Accessibility links

Путин Батыс елдерінің Беларусьтегі ұшақ дауына реакциясын "эмоцияның көрінісі" деп атады


Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи. Ресей. 28 мамыр, 2021 жыл.
Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи. Ресей. 28 мамыр, 2021 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь басшысы Александр Лукашенконың жұмадағы кездесуі бес сағатқа созылды. Сочиде өткен бұл кездесудің қорытындысы ақпарат құралдарына хабарланған жоқ.

Ресейдің Сочи қаласында өткен басқосуда Беларусьтің жолаушы ұшағын Минскіге күштеп қондыруына әлемнің реакциясы сөз болды.

Ресей президенті Владимир Путин Беларусь төңірегіндегі жағдайды "эмоцияның көрінісі" деп атады. Ол 2013 жылы Боливия президенті Эво Моралес мінген ұшақты Венаға қондыру оқиғасын еске алды. Ryanair ұшағы Минскіге қондырылған кезде Ресейдің Кремльге жақын ақпарат құралдары осы оқиғаны еске салған.

Путин Беларусьтегі ұшақты бұрып әкету оқиғасына көп тоқталмай, екі ел арасындағы тауар айналымы, одақтық мемлекет құру барысы туралы көбірек айтты.

Лукашенко Батыс елдерінің өз әуе кеңістігіне Беларусь әуекомпаниялары ұшақтарын жібермеу шешімі "Белавиа" компаниясына ауыр тиетінін айтты және қолдау көрсеткені үшін Ресейге алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Мәскеудің Беларусьті айналып ұшатын ұшақты өз кеңістігіне өткізбей қойғанын Минскіге көрсетілген қолдау деп бағалады (ал ресми органдар мұны техникалық себептермен түсіндірген). Путин бұл пікірге қарсылық білдірген жоқ.

  • Путин мен Лукашенко кездесуінен түсірілген видеода тараптар Минскіге бұрылған ұшақтан тұтқындалған беларусьтық блогшы Роман Протасевич пен оның ресейлік досы София Сапеганың аты-жөнін атамайды. Батыс елдерінің пікірі бойынша, Беларусь басшылығы Протасевичті қолға түсіру үшін Афиныдан Вильнюсқа ұшып бара жатқан ұшақтың бағытын мәжбүрлеп бұрғызған.
  • Кездесу кезінде Лукашенко Путинге Ryanair ұшағын қондыруға қатысты әлдебір құжаттарды көресететінін айтты.
  • 2013 жылы Ресейден Боливияға ұшып бара жатқан Моралес мінген ұшақ Еуропаның бірнеше елі өз әуе кеңістігінен өткізбей қойған соң, Венаға қонуға мәжбүр болған. Испания, Италия және Франция бортында АҚШ құпия қызметінің құжаттарын жариялағаны үшін іздеу салынған Эдвард Сноуден болуы мүмкін деген күдікпен ұшақты өткізбей қойған. Ұшақта Сноуден болмай шыққан.
  • 23 мамырда Беларусь басшылығы бортында бомба болуы мүмкін деген күдік барын айтып, Афины-Вильнюс рейсін Минскіге бұрғызған. Тексеру кезінде бомба табылмады. Александр Лукашенко бомба туралы хабар Швейцариядан электронды поштамен келді деп мәлімдеген. Бірақ кейін мұндай хаттың ұшақты бұру туралы пәрмен берілгеннен соң ғана пошта жәшігіне түскені белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG