Accessibility links

Екі жасар Эмирге әлемдегі ең қымбат дәрі егілді


Кішентай Эмир Шахмаров әкесі Талех және анасы Сабинамен бірге. 16 қаңтар 2021 жыл.
Кішентай Эмир Шахмаров әкесі Талех және анасы Сабинамен бірге. 16 қаңтар 2021 жыл.

Арқа бұлшықет атрофиясы дертіне шалдыққан Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының екі жасар тұрғыны Эмир Шахмаровқа әлемдегі ең қымбат саналатын «Золгенсма» дәрісі егілді. Мұны баланың анасы Сабина Дәулетқалиева хабарлады.

Бұдан бұрын Азаттық Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының бүлдіршін еміне ақша жинай бастағаны туралы жазған. Нәтижесінде үш ішінде Эмирге қажет 2,3 миллон доллар (миллиард теңгеге жуық) қаржы жиналды.

Бала үшін өмірлік маңызы бар, Қазақстанда тіркелмеген бұл дәріні оған Мәскеудің бала денсаулығы ғылыми орталығында салды.

— Осыдан екі сағат бұрын ғана дәрі екті. Бір сағаттай инфузия жасады. Эмир бұл уақытта ұйықтап жатты, еш мазасызданбады. Біз жан сақтау палатасында отырдық, екі дәрігер, медбикелер және реаниматолог қасымызда болды, — деді Сабина Дәулетқалиева 4 маусымда Азаттыққа сұхбатында.

Енді Эмир бірнеше тексеруден өтіп, анализ тапсыруы керек. Анасының айтуынша, бала осы ғылыми орталықта дәрігерлер бақылауында болады. Ауруханадан қашан шығатыны белгісіз.

«Золгенсма» — арқа бұлшықет атрофиясы дертімен күресу үшін әлемде ойлап табылған үш препараттың бірі. Ол екі жасқа дейінгі балаға салынғанда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Эмир мамыр айында екіге толды.

Арқа бұлшықет атрофиясы — генетикалық ауру, оның кесірінен адамның барлық бұлшықеті семіп, салдарынан науқас өліп кетуі мүмкін. Бұл дерттен емдейтін препараттың бірде-бірі Қазақстанда әлі ресми тіркеуден өтпеген. Денсаулық сақтау министрлігі елде онымен қанша адам ауыратынын нақты айтпайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG