Accessibility links

Мәжіліс жер комиссиясының ұсыныстары негізінде әзірленген заң жобасын мақұлдады


Мәжіліс отырысы. Көрнекі сурет.

9 маусымда мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасын мақұлдады. Жаңа құжат ауыл шаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтарына сатуға тыйым салатын мораторий мерзімін ұзартып, 49 жылға жалға беру тәртібін қарастырады.

Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, заң жобасы Жер кодексі нормаларын талқылау үшін құрылған жер комиссиясы жұмысының қорытындысы негізінде әзірленген.

"Бұдан басқа, заң жобасында жерді пайдалану мен қорғау бойынша мемлекеттік бақылау күшейтіледі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер сатып алынбаған жағдайда оны пайдалану құқығынан айыру мүмкіндігі қарастырылған, жергілікті халыққа қажет жайылымдық жерлердің аумағы айқындалады, сонымен бірге жер заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да нормалар енгізіледі" деді депутат Берік Оспанов заң жобасын талқылау кезінде.

Осы апта басында жер комиссиясының мүшесі болған экономист Мұхтар Тайжан Facebook желісінде заң жобасы жер кадастрын ашық етуді қарастырады деп хабарлаған.

"Жер кімнің қолында, кім айналысып жатыр - бұндай ақпарат бүкіл елге ашық болуы керек. Жаңа Заң жобасын дайындап отырған жұмысшы тобымыз міне, қазір ғана шешім қабылдады - жеке тұлғалардын аты-жөні, заңды тұлғалардың - атауы мен БИН бүкіл елге ашық болады! Кез келген азамат, кез келген жер клеткасына мышкамен басып, бұл нақты жер учаскі кімнің қолында көре алады!" деп жазған.

2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл желтоқсанда аяқталады.

Бұл құжат аталған мораторий мерзімін 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартуды қарастырады.

Мамыр айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерін беруге тыйым салатын заңға қол қойған. Оның алдында белсенділер аталған заң жобасы шетелдіктерге орман өсіру үшін 25 жылға жалға жер алуға мүмкіндік береді деп мәлімдеп, жобаны тоқтатуды талап еткен еді. Тек содан кейін парламент қажетті түзетулер енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG