Accessibility links

Әлиевтің беделін өсіріп, мерейін асқақтатқан Қарабақ соғысы


Адамдар Таулы Қарабақтағы соғыста жеңісті атап өту үшін көлігінің терезесіне Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің портреті салынған суретті жапсырып жатыр. Баку. 20 қараша, 2020 жыл.
Адамдар Таулы Қарабақтағы соғыста жеңісті атап өту үшін көлігінің терезесіне Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің портреті салынған суретті жапсырып жатыр. Баку. 20 қараша, 2020 жыл.

Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы соғыста жеңіске жетуі президент Ильхам Әлиевтің саяси имиджін өзгертті. Ол авторитарлық жолмен ел билеп келе жатқан 17 жылда Әлиевтің беделі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.

Таулы Қарабақтың бір бөлігі мен сепаратистер оккупациялаған жеті ауданның Әзербайжан бақылауына қайтарылуы көп жұрттың Әлиевке деген көзқарасын өзгертті.

Сарапшылардың пікірінше, Әлиевтің тарихи мұрасы өзгерді. Қақтығыста Бакудің жеңіске жетуі Әзербайжан оппозициясын өзіне қолдау табудың жаңа жолдарын іздестіруге мәжбүр етеді дейді мамандар.

Мұның себебі, ондаған жыл Әзербайжанда саяси оппозиция сөз ететін басты әлеуметтік түйткіл – 1990-жылдардың басында Таулы Қарабақ пен оның төңірегінде армян күштері көшіріп жіберген жүз мыңдаған әзербайжандықтың мәселесі шешімін табатындай көрініп тұр.

Баку халқы Әзербайжанның жеңісін патриоттық сезіммен, шаттана қабылдады, елдің рухы оянып, көңілі көтерілді. Тұрғындар көшеде мемлекеттік туды жамылып, би биледі, көп адам Әлиевтің портретін ұстап жүрді.

Соғыстан кейін әзербайжан ақпарат құралдары Әлиевті "Жеңімпаз бас қолбасшы" деп атай бастады.

Тіпті жылдар бойы қуғын көріп, биыл шілдеде полиция қатаң басып-жаншыған Бакудегі саяси оппозицияның өзі 9 қарашада Ресейдің арағайындығымен қақтығысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін Әлиевті мақтады.

Ұлттың абыройы көтерілген тұста Әлиев ұлт батыры деп дәріптелді. Бакуде дәл қазір оны ашық сынайтындар көп емес сияқты.

Оппозициялық REAL партиясының жетекшісі Ильгар Мамедов таяуда Азаттыққа тарихшылар Әлиевтің әкесі Гейдар Әлиевтің саясатын жалғастырдым деген сөзіне ерекше назар аударатынын айтқан. Гейдар Әлиев Әзербайжанды 1993 жылдан өмірінің соңы – 2003 жылға дейін басқарып, билікті ұлы Ильхам Әлиевке тапсырып кеткен.

"Бұл жерде тарихшылар ауқымды зерттеу жүргізуі қажет. Бірақ саяси тұрғыдан Әзербайжан әскери, саяси жағынан, ең бастысы экономикалық салада расымен де әлсіз болған кезеңде – 1994 жылы Гейдар Әлиев елді тізе бүктірместен, соғысты тоқтата алды. Ильхам Әлиевтің айтып тұрғаны – ол елдің күш-қуатын арттырып, мақсатына жеткізді" дейді Мамедов.

Соғыстан кейін ұлт жұмыла түсті дейді Мамедов.

"Қазір Әзербайжанға қандай қысым жасалып жатқанына қараңыз, бұл қысымға бүкіл халық, оппозиция және билік болып қарсы тұруға тырысып жатырмыз. Ал ол кезеңде Әзербайжан қандай қысым болғанын елестетіп көріңіз" дейді оппозициялық партия жетекшісі.

Әзербайжанда соғыстан кейінгі жаңа тұтастық туралы президент Әлиев те айтты.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (оң жақта) және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Таулы Қарабақтағы соғыстағы жеңіс құрметіне өткен әскери парадқа қатысып тұр. Баку, Әзербайжан, 10 желтоқсан, 2020 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (оң жақта) және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Таулы Қарабақтағы соғыстағы жеңіс құрметіне өткен әскери парадқа қатысып тұр. Баку, Әзербайжан, 10 желтоқсан, 2020 жыл.

"Бұл тұтастық азат етілген жерлерді қайта көркейтіп, ел ішінде босқын болған тұрғындардың ол жаққа жылдам оралуына мүмкіндік береді", - деді Әлиев 10 желтоқсанда Бакуде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуінде.

Бакудегі масаттанған топтың алдына шыққан Әлиев: "Біздің көрікті тарихи аймағымыз – Қарабақ қайта жаңғырып, гүлденеді" деді.

"ТАРИХИ МҰРА"

"Бұл, сірә, Әзербайжан тарихындағы ең үлкен әскери және тарихи жеңіс болар" деді АҚШ-тың Әзербайжандағы бұрынғы елшісі Мэтью Брайза. Бұрынғы елші ЕҚЫҰ-ның Минск тобында Таулы Қарабақ мәселесі бойынша келіссөзде Вашингтонның өкілі болған.

"Әлбетте, билік мұны ерекше атап көрсеткісі келеді және оны халық та қолдайды. Енді бұл – оның саяси мұрасы" деді Брайза Азаттыққа.

"Бұл соғысқа дейін Ильхам Әлиевтің саяси мұрасына қауіп төніп тұрған. Себебі ол Әзербайжан жерінің қандай да бір бөлігін әлі қайтара алмаған. Шамасы, ол ел территориясын қайтара алмаған адам ретінде тарихта аты қалатынын түсінген болуы керек" дейді Брайза.

"Енді бұл мақсат орындалды, жағдай Ильхам Әлиевтің пайдасына қарай өзгерді" дейді Брайза. "Оның бас қолбасшы болып тұрған кезінде жеңіске жетуі бұл саяси мұрасын мызғымастай етеді".

"ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСКЕН" ӘЛИЕВ

Дегенмен, жердің қайтарылуы - 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта кең ауқымды соғыс басталғаннан кейін Әлиевтің беделін арттырған жалғыз фактор емес.

Саяси шолушылар 44 күндік соғыс кезінде Әлиевтің халық арасындағы беделі өзгергенін айтады.

Прагадағы Карлов университетінің докторанты, Әлиев режимі жұмысның логикасы мен мотивтерін зерттейтін Бахруз Самедов соғыс кезінде Әлиевтің беделі шырқау шегіне жеткенін айтады.

"Оппозиция жетекшілері оны сынауды қойды, ал Әлиевтің іс-әрекеті әділетті және жеңіспен аяқталған соғыс ретінде қабылданды" деп жазды Самедов таяуда Берлинде орналасқан Heinrich Boell Stiftung қоры жариялаған мақаласында.

"Қақтығыста Түркияның белсенді қолдау көрсетуі оны "үлкен аға" деп қабылдай бастауға алып келгені сөзсіз" дейді Самедов.

Самедовтің Азаттыққа айтуынша, Әлиев соғыс кезінде Әзербайжанның қарапайым азаматтарына жақын адам ретінде өзін жаңа қырынан көрсете бастады.

"Бұл – бұрын-соңды біз байқамаған өзгеріс. Соғысқа дейін ол халықтан алыс деп сыналатын" дейді Самедов.

"Әлиевтің соғыс кезінде сөйлеген сөздеріне қарасақ, оның Әзербайжандағы қарапайым адамдар ойлайтын және айтатын метафоралар мен сөздерді көп қолданғанын байқаймыз. Қазір ол халықтың тілінде сөйлейді және бұл елге ұнайды" дейді ол.

Таулы Қарабақ соғысының біткенін мерекелеп жүрген Баку тұрғындары. 10 желтоқсан, 2020 жыл.
Таулы Қарабақ соғысының біткенін мерекелеп жүрген Баку тұрғындары. 10 желтоқсан, 2020 жыл.

Зерттеуші Самедов Баку соғыста жеңіске жеткенге дейінгі Әлиевтің ішкі саясаттағы мақсаты "билеуші партияның үстемдігін" сақтау, яғни, саяси бәсекелестерін басып-жаншып, әзербайжандарды өз билігіне "енжар ғана бас шұлғитын" деңгейде ұстап тұру болғанын айтады.

"Енді ол расымен халықтың қолдауына ие болды. 10 желтоқсанда өткен жеңіс шеруіне және ол жерде оның өзін қалай ұстағанына қарасаңыз, оның халықтың өз билігін енжар қабылдайтын үстем тоталитаризмнен авторитарлық популизмге бет бұрып, жаппай қолдауға ие болғанын көресіз" дейді Самедов.

ЖҰРТ КӨҢІЛІНДЕ АЛАҢ БАР

Ендігі мәселе Әлиевтің қазір Әзербайжанда пайда болған патриотизм мен ұлттық мақтаныш сезімін қалай игере алуында болып тұр.

"Ұзақ мерзімде алсақ, ішкі саясатқа мұның әсері қалай болатынын білмеймін. Қақтығысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан бері көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ меніңше, қазір Әзербайжанда бұл келісімді құптаушылар саны өсіп барады. Сол себепті бұл Әлиевті саяси тұрғыда күшті ете түседі".

Amnesty International ұйымының Әзербайжан бойынша маманы, Вашингтонда тұратын Алекс Рауфоглу Әлиевтің қазіргі даңқы қаншалықты баянды болатынын болжау әзірге ертерек дейді.

Рауфоглу қыркүйекке дейін Әлиев шеше алмаған проблемалар – экономиканы тиімсіз басқару, елдегі дендеп кеткен сыбайлас жемқорлық және үкіметтің коронавирус пандемиясын дұрыс еңсере алмауы сияқты мәселелер қайта көтерілуі мүмкін деп санайды.

Соғысты қолдаған негізгі екі оппозициялық топ - "Мусават" және Әзербайжан халықтық майдан партиясы (AXCP) Ресейдің араағайындығымен жасалған келісімге қатысты әлі де алаңдайтындарын білдірді.

Қос партия да соғысты қолдағанымен, Таулы Қарабақта Ресей бітімгерлік күштерінің орналастырылғанын сынға алды.

Бакуде тұратын саясаткер Шахин Гаджиев Азаттыққа әлі де армяндар бақылауында қалып қойған даулы жерлер мәселесін реттемесе, келешекте Әлиев беделіне нұқсан келуі мүмкін дейді.

Оның пікірінше, Әлиев сонымен қатар Әзербайжанда саяси реформалар мен экономикалық өзгерістерге дем беруі керек.

Бірақ әзірге ішкі босқындарды Таулы Қарабақ пен оған іргелес аймақта қалған үйлеріне тезірек қоныстандыру басты назарда тұр.

"Бес айдан кейін ол осы беделін сақталып қала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Тіпті қазірдің өзінде атысты тоқтату режимінің бұзылып жатқаны туралы естіп отырмыз. Сондықтан, көп адам үшін жағдай әлі өзгерген жоқ" деді Рауфоглу.

"Көп адам үйімізге орала аламыз деп үміттенеді. Бірақ бұл үміті осы жолы ақтала ма, аймақтың болашағы қалай болады дегенге жауап беруге әлі ерте" дейді ол.

ЕҢСЕ КӨТЕРІП, ХАЛЫҚТЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ

Брайзаның сөзінше, ішкеріге қашуға мәжбүр болғандарды жаппай көшіру үшін таяуда азат етілген аудандар жарылмай қалған снарядтардан тазартылуы тиіс.

Әзербайжанның минадан залалсыздандыру жөніндегі агенттігі тұрғындарға қауіпсіз болуы үшін аймақты барлық жарылғыш заттан толық тазартуға үш жыл кетеді дейді ол.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев телеүндеу арқылы Агдам ауданының қайтарылғанын хабарлап отыр. 20 қараша, 2020 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев телеүндеу арқылы Агдам ауданының қайтарылғанын хабарлап отыр. 20 қараша, 2020 жыл.

Ал жарылмаған снарядтарды жою – Әлиев атқаруы керек жаңа міндеттердің бірі ғана.

"Таулы Қарабақ пен оның төңірегіндегі жеті ауданды қалпына келтіру – өте қиын жұмыс. Әзербайжан үкіметінің есебінше, оны атқаруға 100 млрд долларға жуық қаржы керек" дейді Брайза.

"Агдам ауданына соңғы барғанымда ешқандай құрылыс көрмедім. Армяндар барлығын дерлік алып кеткен. Барлық кірпіш, сым, терезе, көп жерде есіктерді түгел алып кеткен. Бәрін қайта қалпына келтіру керек" дейді Мэтью Брайза.

"Ең әуелі уақытша тұрақ, сосын тұрақты баспана салынуы керек. Содан кейін электр, газ, ауыз су, мектептер – барлығына дұрыс инфрақұрылым жүргізіп, бәрін қалпына келтіру керек. Бұл – өте үлен сын, ауқымды шаруа» дейді Брайза.

"Мұны істеуге Әзербайжанның қаржысы жоқ. Оған халықаралық қолдау керек" дейді ол.

Бұрынғы елшінің сөзінше, Баку халықаралық қауымдастықтан қолдау табу үшін "моральдық тұрғыдан уәжі" болуы керек. Яғни, армяндардың Таулы Қарабақтағы өз үйлерінде қалуына мүмкіндік беріп, олардың өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасауы тиіс.

"Әзербайжан толық жеңіске жетуі үшін халықаралық қауымдастыққа Армения премьер-министрі Пашинян айыптағандай геноцид немесе этностық тазалау жүргізу ниеті ешқашан болмағанын көрсетуі тиіс" дейді Брайза.

"Бұл – қиын міндет. Осы себептен де аймаққа Ресей бітімгер күштері орналастырылып отыр. Аймақта Ресей бітімгерлерінің орналасуы – НАТО, АҚШ және ең алдымен Әзербайжанның өзі үшін геосаяси сәтсіздік. Бірақ олар болмаса, Таулы Қарабақта этникалық армяндарды басқадай жолмен қалдыру мүмкін болмас еді" дейді дипломат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG