Қытай компартия жиынында елдегі отбасыларға үш бала дүниеге әкелуге рұқсат беретін құжатты мақұлдады. Қытайдың ресми Xinhua агенттігінің хабарлауынша, бұл жиын ел президенті Си Цзиньпиннің басқаруымен өтті.
Пекин бұл өзгерісті елде халық саны күрт азайып, кәрілердің саны артып бара жатқан тұста қабылдады.
Қытай 1979 жылы "Бір отбасы – бір бала" саясатын енгізген. Осыдан соң елде жастардың саны азайып, қарттар көбейе бастаған. 2016 жылы Пекин бұл саясатты өзгертіп, бір отбасыға екі бала дүниеге әкелуге рұқсат берген.
Қытай билігі биыл 11 мамырда 2020 жылғы халық санағының нәтижесін жариялаған. Санақ нәтижесіне сай, кейінгі он жылда Қытай халқы 72 миллионға ғана өскен. Бұл – 1960 жылдардан бергі ең төменгі өсім. Қазір бұл елде 1 миллиард 412 миллион адам бар.
Қытайдың статистика бюросының сәуірде "елде 2020 жылы 12 млн бала ғана дүниеге келгенін, туу деңгейі төмендеп бара жатқанын" мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР