Accessibility links

Сот Біртановтың үйқамақ мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартты


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

9 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартты. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Прокуратура өкілдері бұрынғы министрдің үйқамақ шартын қатайту туралы өтініш түсірсе де, судья Ақмарал Исаева оны қанағаттандырмаған.

Vlast сайтының жазуынша, бір күн бұрын прокурор Төлеген Жарасбаев соттан Біртановқа туыстары мен жақындарынан басқа адаммен сөйлесуге және медициналық мекемеден басқа жаққа баруға, ұялы телефон және өзге де байланыс құралдарын қолддануға тыйым салуды сұраған.

Сот отырысы кезінде үш адвокат пен Біртановтың қоғамдық қорғаушысы – бауыры Ержан Біртанов тергеу органдарының "заң бұзу әрекеттерін" алға тартып, экс-министрді үйқамақтан босатуды сұраған. Біртановтың өзі тергеу органдарынан қашпайтынын жеткізген. Ол соттан "Біртановтың шетелде үйі бар" деп "жалған ақпарат" берген прокуратура мен тергеу органдарының әрекетіне құқықтық баға беруді өтінген.

Бір күн бұрын қорғау тарабы "іс бойынша айғақ жинауға кедергі келтірген денсаулық сақтау министрлігіне айыппұл салынғанын" хабарлаған.

50 жастағы Елжан Біртанов "аса көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікпен 2020 жылдын 7 қарашасынан бері үйқамақта отыр. Оның үйқамақ мерзімі бұған дейін бірнеше рет ұзартылған. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG