Ақтөбеде жалақыны көбейтіп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен 52 адамды көлік-логистика орталығы басшылығы жұмыс орнына кіргізбеген. Облыстық еңбек инспекциясы өкілі келген соң ғана жұмысшылар ішке кіре алды.
Ақтөбедегі "Дина" супермаркеттер желісі мен Қазақстанның батысындағы ірі сауда орталықтарына қызмет көрсететін орталықта ресми дерек бойынша 200-дей адам еңбек етеді. Біраз қызметкер сәрсенбі күні басшылықтан еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап еткен. "Жалақымызға бар болғаны 20 мың теңгеден (47 доллар – Ред.) қосуды сұраған едік" дейді наразылар.
– Көлік-логистика орталығындағы еңбек жағдайына наразымын. Мереке сайын жұмыста жүреміз. Бірақ ол үшін үстемақы төлемейді. Биыл аздап сыйақы бере бастаған. Бірақ оны штаттағылар ғана алады, – дейді наразылардың бірі Индира Сағынбазарова. Оның айтуынша, компания басшылығына сын айтқандарды басшылық әдейі жұмысқа кіргізбеген.
– Жұмыс таңғы сағат 8:30-да басталады. Бір минут кешіксең, яғни, жұмысқа 8:31-де келсең, жалақыңнан 500 теңгеден ұстайды. Мысалы, жүк түсірушілер айына 96 мың теңге (224 доллар – Ред.) жалақы алады. Сонда бір сағаттық еңбекақысы 400 теңгеден екен. Бұл жерде жұмыс берушінің ғана ғана құқығы бар, – дейді наразылардың бірі Болатбек Сарқұлов.
Жұмыс орнына кіре алмаған 52 адам түске дейін орталық қақпасының сыртында тұрды. Бірақ олармен сөйлесуге көлік-логистика орталығынан бірде-бір адам шықпады. Түске таман наразылардың шақыртуымен орталыққа Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясынан өкіл барды.
– Жұмыс берушімен арада түсініспеушілік болған. Бірақ 52 адамды бір мезетте қақпа сыртына шығарып тастағаны дұрыс емес, әрине. Еңбек кодексіне сай, тараптардың міндеттері мен құқықтары бар. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін еңбек инспекциясында комиссия құрылды. Тексеріс басталды. Әзірге біржақты баға бере алмаймын. Тексеру барысында анық-қанығын анықтаймыз, – дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Талғат Есқарин.
Еңбек инспекциясының мәліметінше, түстен кейін тараптар мәмілеге келіп, 52 адам жұмыс орнына оралған.
Жеке кәсіпкер "Бектұрова" иелік ететін көлік-логистика орталығы 2016 жылы ашылған. 10 мың шаршы метр жерді алып жатқан орталықта сақталатын азық-түлік пен өзге де тауар түрлері Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы ірі сауда орталықтарына жөнелтіледі.
Компания басшылығынан бұл мәселе бойынша пікір алу мүмкін болмады.
ПІКІРЛЕР