Accessibility links

Amazon негізін қалаушы Джефф Безос пен оның бауыры шілде айында ғарышқа ұшады


Джефф Безос.
Джефф Безос.

Amazon негізін қалаушы кәсіпкер Джефф Безос 20 шілдеде өзі құрған Blue Origin компаниясының New Shepard кемесімен ғарышқа ұшады. Бұл туралы миллиардер Инстаграмдағы парақшасында хабарлады. Безоспен бірге оның інісі Марк те ғарышқа аттанады.

"Ғарышқа ұшқым келеді, себебі өмір бойы соны армандағанмын" деп жазды кәсіпкер.

Blue Origin компаниясы жариялаған байқау әлі жалғасып жатыр. Оның жеңімпазы ағайынды Безостармен бірге ғарышқа ұшады. Соңғы мәлімет бойынша, аукционға әлемнің 140 елінен шамамен 6 мың адам қатысқан.

New Shepard ғарыш аппараты 1961 жылы суборбитаны алғаш рет айналып өткен америкалық астронавт Алан Шепардтың құрметіне аталған.

20 шілдеде ғарышқа аттанатын кемеде алты адам болады. Бұған дейін New Shepard 15 рет 100 шақырымнан астам биіктікке көтерілген.

Джефф Безос 1994 жылы Amazon компаниясының негізін қалаған. Мамыр айында кәсіпкер 5 шілдеден бастап отставкаға кететінін мәлімдеген. Ол Bloomberg-тің миллиардерлер тізімінде бірінші орында тұр. Агенттік оның байлығын 187 млрд доллар деп бағалаған. Forbes рейтингісінде ол француз миллиардері Бернар Арнодан кейін екінші орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG