Accessibility links

Ердоған Стамбулдағы Таксим алаңынан жаңа мешіт ашты


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Таксим мешітін ашу салтанатында. 28 мамыр, 2021 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Таксим мешітін ашу салтанатында. 28 мамыр, 2021 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған көп уақыт бұрын берген уәдесін орындап, Стамбулдың Таксим алаңындағы жаңа мешітті ашты.

Таксим мешіті мен оның 30 метрлік мұнарасын салуға төрт жыл уақыт кетті, құрылысты Ердоғанның өзі бақылады. Түркия президенті осы мешіт салынғанға дейін бұл маңайда намаз оқитын бөлме де болмағанын айтқан.

Мыңдаған адаммен жұма намаз оқыған Ердоған мешіт құрылысының бітуі – түрік халқы арманының асқар шыңы екенін және бұдан былай алаңда азанның даусы "ақыретке дейін" естіліп тұратынын айтты.

Түркия президенті өзі басқаратын исламшыл "Әділет және даму" (AKP) партиясының жақтастарына Таксим алаңында мешіт салдыруға бұрыннан уәде беріп келген. Ол Стамбулдың басты алаңында мешіттің болмауы ақылға сыймайтынын айтқан.

Мемлекеттік Anadolu агенттігінің хабарлауынша, екі мұнарасы бар мешіт кешеніне 4 мың адам сияды, онда көрме залы, кітапхана және тамақтанатын орын бар.

Стамбул орталығындағы жаңа салынған Таксим мешіті.
Стамбул орталығындағы жаңа салынған Таксим мешіті.

Бұл – Ердоған Стамбулда ашқан үшінші үлкен мешіт. Биік төбенің үстінде орналасқан Чамлыжа мешіті 2019 жылы наурызда пайдалануға берілген.

Түркияның әкімшілік соты ЮНЕСКО әлемдік мұра қатарына қосқан Айя София ғимаратының музей статусын алып тастау туралы шешім шығарған соң, былтыр Ердоған оны мешіт ретінде қайта ашқан. Аймақты Осман империясы басып алған 1453 жылы Византия заманынан келе жатқан шіркеу мешітке айналдырылған.

Ердоған Стамбулдың мэрі болып тұрған кезінде Таксимде мешіт салу туралы ұсыныс айтқан. Одан соң сот дауы мен қоғамдық пікірталас кесірінен жоба ұзақ уақыт іске аспай тұрды. Таксим жобасын жақтаушылар қаланың тұрғыны көп бұл ауданында мінәжат үйі жоқ екенін алға тартты.

Ердоған Таксим мешітін "үшінші рухани мұра" деп атады және ол "ғасырлар бойы Стамбулды май шам тәрізді жарық етіп тұрарына" сенім білдірді.

Ал жобаны сынаушылар болса бұл мешітті Ердоғанның Осман империясы құлаған соң оның орнына зайырлы мемлекет құрған Мұстафа Кемал Ататүріктің мұрасын бұзу жоспарының бір бөлігі деп санайды.

Таксимдегі Ататүрік есімі берілген және ол қалдырған мұраның символы саналатын мәдениет орталығы құлатылып, орнына опера театры болады деген ғимарат тұрғызылды.

Таксим алаңындағы үкіметке қарсы наразылық. Стамбул, Түркия. 18 маусым, 2013 жыл.
Таксим алаңындағы үкіметке қарсы наразылық. Стамбул, Түркия. 18 маусым, 2013 жыл.

Әу баста мешіт мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазанда ашылады деген жоспар болған. Бірақ Ердоған оны 2013 жылғы үкіметке қарсы наразылық басталған күні ашуды ұйғарыпты.

Наразылық Гези паркінен жүз метрдей жерде басталып, Ердоған үкіметіне қарсы жаппай наразылыққа ұласқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG