Accessibility links

Степногорск тұрғындары қауіпті қалдықты жоятын зауыт құрылысына қарсылық білдірді


Ақмола облысы Степногорск қаласындағы алаңға жиналып, зауыт құрылысына қарсылық білдіріп тұрған жұрт. 12 маусым, 2021 жыл
Ақмола облысы Степногорск қаласындағы алаңға жиналып, зауыт құрылысына қарсылық білдіріп тұрған жұрт. 12 маусым, 2021 жыл

Ақмола облысы Степногорск қаласы мен сол маңайдағы ауылдардың жүзден астам тұрғыны қауіпті өндіріс қалдықтарын жоятын зауыт құрылысына қарсылық білдіріп, жақында болатын қоғамдық тыңдаудың жай-жапсарын талқылады.

Степногорск мәдениет сарайының алдындағы алаңға жиналған жұрт "Өмір сүргіміз келеді!", "Балаларға – таза ауа!" деп айқайлап, қол шапалақтады. Кейбіреулері "Степногорск мола емес", "Біз ПХД мен зауытқа қарсымыз" деген жазуы бар қағаздар ұстап тұрды.

Тұрғындардың айтуынша, мұндағы елдімекендердің қасынан зауыт салу жоспарланып жатыр. Осыған қарсылық білдірген жұрт зауытты ауыл-қаладан шалғайға салуды талап етті. Жұртшылық жиын өтетіні туралы әлеуметтік желі арқылы үндеу тастаған. Алаңның сыртында полицейлер мен "жедел жәрдем" көлігі тұрды. Бір сағатқа созылған жиын аяқталған соң халық тарап кетті.

– Әкімдіктен, компанияның өкілдерінен ешкімді байқамадық, тұрғындар жиыны болатыны жөнінде әлеуметтік желі арқылы хабарланғанымен, олар келіп, бізбен сөйлеспеді. Бір жақсысы – полиция ешкімді ұстаған жоқ, жай бақылап тұрды, – деді Азаттық тілшісіне Степногорскідегі экобелсенділердің бірі.

Зауыт құрылысына байланысты қоғамдық тыңдау дүйсенбі, 14 маусымға жоспарланған. Тұрғындар жиынның түске дейін өтетініне де наразы, олардың айтуынша, бұл уақытта көп адам жиынға қатыса алмайды. Бұған қоса, коронавирус індеті кесірінен енгізілген карантинге байланысты жиын шағын бөлмеде өтпек, ал жұрт тыңдауға Zoom қосымшасы арқылы онлайн қатыса алады. Тұрғындар бұл шешімді де құптамайды, себебі елдің бәрінде бірдей интернет, смартфон жоқ.

Ақмола облысы табиғи ресурстар басқармасының сайтындағы ақпаратқа қарағанда, осы күні "Тоңазыту/климаттық құралдарды қайта өңдеу және ОРВ/СОЗ қалдықтарын жою өндірістік кешені" жұмыс жобасының "қоғамдық ортаға әсері" бойынша қоғамдық тыңдау өтеді.

Тұрғындардың айтуынша, олар бұл жобамен танысып, біршама сәйкессіздік тапқан және сұрақтарын жоба әзірлеушісіне жіберген. Зауыт құрылысына қарсылық білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазылған хатқа бірнеше мың адам қол қойған.

Мұның алдында Азаттық тілшісінің сұрағына жауап қайтарған экология министрлігі құрамында ПХД (полихлорланған дифенилдер) және СОЗ (күшті органикалық ластаушы) бар қалдықтарды жою мәселесін шешу үшін БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму ұйымымен (ЮНИДО) бірлескен жоба жасалып жатқанын, соның аясында 2021 жылы Қазақстанда зауыт құрылысы басталатынын хабарлаған.

Бұған дейін Азаттық Степногорскідегі зауыт құрылысымен айналысатын "ЭкоЛюкс-Ас" компаниясына және "Украина, Беларусь, Қазақстан мен Армениядағы озонды бүлдіретін заттар мен күшті органикалық ластаушыларды бірлесіп жою жөніндегі аймақтық жобаның" үйлестірушісіне сауалдар жіберген. Бұл ұйымдар тілші сұрақтарына әлі жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG