Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжанға сапары барысында Таулы Қарабаққа барды. 30 жылдай армяндардың бақылауында болған бұл аймақ былтырғы қақтығыстан соң Әзербайжан бақылауына өткен еді.
Ердоған Брюссельдегі НАТО саммитіне қатысқан соң Физулиге келді. Бұл былтыр күздегі қақтығыс кезінде Әзербайжан әскері бірінші болып бақылауға алған аумақ. Мұнда Ердоғанды Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев күтіп алды.
Одан кейін Ердоған мен Әлиев Таулы Қарабақтағы Шуша қаласына аттанды. Әлиев күздегі қақтығыстан соң Қарабаққа бірнеше рет барған. Ал Ердоған бұл аймаққа алғаш рет келіп отыр.
16 маусымда екеуі Бакуде өтетін Еуропа чемпионаты аясындағы Түркия-Уэльс футбол матчын тамашалайды.
Түркия Таулы Қарабақ үшін соғыста Бакуді ашық қолдап, Әзербайжанды қару-жарақпен қамтамасыз еткен. Күздегі жанжал кезінде Түркияда құрастырылған әскери дрондар шешуші рөл атқарған.
2020 жылы күздегі қақтығыстан соң Таулы Қарабақтың басым бөлігі Әзербайжанға қайтарылған. Аймақ астанасы Степанакерт пен бірнеше аудан армяндардың бақылауында қалған. Екі аймақ түйіскен тұсқа Ресейдің бітімгер әскері орналастырылды.
Ердоған Брюссельдегі НАТО саммитінде АҚШ президенті Джо Байденмен жолықты. Кездесуден соң екеуі Вашингтон мен Анкара арасында шешілмеген мәселе жоқ деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР