Accessibility links

Жапаров Ердоғаннан жоғалып кеткен түрік мектептер желісінің басшысы туралы сұрады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Түркия басшысы Режеп Ердоған. Анкара, 9 маусым 2021 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Түркия басшысы Режеп Ердоған. Анкара, 9 маусым 2021 жыл.

Анкарада жүрген Қырғызстан президенті Садыр Жапаров түрік әріптесі Режеп Тайып Ердоғаннан Қырғызстанда із-түзсіз жоғалған түрік мектептер желісінің басшысы Орхан Инанды жайлы сұрады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Жапаровтың баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев хабарлады.

"Ердоған оны танымайтынын, еш ақпараты жоғын және ФЕТО жақтастары туралы ештеңе естігісі келмейтінін айтты" деді Сұлтанбаев.

9 маусым екі ел басшысы бірігіп өткізген баспасөз мәслихатында Ердоған Жапаровпен кездесу барысында "террористік ұйымдармен күрес мәселесін, сонымен бірге аймақтағы ынтымақтастықтың аспектілерін талқылағанын" атап өткен.

"ФЕТО екі елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, қымбатты бауырыммен бұл тұрғыда пікіріміз бір жерден шықты. Соңғы саяси оқиғалар ФЕТО-ның қанды да жағымсыз бейнесін әшкереледі. Біз бір-бірімізді қолдай отырып, Құдай қаласа, оны да еңсереміз. Түркия қырғыз халқы мен билігін қолдайды деп құрметті президентке тағы айттым. Саяси тұрақтылық жолындағы әрбір қадамда Қырғызстанмен біргеміз" деді түрік президенті.

Қырғызстандағы "Сапат" мектептер желісінің жетекшісі әрі негізін қалаушы 53 жастағы Орхан Инанды Қырғызстанда 1995 жылдан бері тұрады. 2012 жылы қырғыз азаматтығын алған.

Ол 1 маусымға қараған түні ұшты-күйлі жоғалды. Милиция "Адам ұрлау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 8 маусымда Орхан Инандыға Интерпол бойынша халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.

Бұған дейін азаматтар Қырғызстанның Түркиядағы елшілігі, Ақ үй, үкімет үйі алдында Орхан Инандыны табуды талап етіп, митинг өткізген. Олар Инандыны Түркияның арнайы қызметі ұрлап кеткен болуы мүмкін деп топшылайды.

6 маусымда оның әйелі Рейхан Инанды әлеуметтік желіде біреулердің күйеуін Қырғызстандағы Түркия елшілігінде күшпен ұстап отырғанын хабарлады деп айтқан. Ал елшілік ақпаратты жоққа шығарған.

Соңғы бес жылда Түркия Қырғызстаннан "Сапат" түрік мектептер жүйесін жабуды талап етіп келеді. Анкара аталған білім беру мекемелерінің АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысты екенін алға тартады. Алайда ресми Бішкек лицейлердің қоғамға қаупі жоғын айтып, Анкара талаптарын орындаудан бас тартқан.

ФЕТО - АҚШ-та тұратын діндар Фетхулла Гүлен жақтастарының ұйымы. Гүлен 2013 жылға дейін Режеп Ердоғанмен жақын байланыста болған, кейін екеуі араздасып қалған.

Түркия билігі Гүленді 2016 жылы әскери төңкеріс жасамақшы болды деп айыптап, АҚШ-тан оны беруді бірнеше рет талап еткен. Ал Гүлен бүлікке еш қатысы жоғын айтып, Анкараның таққан айыптарын жоққа шығарады.

Фетхулла Гүлен бүлікке еш қатысы жоғын айтып, Анкараның таққан айыптарын жоққа шығарады.

Түркия билігі соңғы екі жылда Гүленнің "Хизмет" қозғалысына қатысы бар деген күдікпен қамауға алған мыңдаған адамның арасында саясаткерлер, судьялар, әскерилер мен қоғам қайраткерлері бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG