Accessibility links

Баку мен Ереван Қарабақтағы соғысты тоқтатуға келісті. Арменияда шешімге наразылар көшеге шықты


Арменияда наразылар ел премьер-министрі Никол Пашинянның үшжақты мәлімдемеге қол қоюына қарсылық білдіріп парламент ғимаратына басып кірді. Ереван, 10 қараша 2020 жыл.
Арменияда наразылар ел премьер-министрі Никол Пашинянның үшжақты мәлімдемеге қол қоюына қарсылық білдіріп парламент ғимаратына басып кірді. Ереван, 10 қараша 2020 жыл.

Ресей, Әзербайжан президенттері және Армения премьер-министрі Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысты тоқтату жөнінде келісімге келді. Келісім туралы алғаш болып Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян хабарлады. Ереванда шешімге наразылар көшеге шығып, үкімет үйін басып алды.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Facebook желісінде өзі үшін, халқы үшін де "өте ауыр" мәлімдемеге қол қойғанын жазды. Ол бұл шешімді майдандағы жағдайды ескере отырып қабылдағанын айтты. "Бұл - жеңіс емес, жеңіліс те емес" деді Пашинян.

Кейінірек Ресей президенті Владимир Путин Пашинян айтқан мәлімдемеге қол қойғанын растады. Оның сөзінше, Ресей, Әзербайжан және Армения Ресейдің бітімгерлік әскерін Қарабаққа кіргізуге келіскен.

Мәлімдемеге қол қойылғанын Әзербайжан президенті Илхам Әлиев те растады.

Мәлімдеменің мәтінін "Спутник" ақпараттық агенттігінің Армян қызметі жариялады.

Мәтінде үш елдің Қарабақтағы әскери қақтығысты 10 қараша 00.00 уақытында тоқтататыны, тараптардың қазіргі позицияларында қалатыны жазылған. Мәлімдемеге сәйкес, Армения тарабы Әзербайжан бақылауына Ағдам, Келбежер және Лачын аудандарын береді, бірақ Армения мен Таулы Қарабақты байланыстыратын, ені 5 шақырым болатын Лачые дәлізі өзінде қалады.

Таулы Қарабақтағы Ереван мен Баку позицияларының түйісу сызығы бойында және Лачые дәлізі бойында Ресейдің 1960 сарбаздан тұратын бітімгерлік әскері жайғасады. Бітімгерлік әскер бес жылға кіргізілді. Бірақ бұл мерзім тараптар осы тәртіпті аяқтау туралы өтініш білдірмесе автоматты түрде тағы бес жылға ұзартылады.

Таулы Қарабақтан көшуге мәжбүр болған жұрт мекеніне қайтады, Армения өз жерінен Әзербайжанның Нахичеван аймағын елдің басқа аймақтарымен байланыстыратын дәліз жасап береді.

Әлиев аймақта бейбітшілік орнату ісіне Бакудың одақтасы Түркия да қатысады деп мәлімдеді.

Үш тарап қол қойған мәлімдемеде Таулы Қарабақтағы Армения бақылауында қалған аумақтың келешектегі тағдыры туралы ешнәрсе айтылмаған.

Таулы Қарабақтың де-факто басшысы, ұлты армян Араик Арутюнян Пашинянның қадамын қолдайтынын, бұл шешімнің сепаратистік анклавтан түгелдей айырылып қалмау үшін қажет екенін айтты.

АРМЕНИЯДА НАРАЗЫЛЫҚ

Ереванда орталығына бірнеше мың адам жиналып, үш ел басшысы қол қойған мәлімдеменің кей тармақтарына қарсылық білдірді. Жүздеген наразы адам полиция кордонын бұзып өтіп, үкімет үйі мен парламент ғимаратына басып кірді де, терезелерді шағып, ғимарат ішін астан-кестен қылды. Олар "жерімізді бермейміз" деп ұрандатты.

Қарабақ келісімімен келіспеген армяндар парламент үйін қалай басып алды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

Наразылар парламент спикері Арарат Мирзоянды соққыға жығып, салдарынан спикер ауруханаға түсті.

9 қарашада, қарсылық толқуынан бір күн бұрын елдегі 17 оппозициялық партия Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Олар Таулы Қарабақтағы этникалық армяндардың әскері жеңіліп жатқанына наразылық білдірді.

Халық наразылығына қатысты пікір білдірген Пашинян қазіргі жағдай үшін алдыңғы үкіметтердегі жемқорлық кінәлі деді.

"Біз кек алуға дайындалуымыз керек. Біз жемқорлықпен, елімізді тонаған, сарбаздарымыздың азығы мен қаруын ұрлаған олигарх жексұрындардың түбіне жете алмадық" деді Пашинян. Армения үкіметінің қазіргі басшысы 2018 жылғы жаппай наразылық кезінде жемқорлықты жоямын деп билікке келген.

КЕЛІСІМ ҚАРСАҢЫНДА ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСЕЙ ТІКҰШАҒЫН АТЫП ҚҰЛАТТЫ, АРТЫНАН МӘСКЕУДЕН КЕШІРІМ СҰРАДЫ

9 қараша күні соғысты тоқтату мәлімдемесі жарияланардың алдында Әзербайжан күштері Армения мен Әзербайжан шекарасында Ресейдің Ми-24 тікұшағы атып құлатып, кейіннен елдің сыртқы істер министрлігі Ресейден кешірім сұрады.

Құлатылған тікұшақтың қалдығы.
Құлатылған тікұшақтың қалдығы.

Кешірім сұрау мәлімдемесінде Әзербайжан сыртқы істер министрлігі түкұшақтың Армения-Әзербайжан шекарасының тұсынан өтіп бара жатқанын хабарлады.

"Бұл уақытта Армения мен Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы қақтығыс аймағында белсенді әскери шабуылдар жалғасып жатқан. Тікұшақ қараңғы түскенде, төменгі биіктікте, әуе қорғанысы жүйесінің радарлары көре алмайтын аймақта ұшып бара жатты. Ресей тікұшақтары осыған дейін бұл аймақтан көрінбеген" делінген СІМ мәлімдемесінде.

Мәлімдемеде Әзербайжан тарабының Ресейден осы оқиға үшін кешірім сұрайтыны, Бакудың өтемақы төлеуге дайын екені айтылады.

Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, тікұшақтың құлауынан Ресейдің екі сарбазы қайтыс болып, біреуі жарақат алған. Оқиға Таулы Қарабақтағы қақтығыс аумағында емес, одан 200 шақырым қашықта болған. Ал Арменияда Ресейдің әскери базасы бар. 9 қараша күні кешке Ресей сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Мәскеу "Бакудың кінәсін дереу мойындауын" оң бағалайды деді. Министрліктің сөзінше, Әзербайжан тарабы кінәлілер "жазаланады" деп айтқан.

СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ КЕЛІСІМІНІҢ АЛҒЫШАРТЫ

Армения, Әзербайжан және Ресей арасындағы келісім ондаған жылға созылған даудың алты апталық жандануы кезінде Әзербайжан күштері алға жылжыған тұста жасалды. Баку осы уақытқа дейін Армения күштері бақылауда ұстаған бірқатар аймаққа билігін орнатты.

8 қараша күні Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Шуша қаласын бақылауға алғанын мәлімдеді. Стратегиялық тұрғыда маңызды саналатын Шуша қаласы қаласы Степанакертті Армениямен жалғайтын жолдың бойында орналасқан.

Әзербайжан тұрғындарының ел президенті Илхам Әлиевтің Шушаның бақылау алынғаны туралы мәлімдемесінен кейін тойлатуы. Баку, 8 қараша 2020 жыл.
Әзербайжан тұрғындарының ел президенті Илхам Әлиевтің Шушаның бақылау алынғаны туралы мәлімдемесінен кейін тойлатуы. Баку, 8 қараша 2020 жыл.

27 қыркүйек күні басталған қарулы қақтығыс салдарынан екі тараптан мыңдаған адам қаза тапқан саналады. Осы аралықты атысты тоқтату жөнінде үш рет келісім жасалды, бірақ үшеуі де күшінен енген сәтте бұзылды.

Халықаралық деңгейде Таулы Қарабақ Әзербайжан жері саналады. Даудың басы СССР-дің ыдырау алдында басталды. Совет одағы кезінде тұрғындарының көбі этникалық армян болған аумақ Әзербайжанның қарамағында болған. 1988 жылы олар Әзербайжаннан бөлінетінін мәлімдеп, оның арты алты жылға созылған соғысқа ұласты. Соғыс 1994 жылы аяқталып, оның нәтижесі бойынша Таулы Қарабақ Ереван қолдауына ие этникалық армяндардың бақылауында қалды. Баку әскері шегініп, аймақта тұратын әзербайжандар көшуге мәжбүр болды. Осы дауды шешу үшін ЕҚЫҰ аясында Минск тобы құрылды. Оған Ресей, Франция және АҚШ елдері қатысты. Алайда Минск тобы тараптарды қанағаттандыратын нәтиже бермеді.

Таулы Қарабақ: Жанжал ошағындағы бейбіт тұрғындар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG