Accessibility links

"Мені мұнда өлім жазасы күтіп тұр". Минскіге қонуға мәжбүр болған ұшақ жолаушылары не дейді?


Беларусь әскерилері ұшақтағы жүктерді тексеріп жатыр. Минск, 23 мамыр 2021 жыл.
Беларусь әскерилері ұшақтағы жүктерді тексеріп жатыр. Минск, 23 мамыр 2021 жыл.

Афиныдан Вильнюске ұшып бара жатып, кенет Минскіге бұрылған Ryanair ұшағының жолаушылары борттың ішіндегі жағдай жайлы айтып берді.

23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болды. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп Ryanair ұшағын Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист Роман Протасевичті тұтқындады.

"ЖАБЫҚ ЖЕРДЕ ЖЕТІ САҒАТ ОТЫРДЫҚ"

Ұшақта болған жолаушы Ренатс Рутиньш "Настоящее время" сайтына берген сұхбатында рейс қалыпты жағдайда ұшып келе жатып, кенет бағытын өзгерткенін айтады.

- Ұшақ іші тыныш болды. Стюардесса кенет ұшақ Минскіге қонатынын айтты. Не себеп болғанын түсінбедік. Кейін пилот Вильнюс әуежайындағы проблемаға байланысты Минскіге қонамыз деді. Ұшақта есікті қашан ашады деп ұзақ отырдық. Кейін Беларусь тарабынан адамдар кірді. Бізді шағын-шағын топпен сыртқа шығара бастады. Заттарымызды жерге қоюды сұрады, иттер тексерді. Осыдан соң автобусқа отырғызды. Артынан тағы бір-екі рет тыңғылықты тексерді. Ештеңе білмедік. Не болып жатқанын түсінбедік. Кейін Twitter арқылы жаңалықтарды біле бастадық. Басында ұшаққа бомба қойылыпты деді, кейін Романды ұстамақ болғанын білдік. Романды біздің жанымыздан алып кетті. Ол өте сабырлы көрінді. Біз бір жабық залда жеті сағаттай отырдық. Сонда отырғанда интернет мен ұялы байланыс өшіп қалды. Мұны жай қалдыруға болмайды. Әйтпесе бұл қалыпты жағдайға айналады.

"ҰШАҚ ҚОНАДЫ ДЕГЕНДЕ РОМАН ЗАТТАРЫН РЕТТЕСТІРЕ БАСТАДЫ"

Мантас есімді жолаушы Reuters агенттігіне "ұшқыш борт Минскіге қонады дегенде Роман орнынан тұрып, сөмкесіндегі заттарды реттестіре бастағанын" айтады.

- Ешкім бомба я террорлық әрекет туралы айтпады. Минскіге қонғанда өрт сөндіргіш машиналар мен полиция көліктерін көрдік. Нақты қанша адам болғанын айта алмаймын, бірақ шамамен елудей адам жүрді. Минскіге қонамыз дегенде Роман орнынан тұрып, жоғарыдағы жүк қойғышты ашып, сөмкесін алып реттестіре бастады. Компьютер, телефондарын жанында отырған қызына берді. Меніңше, ол кішкене қателескен сияқты. Себебі заттарының бәрін қызына бермей, басқа жолаушыларға таратып бергені дұрыс болар еді. Қызы да ұсталған сияқты. Ал жолаушыларға бергенде кейін біз ол заттарын қайтарып берер едік.

Афины-Вильнюс ұшағының Минскіге бұрылған сәті.
Афины-Вильнюс ұшағының Минскіге бұрылған сәті.

Бортта болған литвалық 37 жастағы Раселле Григорева ABC News сайтына ұшақ кенет бағытын өзгерткенде жолаушылар қатты қорыққанын айтады.

"Біз бәріміз қорқып кеттік, себебі ұшақ апатқа ұшырай ма деп ойладық. Лайнер күтпеген жерден қатты бұрылды. Ұшақта бұрын мұндайды көрмеген едім" деді ол.

Аты-жөнін атамаған тағы бір жолаушы литвалық Delfi сайтына Роман Протасевич ұшақ Минскіге бұрылғанда үрейлене бастағанын айтады.

- "Біз не болып жатыр?" деп сұрағанымызда Роман: "мені мұнда өлім жазасы күтіп тұр" деді.

Оның сөзінше, ұшақтан жолаушылар шыққан соң беларусьтік арнайы жасақ Протасевичті басқа жаққа алып кеткен.

"Ол кезде Роман сабырлы көрінді, бірақ дірілдегенін байқадым. Оның жанынан полицей шықпай бақылап жүріп алды. Кейін бір топ полицей келіп, оны алып кетті" дейді жолаушы Delfi сайтына.

Батыс елдері Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконы оппозициялық журналист Роман Протасевичті ұстау үшін Ryanair ұшағын Минскіге әдейі қондырды деп айыптап, Беларусь билігіне санкция салуға шақырды.

Беларусь режимі журналист Протасевичті қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

Беларусьтің БелТА мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Лукашенко "бомба жарылу қаупіне байланысты" Ryanair ұшағын Минскіге дейін ертіп жүру үшін МиГ-29 әскери ұшағын жіберген.

Ұшақ Минскіге қонған соң полиция Протасевич пен қалыңдығын ұстаған. Ryanair ұшағы бірнеше сағаттан соң Вильнюске ұшуға рұқсат алған. Әуе компаниясы Литва астанасына бес жолаушы келмей қалғанын хабарлады.

РОМАН ПРОТАСЕВИЧ КІМ?

Роман Протасевич – былтыр тамыздағы президент сайлауынан кейінгі наразылық акцияларынан хабар таратқан NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі.

Былтыр қарашада Беларусь билігі "жаппай тәртіппсіздіктерді ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздық туғызды" деген күдікпен Роман Протасевич пен оның әріптесі Степан Путилаға қарсы тергеу бастаған еді.

"Бұл Беларусь арнайы қызметі белсенді, блогер Роман Протасевичті ұстау үшін жүргізген операция екені анық" деп жазды оппозиция лидері Светлана Тихановская.

Оппозиция мен халық былтырғы президент сайлауында Светлана Тихановская жеңіске жетті деп санайды. Қауіпсіздігіне алаңдаған ол Литваға көшуге мәжбүр болған.

Роман Протасевич
Роман Протасевич

1994 жылдан бері билікте отырған Лукашенко 2020 жылы президент сайлауында жеңіске жетті деп хабарланған соң елде жаппай наразылық басталды. Содан бері билік 30 мыңнан астам адамды ұстап, жүздеген адамды ұрып-соқты, журналистерді қудалай бастады.

Былтыр қазан айында Минскідегі сот NEXTA Live арнасын "экстремистік медиа" деп танып, ақпарат министрлігіне арна жұмысын шектеуді тапсырды. Беларусьте NEXTA Live бұғатталған.

Роман Протасеич пен Степан Путила қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған. Олардың қайда кеткені белгісіз болған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG