Accessibility links

Степногорск билігі "зиянды зауыттан" бас тартқанын айтады. Экобелсенділер күмәнмен қарайды


Ақмола облысында елді мекен маңынан қалдық жағатын зауыттың салынатыны туралы ақпарат қоғамда қарсылық туғызғаннан кейін Степногорск билігі "қала аумағында жоба жүзеге асырылмайды" деп тұрғындарды сендіруге тырысты.

Степногорск әкімдігінің сайтындағы құжатқа сәйкес, қалдық жағатын кешеннің құрылысын сараптаған мамандар жобаның табиғатты қорғау туралы заңнамаға сәйкес еместігін анықтаған. Атап айтқанда, аумақта жүргізілген гидрогеологиялық, геологиялық, топырақ құрамын зерттеу деректері жобада ескерілмеген. Одан бөлек, нысанның әскери бөлімге жақындығы назардан тыс қалған, желдің бағыты жайлы зерттеу де жүргізілмеген.

"Жоғарыда айтылған жайттарды, сонымен бірге халық пікірін ескере отырып, Степногорск қаласы аумағында аталған жоба жүзеге асырылмайды" делінген әкімдік сайтында жарияланған хабарламада. Бірақ хабарландыру негізгі бетте емес, "Құжаттар" бөлімінде жарияланды.

Экобелсенділер мен тұрғындар әкімдіктің жауабына күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, экология министрлігі әлі ресми ұстанымын білдірмеген. Аталған ведомство ЮНИДО-мен бірігіп, полихлорлы дефинил қалдықтарды (ПХД-қалдықтар) жағатын зауыт орналасатын аймақ пен салатын компанияды да анықтап қойған.

— Экобелсенділер мен тұрғындар әкімдіктің сөзіне күмән келтіреді. Әсіресе әкімнің "бас тартамыз" деген сөзі күдік ұялатады. Сенімсіз естіледі екен. Қуану әлі ерте. Көп адамдар мұны әлеуметтік желіде жазып та жатыр. Билік адамдарды сабырға келтіру үшін осылай істеуі мүмкін. Алдыңғы жылдары бізге де зауыт салынбайды, қалдық сақталмайды деп сендірген. Ал биыл басқаша сөйлеп жатыр. Ешқандай кепілдік жоқ, – деді экобелсенді Нина Оразбаева.

15 маусымда экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге байланысы Азаттық сауалдарына жауап беруден бас тартты. Ведомствоның баспасөз хатшысы "бұл - әкімдіктің сауалы. Бізден комментарий болмайды" деп қысқа қайырды.

14 маусымда Степногорск қаласында Zoom платформасының көмегімен жобаның қоршаған әсеріне қатысты қоғамдық тыңдау өткен. Онда экобелсенділерге пікір-көзқарасын айтуға мүмкіндік берілмеген.

Степногорск әкімдігінің хабарлауынша, 2019 жылы қараша айында БҰҰ-ға қарайтын өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйым ЮНИДО-ның бағалау комиссиясы Қазақстан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің келісуімен аталған жобаны жүзеге асыруды қолға алған. Жобаны "ЭкоЛюкс-Ас" ЖШС жүзеге асырады деп айтылған.

Осыған дейін жергілікті тұрғындар жобаның қоршаған ортаға әсерін өз бетімен бағалауға тырысқан. Олардың сөзіне қарағанда, жобаның шикі, бұлыңғыр тұстары көп. Жұрт сонымен бірге ПХД-қалдықтарды жою кезінде ауаға өте қауіпті және тұрақты дифенилдер тарайды деп қауіптенеді. Мұндай химиялық қосындыны халық арасында "химиялық СПИД" деп те атайды.

Қалдықты жоюмен айналысатын "ЭкоЛюкс-Ас" компаниясы әзірге Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді. Жобаның үйлестірушісі де жағдайға түсініктеме бермеді.

Қарай отырыңыз: "Ұрпағымызды қырады". Степногорск тұрғындары даулы зауыттың салынуына қарсы (14 маусым 2021 жыл).

"Ұрпағымызды қырады". Степногорск тұрғындары даулы зауыттың салынуына қарсы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:35 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG