Accessibility links

Лукашенко қарсыластарына қалай сес көрсетіп жатыр?


Наразылыққа шыққандардың бірі елде тыйым салынған ақ-қызыл тумен тұр. Минск, 2020 жылдың тамызы.
Наразылыққа шыққандардың бірі елде тыйым салынған ақ-қызыл тумен тұр. Минск, 2020 жылдың тамызы.

Беларусьтің авторитар басқарушысы Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп жүрген қарсыластары енді оппозицияның түсі саналатын ақ-қызыл шұлық кисе де жауапқа тартылуы мүмкін. Лукашенко қарсыластарының аузын жабу үшін қорқыту амалдарын күшейтуге кірісті.

Елдегі қауіпсіздік қызметінің қатігездігі мен түрмелердегі жағдаймен жақсы таныс оппозиция лидері Денис Урбановичті 21 сәуірде Минск көшесінде ұрлап әкетіп, азаптаудың "синониміне" айналған изолятордың біріне қамады.

"АУА БУЛАНЫП, ДЕМАЛА АЛМАЙ ҚАЛДЫҚ"

Елде тыйым салынған "Жастар фронды" қозғалысының лидері Урбанович келесі күні үш минутқа созылған сот процесінен кейін айыпты деп танылып, Окрестина көшесіндегі адамға толып қалған аты шулы түрмеге қамалды.

Денис Урбанович
Денис Урбанович

Окрестинадағы түрменің жағдайымен жақсы Урбанович күзетшілердің жаңа тактикасына таң қалған.

- Ол жерде ыстық болды. Шелек толы хлорды шашады. Ауа буланып, демала алмай қалдық. Көзіміз жасаурап, тамағымыз жыбырлады. Әрі-бері теңселіп жүрдік. Мұндайда аузыңды сумен шайғың келеді, - деді Урбанович "Настоящее время" телеарнасына.

Окрестинада хлордың қолданылғанын сонда қамауда болған тағы бір адам жария түрде айтты. Бақылаушылар бұл Лукашенко оппозиция өкілдерін жою үшін агрессияға көшкенін дәлелдей түседі дейді.

Қазір Беларусьте баннерде не шұлықтағы ақ-қызыл түс қамауға алуға немесе айыппұл салуға себеп болуы мүмкін. Бұл елде ақ-қызыл түс оппозицияның белгісі саналады.

Беларусь билігіне 1994 жылы келген 66 жастағы Лукашенко парламентке билікті сынағандар мен наразылыққа шыққандарға жазаны күшейтетін заң қабылдауға итермеледі. Журналистердің рұқсат етілмеген митинг орнынан хабар таратуын және оны интернетте көрсетуін қылмыс деп танитын тағы бір өзгеріс қаралып жатыр.

Былтыр 9 тамызда Лукашенконың сайлауда жеңіске жеткені хабарланғаннан кейін елде наразылық өршіді. Наразылар сайлау кезінде жаппай дауыс ұрланғанын алға тартты және оппозиция кандидаты, Светлана Тихановская жеңді деп санайды. Наразылықтар кезінде 30 мыңнан астам адам ұсталды. Үкімет қатаң жазалау шаралары кезінде мыңдаған адамды ұрып-соғып, азаптады.

"Весна" орталығының хабарлауынша, Беларусьте 369 саяси тұтқын бар. Оппозиция лидерлерінің көбі түрмеде отыр немесе елден қашқан. Сонымен қатар наразылықтар туралы хабар таратқан жүздеген журналист те қудалауға түскен.

АВТОРИТАР РЕЖИМ БЕ?

Лукашенко наразылықты қаралау үшін "оппозиция Вашингтонның қолдауымен өзіне және отбасына қастандық жасап, билікті құлатпақ болды" деп салды. Бұл сөзден соң ішкі істер министрлігінің қызметкері режимге қарсы шыққандарды "құтырған иттер" деген.

"Елде қоғамның наразылығы әлі басылған жоқ, Лукашенко режиміне қарсылық күшейіп тұр. Адамдарда жұмыс жоқ, кейбірі елден кеткен, қатаң жазалаудан қорыққанда наразылыққа шығудан қаймығып қалған" дейді Варшава шығыс зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Камиль Клысински.

"Кейінгі бірнеше айда режим күшейіп, қатаң авторитар немесе жеңіл тоталитар режимге айналды дер едім. Биліктің қарсыластары кез келген әрекеті үшін, тіпті, ақ-қызыл-ақ түсті ту немесе киім үшін де жазаланады. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Сондықтан көшеде ешқандай белсенділік жоқ" дейді ол Азаттыққа.

Сарапшылар Лукашенко режимі наразылықты жасып-жаншу әдістерін күшейтті дейді.
Сарапшылар Лукашенко режимі наразылықты жасып-жаншу әдістерін күшейтті дейді.

Минскіде 200 мыңға жуық адам жиналған наразылықтар артта қалды. Кейінгі уақытта флэшмобтар мен наразылықтың басқа да шағын түрлері ғана өтіп жүр.

Сайлаудан кейін Литваға кеткен Тихановская ақпанда демократиялық қозғалыс "көшелерден айырылды" деді. Ол 25 наурызда наразылықтарды қайта жандандырғысы келді. 1918 жылы 25 наурызда Беларусь Республикасы құрылған еді. Бұл күн елде "Ерік-жігер күні" ретінде тойланады.

Осы митинг алдында КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) басшысы Иван Тертель Беларусьтің "шырқын бұзу" жоспарын әшкереледік деді.

Мемлекеттік телеарналар "жаппай тәртіпсіздікті басуға" дайындалып жатқан ішкі істер министрлігінің қызметкерлерін көрсетті. Ал ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі наразылыққа шыққандарға қатыгездік көрсетілгенін айтып, оларды "мемлекеттің жауы" деп атады.

Төнген қауіп пен қамалудан сескенген жұрт сол күйі наразылыққа жиналмады. "Весна" орталығының хабарлауынша, соның өзінде әр жерде өткен шағын шерулерден 200-ден астам адам қамауға алынған.

"Лукашенко жаппай наразылықтың жаңа толқынын басу үшін қуғын-сүргінге көшіп, қорқыту стратегиясын таңдаған. Ондаған журналист, белсенді және қарапайым азамат қамауға алынды. Билік экстремизм мен бұқаралық іс-шаралар туралы қатаң заң қабылдады. Мемлекеттік телеарналар жаңа баяндаулар мен оқиғаларды айтып, пропагандалық материалдарды көбейтті. Мұның бәрі Лукашенконың билікті нығайтқысы келетінін көрсетеді" дейді Швециядағы сарапшы Алесия Рудник.

Сәуірде парламент бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға енгізілген өзгерістерді қабылдады. Бұл заң журналистерге мемлекеттің "беделін түсіруге" немесе заңсыз жиындар туралы хабар таратуға тыйым салады. Елдің Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, үкіметті сынағандарға немесе рұқсат берілмеген митингіге қатысқандарға да қатаң жаза қарастырылған. Бұл өзгерістерді құқық қорғаушылар, соның ішінде Human Rights Watch ұйымы қатаң сынға алды.

"ЖҮРЕГІМІЗ АЙНЫП, ЖӨТЕЛДІК"

Урбановичің сөзінше, "Ерік-жігер күніне" жоспарланған наразылық қарсаңында Окрестина түрмесіндегі жағдай ушыға түскен.

"Ерік-жігер күніне дейін бәрі бұрынғыдай болды. Матрас, кітаптар, үстел ойындары тұрды. Содан кейін 27 наурызда бәрі өзгерді. Алдымен олар матрастарды алып кетті. 1 сәуірге қарай ештеңе қалмады. Ал 1 сәуірден кейін бізге күш көрсете бастады" дейді ол.

Беларусь оппозициясы үйлестіру кеңесінің мүшесі (KRBA) және оппозициялық Азаматтық партиялар бірлестігінің лидері Николай Козлов та 22 наурызда Минск көшесінде ұсталған соң Окрестинада 15 күн қамауда болған. Ол да өзін хлормен қинағанын айтады.

"Олар екі шелекке жоғары концентрациялы хлор құйды. Жарты минут өтпей жатып көзіміз жасаурап, мұрнымыздан су ағып, жөтеле бастадық. Жүрегіміз айныды. Хлор концентрациясының жоғары болғаны сонша, кейбірі көгеріп кетті" деді Козлов "Настоящее время" телеарнасына.

Билік бұл сөздерді жоққа шығарды.

ШҰЛЫҚ ТҮСІНЕ БОЛА АЙЫППҰЛ САЛДЫ

Ақ-қызыл түсті ту Беларусь 1918 жылы алғаш рет республика болып құрылғанда ресми жалау ретінде бекітілген. Қазір бұл ту оппозиция символына айналды. Елде күнде дерлік ақ-қызыл түске бола жұрт қамалып я айыппұл салынып жатыр.

24 наурызда орган өкілдері Наталия Свицова-Сидушкинаның Минскідегі пәтерінің балконында ілініп тұрған ақ-қызыл түсті баннерді алып тастап, "Заңсыз пикет жасады" деген айыппен оған 2030 рубль (794 доллар) айыппұл салған.

"Ерік-жігер күнінде" оны көшеде тоқтатып, ақ-қызыл түсті шұлық кигені үшін оған 2320 рубль (900 доллар) айыппұл салған.

"Енді мен 4350 рубль төлеуім керек. Мен жұмыс істесем де, айыппұл төлеу үшін ондай ақшам жоқ" дейді Свицова-Сидушкина Азаттыққа.

"Весна" орталығының айтуынша, сәуірде 300-ден астам адам ұсталып, кемінде 98 адам саяси себеппен, соның ішінде ақ-қызыл түсті символ үшін түрмеге қамалған.

ЛУКАШЕНКОНЫҢ "ЖАТТАНДЫ" МӘЛІМДЕМЕСІ

17 сәуірде Лукашенко бір түрлі мәлімдеме жасап, АҚШ-тың саяси басшылығы шетелдік арнайы жасаққа, бәлкім ЦРУ мен ФБР-ге әскери төңкеріс жасауға пәрмен берген деді. Вашингтон бұл мәлімдемені бірден терістеп, оны "сандырақ" деді.

Сол күні Ресей қауіпсіздік қызметі Мәскеуде Беларусьте әскери төңкеріс жасамақ болған екі адамды ұстағанын хабарлады. АҚШ азаматтығы бар беларусь заңгері Юрий Зянкович пен 1990 жылдары Лукашенкомен жұмыс істеген Александр Федута Беларуське экстрадицияланды.

Лукашенко бұл мәлімдемесін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу үшін Мәскеуге барарының алдында айтты. Ол халықаралық қауымдастықтың қысымы күшейген тұста көбіне Путинге арқа сүйеп жүр.

Клысински дің пайымдауынша, Мәскеу Украинадағы жағдай мен оппозициялық саясаткер Навальныйдың түрмеге қамалуына кейін күшейген халықаралық қысым күшейген тұста Путинді "зұлым Батыстан қорғаушыға" айналдыруға тырысып жатыр.

"Мәскеу бұл сәтті (Лукашенконың батысты айыптауы – Ред.) пайдаланып қалуға тырысады. Себебі оларға батысты және американы қаралайтын себеп керек. Мәскеу бұл әрекетін жиі қолданады. Бір жағынан Кремль өзін постсоветтік кеңістіктің, ұсақ әрі әлсіз елдердің қорғаушысы ретінде көрсетеді" дейді Клысински.

Киевтегі Лукашенкоға қарсы наразылық. 13 тамыз 2020 жыл.
Киевтегі Лукашенкоға қарсы наразылық. 13 тамыз 2020 жыл.

21 сәуірде Путин Лукашенконың парламентте айтқан сөзін қолдап, батыс елдерін "ештеңе болмағандай" кейіп танытты деп айыптады.

"Лукашенконың өзін биліктен құлатқысы келеді деп шетел күштерін айыптауы жаңалық емес. Бұған дейін сайлау алдында ол Ресейді де солай айыптаған еді" дейді Вашингтондағы Уилсон орталығының қызметкері, 1990 жылдары АҚШ-тың Беларусьтегі елшісі болған Кеннет Яловиц.

"Мен Беларусье болғанда Лукашенко мемлекеттік телеарнадан мені НАТО елшілерін біріктіріп, өзіне қарсы астыртын әрекетті басқарды деп айыптады. Ол бұрыннан таныс сол айланы қайталап отыр" дейді ол Азаттыққа.

Билік "Ерік-жігер күні" мен 9 мамыр – Жеңіс күнін тойлау қарсаңында да, оппозиция жұртты тағы да митингіге шығуға шақырғанда да билік тағы да бұл шараны "шетелдіктер ұйымдастырды" деді.

25 сәуірде ONT мемлекеттік телеарнасы "билікке қастандық жасамақ болғандар" туралы бағдарлама көрсетті. Онда ішкі істер министрінің орынбасары Николай Карпенков оларды "құтырған иттер" деп атады.

Қорқыту-үркітулерден сырт қалмайтын Карпенков мемлекетке қарсы шыққандар "жоспарымен және әрекетімен" шектен шыққанын айтып, оларды "халықаралық лаңкестерге" теңеді.

"Демек оларға қарсы қолданатын әдіс Израиль күштерінің терроршыларға қарсы әрекетінен кем болмайды. Оларға қарсы күрес әлемдегі ең гуманистік елдің Усама бен Ладен мен оның жақтастарына қарсы жүргізген операциясының жолымен жүреді" деді Карпенков Американы меңзеп.

Лукашенко әзірге көшедегі тартысты жеңді, бірақ Рудниктің сөзінше, оның уақыты баяу болса да, аяқталып келе жатыр.

"Экономика дағдарысы, демократиялық елдердің қысымы, электорат қолдауының азаюы – мұның бәрі Лукашенконың тұрақсыздығының белгісі. Ол осының бәрін еңсере алады деу қиын. Оның билікте енді 2-3 жылы ғана қалды деп болжаймын" дейді Рудник.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG