Accessibility links

Ресми ақпарат көздері коронавирус жұқтырғандар бойынша екі түрлі мәлімет таратты


Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус инфекциясына шалдыққандар жайлы ресми дерегі. Министрлік вебсайтынан скриншот. 5 маусым, 2021жыл.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус инфекциясына шалдыққандар жайлы ресми дерегі. Министрлік вебсайтынан скриншот. 5 маусым, 2021жыл.

Қазақстанның ресми ақпарат көздері коронавирусқа шалдыққандардың бір тәуліктегі дерегі бойынша бір-біріне қарама-қайшы ақпарат таратты. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты мен індетке қатысты "сенімді ақпарат беріп отыру үшін" былтыр Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ашқан coronavirus2020.kz сайтындағы дерек арасында біршама айырмашылық бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 4 маусымда Қазақстанда коронавирус инфекциясы ПТР-тестпен дәлелденген 1 371 адам тіркелген. Ал coronavirus2020.kz сайтының дерегі бойынша, ауру жұқтырғандар саны 182 адамға аз, олардың айтуынша, 4 маусымда 1 189 адамның Covid жұқтырғаны ПТР арқылы анықталған. Ақпарат құралдары ауырғандар санын азырақ көрсеткен осы дерекке көбірек сүйенген.

Коронавирус дерегі туралы сенімді ақпарат тарату үшін ашылған coronavirus2020.kz. вебсайтынан скриншот. 5 маусым, 2021 жыл.
Коронавирус дерегі туралы сенімді ақпарат тарату үшін ашылған coronavirus2020.kz. вебсайтынан скриншот. 5 маусым, 2021 жыл.

Бір қызығы, coronavirus2020.kz сайты өткен тәулікте бұл дерттен жазылып шыққандар саны 1 371 адам деп көрсеткен, бұл денсаулық министрлігі сайтындағы ауырғандар санымен сәйкес келеді. Яғни, денсаулық сақтау министрлігі жазылып шыққандарды ауырғандар санымен шатастырып алған болуы мүмкін.

Қазақстан үкіметі індет басталғалы тек ПТР-тесті оң шыққан адамдарды ғана коронавирус статистикасына қосып келеді. Алайда билік халықаралық ұйымдардың қысымынан соң былтырғы 1 тамыздан бастап ПТР-тесті оң нәтиже бермеген, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін де жүргізе бастады.

Қазақстанда коронавирус жөніндегі ресми дерекке күмән келтіретіндер көп. Кей сарапшылар, соның ішінде халықаралық зерттеу орталықтары Қазақстанда бұл індетке шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен әлдеқайда көп деп санайды. Мәселен "Сандж" зерттеу орталығының болжамы бойынша, дертке шалдыққандар саны ресми деректен 37 есе көп.

АҚШ-тағы денсаулық көрсеткіштері және бағалау институтының (IHME) мамырдың басында жарияланған зерттеуінде Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны ресми статистикада көрсетілгеннен 14,5 есе көп екені айтылған. 9 мамырда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі IHME есебінде көрсетілген мәліметті жоққа шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG