Accessibility links

Мамай "Байбектің жемқорлығын әшкерелейтін" құжаттар ұсынды, шағым беруші "іске қатысы жоқ" дейді


Белсенді Жанболат Мамай мен адвокат Ғалым Нұрпейісов онлайн процесте отыр. Алматы, 14 мамыр 2021 жыл.
Белсенді Жанболат Мамай мен адвокат Ғалым Нұрпейісов онлайн процесте отыр. Алматы, 14 мамыр 2021 жыл.

4 маусымда Алматының Әуезов аудандық №2 сотында биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің шағымы бойынша кезекті сот тыңдауы өтті. Осыған дейін шенеунік саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру" бабы бойынша сотқа шағым түсірген еді.

Бір күн бұрын Жанболат Мамай сотқа Байбектің "жемқорлық әрекеттерін әшкерелейтін" 2 мың беттен құралған құжаттарды өткізгенін хабарлаған еді.

"Біз фильмді шығарғаннан кейін Байбек бізді сотқа емес, жемқорлықпен күрес қызметі Алматының бұрынғы әкімінің үстінен қылмыстық істер қозғауы тиіс еді. Бірақ көріп отырғанымыздай, билік іс қозғаудың орнына Назарбаевпен бір сыныпта оқыған адамның ұлын қорғаштап отыр. Біз тергеу органы емеспіз, бізде мемлекеттік өкілет жоқ, бірақ соның өзінде Байбектің жемқорлығын дәлелдейтін қаншама материал мен дерек жинадық" деп жазды Мамай Facebook-та.

Жұма күні сот тыңдауында Бауыржан Байбектің адвокаты Айжан Тәшенова 2 мың беттік құжаттың 90 пайызының іске қатысы жоғын алға тартты. Ол "Байбекке жала жапқан" жауапкер жақтың екі ай уақыт аралығында сөздерін дәлелдейтіндей еш құжат көрсетпегенін айтты.

"Жауапкерлер көптің көзінше Байбекті жемқорлық жасады және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп жалаң айыптады. Өздері айтып өткендей, анонимді Uzyn Qulaq арнасын қолданған. Сол кездері телеграмдағы дәл осы атпен аталатын арна сыбыс, дүдәмалдар таратумен айналысты. Байбек жауапкерлерді әкімшілік қуғындаудан бас тартты, себебі оның басты мақсаты – Мамай мен Иманбай таратқан ақпараттың өтірік екенін анықтау, өзінің адал атын ақтап алу еді" деді Тәшенова. Оның сөзінен Orda.kz сайты үзінді келтірді.

Ал Мамай жағы 2 мың беттік құжатты Тәшенова "бір түнде қалай оқып шықты, мүмкін емес" деп мәлімдеп, құжаттармен мұқият танысып шыққанына күмән келтірді.

Бұған дейін Мамай Байбектің туыстарына жүз шақты компания тиесілі деп мәлімдеген. Айжан Тәшенова сотта іс жүзінде он компанияның ғана Байбектің туыстарына қатысы барын айтты. Оның сөзіне қарағанда, компаниялар Байбек әкім болып тағайындалғанға дейін құрылған және Алматыға қатысы жоқ, жекешелендіруге де қатыспаған.

Байбектің өзі Aray Consulting Group компаниясына жетекшілік еткен. Ол компанияны 2015 жылы сенімді басқаруға берген.

Мамай бұған дейін Бауыржан Байбектің қарындасы Айгүл Байбекке тиесілі Aray Media Group компаниясы "Дос-Мұқасан" тобы жайлы бір фильм үшін мемлекетпен екі рет – жалпы құны 425 млн теңге болатын келісім-шарт жасасты деп айтқан. Ал Байбек тарабы жауапкердің бір келісім-шарттың екі траншы жайлы айтып тұрғанын айтып, сөзін жоққа шығарған.

4 маусым күнгі сот отырысында Жанболат Мамай сөйлеген кезде судья Райхан Сартаева "мәселеге қатысты ғана айтыңыз" деп ескерту жасап отырды. Байбектің өкілі Тәшенова да соған шағымданды. Мамай "мұнда екі сот отыр, біреуі Байбектің өкілі, біреуі судья Сартаева" деп сынады.

Жанболат Мамай сотта "Есентай сити" кешенін салу үшін Алматы мәслихаты рұқсат бермесе да, Байбектің өздігінен шешім қабылдап, сол жақтағы ағаштарды отағанын айтты. "Жоңтуңбас деген қытай автобустарын әкімдік қымбатқа сатып алды, бұл жемқорлық емей немене. "Алматыэлектротранс" компаниясын Green bus компаниясына сенімді басқаруға беруі де күмәнді. Құны 25 миллиард тұратын мекемені 5 жылға 1,5 миллиард теңгеге басқаруға берген. Байбектің жемқорлығын дәлелдеу үшін осындай фактілерді толық айту керек, кешенді түрде айтпаса болмайды " деді судья ескертуіне жауап берген Мамай.

Жұма күнгі сот отырысында Инга Иманбайдың адвокаты Түсіпова Көкжайлау мәселесі бойынша сол тақырыпты зерттеген және материалдары пайдаланылған журналист Вадим Борейконы куәгер ретінде шақыруды сұрады. Бұл бойынша әзірге шешім қабылданбаған.

Бұл іс бойынша негізгі процесс 14 маусымда басталады.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, билікті сынап жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.

Байбектің заңгері жауапкерлер бұл сөздерді "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуді" талап етіп отыр.

Қарай отырыңыз: Байбек Мамайды сотқа бермек. Мамай оны дебатқа шақырды (20 сәуір 2021 жыл).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG