Accessibility links

Қырғызстанда індет кезінде 107 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстанда індет басталғалы бері 107 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болған. Бұл туралы 8 маусымда денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлады.

Медицина қызметкерлеріне коронавирус кәсіби міндетін атқарған кезде жұққан. 2020 жылдың наурыз айынан бері 4 766 медицина қызметкерінен Covid анықталған.

Жақында Бішкекте коронавируспен күрес кезінде опат болған медицина қызметкерлеріне арналған ескерткіш орнатылатыны хабарланған.

Қырғыз үкіметі былтыр науқастарды емдеп жүріп коронавирус жұқтырған дәрігерлерге – 200 мың сом (қазіргі доллар бағамымен есептегенде 2363 доллар), одан қайтыс болған дәрігердің отбасына 1 млн сом (11 816 доллар) көлемінде өтемақы төлеп келген. 2021 жылдан бастап ереже өзгертіліп, вирус жұққан дәрігерлерге – 75 мың сом, вирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына 2 млн 800 мың сом төленетін болды.

Індет басталғалы бері 1,5 мыңнан астам медицина қызметкеріне өтемақы төленген. Қайтыс болған 30 медицина қызметкерінің отбасы қаржылай көмек алған.

Орталық Азия аймағында коронавирустан көп зардап шеккен Қазақстанда 2021 жылдың ақпан айындағы мәлімет бойынша, 15 мыңнан астам медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Жартысынан астамына вирус жұмыс кезінде жұққан. 2020 жылдың қазан айына дейін елде коронавирус жұқтырған дәрігерлерге 2 млн теңге көлемінде өтемақы, коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына 10 млн теңге өтемақы төлеу қарастырылды. Бірақ былтыр жыл соңында бұл ереженің күші жойылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG