңтар 2011 жыл.

Жәнібек ауданы Талов ауылының тағы бір шаруасы Елдос Іргебаев та киіктің зардабын шегіп жүргенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі үш жылдағы құрғақшылыққа киік мәселесі қосылып, шаруалардың еңбегі зая кетіп жатыр.

– Біздің жақта киік бұрын бір-екі жүз мыңнан аспайтын, қазір шамамен миллионға жуық киік бар-ау. Қыста құмға кетіп, төлдеуге осы жерге келеді. Қара күзде құмға кетеді. Оған дейін үш ауданның жерінде көгерген шөпті тып-типыл етеді. Үш жылдан бері 1200 гектар жерімнен шөп шаба алмай жүрмін. Бос жатқан жерді де шаба алмаймыз, бәрін киік жайпап тастайды, – дейді ол.

Тұрсын мен Елдостың сөзінше, бұл төңіректе киіктің көш жолына тосқауыл болатын ештеңе жоқ. Батыс Қазақстан облысының үш ауданында төлдеп, Атырауға қыстайтын киіктер ішінара Ресейге де кете береді. Шекарадан қалаған уақытында әрі де, бері де өтіп кетеді.

– Мыңдаған киік жөңкілгенде шекараның тікенек сымы бұйым болмайды. Алдыңғы киік тіреліп тоқтағанымен, лықсып келген отар тікенек сымды бұзып кетеді. Тіпті, өзеннің тік жарынан секіріп те арғы бетке жүзіп өте береді. Бірнеше күннен кейін қарасаң қалың бұлттай жөңкіліп мыңдаған киік шекараны бұзып қайта келе жатқанын көресің. Киік бұзған жерден Ресейге қарай мал да өтіп кетіп жатады. Ондай малды қайтара алмайсың. Сондықтан малды алысқа ұзатпай бағамыз, – дейді Тұрсын Ошақов.

Ресей құрамындағы Қалмақ республикасында далада жайылып жүрген киік.
Ресей құрамындағы Қалмақ республикасында далада жайылып жүрген киік.

"250-300 МЫҢДАЙ КИІК ТАҒЫ ЛАҚТАЙДЫ"

Қазақстанда киік – мемлекет қорғауына алынған, сирек кездесетін жануар. Осыдан бірнеше жыл бұрын киік жаппай қырылып, қоғам назарын аударған. Сондықтан киік көбейіп, кедергі келтіріп жатқаны таңғаларлықтай естілуі мүмкін. Алайда эколог Нұрлан Сәдірдің айтуынша, кейінгі үш жылда бұл Батыс Қазақстанда таңғаларлық жайт болудан қалған.

– Киіктің күрт көбеюі қуаңшылықпен тұспа-тұс келді. Су іздеген киіктер ауыл маңына жақындай түскен сияқты. Бұрын Жаңақала мен Бөкей ордасы аудандарының елсіз жерінде жүретін. Мемлекет қорғауында болғандықтан, жергілікті шаруалар киікке қандай амал қолданарын білмей отыр. Бұл мәселені "Ауыл" партиясының жиынында да көтердім, нәтиже шықпады, – дейді эколог.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серік Жарылғапов аудан басшыларымен, шаруа қожалықтары иелерімен сөйлескенін айтады.

– Қазір киік Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарына шоғырланған. 2019 жылдың санақ қорытындысы бойынша киік саны 200 мыңнан асқан. Биылғы санақтың қорытындысы шыққан жоқ. Бұл мәселені үкімет шешпесе, жергілікті билік шеше алмайды, – дейді ол.

Киік лағы. Қарағанды облысы, 19 мамыр 2018 жыл.
Киік лағы. Қарағанды облысы, 19 мамыр 2018 жыл.

"Охотзоопром" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның Жәнібек ауданындағы инспекторы Талғат Кенжеахметовтің сөзінше, киік саны миллионға жете қоймаған, бірақ еселеп көбейіп жатқаны рас.

– Қазір киік саны шамамен 400-500 мың болып қалуы мүмкін. Алғашқы төлдегенде кейбірі жалқы туады, одан кейінгі ешкілерінің бәрі егіз туады. Биыл Жәнібек ауданында шамамен 250-300 мыңдай киік лақтайды. Біздің мақсатымыз – киікті қорғау, – дейді ол.

Қазақстан үкіметі халықаралық Қызыл кітапқа енген киікті атуға салынған мораторийді 2020 жылы тағы да екі жылға ұзартқан. 2000 жылдардың бас кезінде жарияланған бұл мораторий әр үш жыл сайын ұзартылып келеді.

"СОВЕТ ОДАҒЫ КЕЗІНДЕ КИІК АТЫП, ЕТІН КОМБИНАТҚА ӨТКІЗГЕН"

Азаттық тілшісі сөйлескен шаруалар шектен тыс көбейген киік санын совет билігі кезінде қалай реттейтінін еске алды. Инспектор Серік Мәженовтің айтуынша, совет өкіметі киік қатты көбейген кезде мемлекеттік мекемеге киік атуға рұқсат беріп, етін ет комбинатына өткізіп отырған.

Киіктің жаралы лағы. Ақмола облысы, 6 тамыз 2020 жыл.
Киіктің жаралы лағы. Ақмола облысы, 6 тамыз 2020 жыл.

Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, Совет одағында Еділ-Жайық популяциясы 215-240 мыңнан аспаған. Одан әріге жайылым жетпейтіндіктен, артығының еті пайдаланылған, тіпті экспортқа да шығарылған.

Маманның сөзінше, Еділ-Жайық популяциясы Үстірт, Бетпақдала популяцияларымен араласпайды және ол жерлерге жерсінбейді.

– Батыс Қазақстан облысында киікке арналған "Бөкей Ордасы" деген резервация құрылып жатыр. Киік сол резервацияда бақылауда болады. Биылғы киік санағы қорытындысы мамырдың соңына дейін шығады. Сонан кейін киік санын реттеу жөнінде нақты шешім қабылданады, – дейді ол.

Ресми мәліметтерге қарағанда, совет өкіметі тарайтын 1991 жылы Қазақстандағы киік саны 825 мыңға жеткен. Оның ішінде Бетпақдала популяциясы 357 мың, Үстірт популяциясы 232 мың, Еділ-Жайық популяциясы 236 мың болған.

1995 жылы киік жаппай қырылып, жалпы саны 212 мыңға түскен. 2003 жылы үш популяциядан небәрі 21 мың киік қалған. Оның ішінде Бетпақдала популяциясы 1800, Үстірт популяциясы 12800, Еділ-Жайық популяциясы 6500 бас қана қалған.

Жаппай қырылып қалған ұрғашы киіктер мен төлдері. Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.
Жаппай қырылып қалған ұрғашы киіктер мен төлдері. Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

2015 жылы Қазақстан даласында киік тағы да жаппай қырылған. Бетпақдала популяциясының 242 500 киігінен 36 200 ғана қалған. Еділ-Жайық популяциясы сол жылы керісінше, 51 мыңнан 71 мыңға дейін көбейген.

2019 жылғы санақ қорытындысы бойынша, Қазақстанда барлығы 334 400 киік бар. Бетпақдала популяциясы 111 500, Үстірт – 5 900, Еділ-Жайық популяциясы 217 мыңға жеткен. Коронавирус індетіне байланысты 2020 жылы киік санағы жүргізілмеген.

"КИІК КӨП, ЖЕР АЗ"

Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкері Серік Мәженов киік Қазақстанның "Қызыл кітабына" енбегенін, аңшылық мақсатындағы жануарлар тізімінде тұрғанын, бірақ кезең сайын күрт азайып отыратындықтан, мемлекет киікті арнайы қорғауға алғанын айтады.

Қазақ даласындағы киік. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.
Қазақ даласындағы киік. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.

Серік Мәженовтің сөзінше, Қазақстанда киіктің үш популяциясы бар, олар – Бетпақдала, Үстірт және Еділ-Жайық (Орал) популяциясы. Бетпақдала популяциясы Қазақстанның орталығындағы бес облыста, Үстірт популяциясы Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында жүреді, аздап Өзбекстанға өтеді. Орал популяциясы Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің шекаралас өңірлерінде тіршілік етеді.

– Үстірт популяциясының көш жолдарына жаңадан салынған теміржол, автотрасса кедергі жасайды дегенді естиміз. Ал бізде Орал популяциясының көш жолдарында кедергі жоқ. Шекарадағы тікенек сымға да қарамайды. Экологиялық коридор қалдыру жөнінде шекара қызметіне ұсыныс бердік, олар өздері де сұраған болатын. Бірақ түз жануары оған бара ма, жоқ па белгісіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы өзге екі популяция қатты қырылды. Бізде де өлді, бірақ өте көп емес. Ешкім тиіспесе, киік – тез көбейетін жануар. Қазір Еділ-Жайық популяциясы өзге екі популяциядан әлдеқайда көп, бірақ тіршілік ететін жері анағұрлым аз, – дейді ол.

Қазақ даласындағы киік. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.
Қазақ даласындағы киік. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.

"ЖАҢА ҚҰРЫЛЫСТАР МЕН ЖОЛДАР, ТРАНСПОРТТЫҢ КӨБЕЮІ ӘСЕР ЕТУІ МҮМКІН"

Алматыдағы зоология институтының Териология лабораториясының меңгерушісі Алексей Грачев институтқа киік көбейгені жайлы әртүрлі шағым түсіп жатқанын айтты.

– Бұл – кешенді зертеуді керек ететін мәселе. Киік қана емес, жергілікті халықтың малы да көбейіп жатқан болар. Сондықтан су, шөп тапшылығы сезіле бастауы мүмкін. Бірақ киік пен мал совет кезінде де аз болған жоқ. Биылғы санақ нәтижесі шыққаннан кейін ғана қорытынды тұжырым жасай аламыз. Басқа екі популяцияға қарағанда Орал популяциясының тіршілік ортасы қолайлырақ деуге болады, миграциясына да айтарлықтай кедергі жоқ. Дегенмен Жайық бойында жаңа құрылыстар мен жергілікті жолдардың пайда болуы, транспорттың көбеюі әсер етуі де мүмкін. Мұның бәрі кешенді зерттеуден кейін ғана анықталады. Біз бұл жөнінде үкіметке ұсыныс жасағанбыз, – деді маман.

Киік тағдыры: жол ма, жазық па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:48 0:00

Облыстық мәслихат депутаты Серік Жарылғапов та "жаңадан салынған автотрассалар мен теміржол желілері киіктің үйреншікті көш жолына кедергі болуы мүмкін" дейтін болжамдарды теріске шығарады.

Депутаттың сөзінше, киіктер бұл өңірге жаңадан келмеген, олардың байырғы көш жолы бұзылмаған, жаңадан автотрасса немесе теміржол түспеген. Атырауға, Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов облыстарына бұрын да баратын, қазір де барып жүр. Негізгі мәселе киіктің тым көбейіп кеткенінде болып тұр.

Алексей Грачевтің "Қазақпаратқа" айтуынша, "мемлекет кезінде киік санын көбейту үшін көп қаражат жұмсаған. Қазір олар енді ғана көбейіп келеді, яғни шарықтау шегіне жеткен жоқ".

"Малдың жайылымы мен суатын киік тартып алды ма, әлде керісінше болды ма, соның басын ашып алу керек. Себебі бұл - киіктің бұрыннан бергі мекені. Ал кейбір популяциясының саны белгілі бір деңгеңге жетті екен деп, оларды пайдалана беру дұрыс емес" дейді Алексей Грачев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG