Accessibility links

Израиль "жанатын шарларға" жауап ретінде Газа секторын әуеден атқылады


Израиль күштерінің Газа секторындағы ХАМАС нысандарын атқылауы.
Израиль күштерінің Газа секторындағы ХАМАС нысандарын атқылауы.

16 маусымда таң атпай тұрып Израиль әуе күштері Газа секторындағы ХАМАС нысандарын атқылады. Израиль әскерінің хабарлауынша, Палестина аумағынан Израильдің оңтүстігіне қарай "жанғыш заттар толтырылған шарлар" ұшырылған, соған "жауап" ретінде әуеден шабуыл жасалған.

Бұл өткен айда екі тарап арасында атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейінгі алғашқы шабуыл. Израиль әскерінің хабарлауынша, Палестинадан ұшырылған "жанатын шарлар" елдің оңтүстігінде бірқатар алқаптың өртенуіне түрткі болған. Израиль әскері таратқан хабарламада ХАМАС тобының әскери кешендерді шабуылды ұйымдастыру үшін пайдаланатыны жазылған. "Оқиға қалай өрбімесін, Израиль кез келген жағдайға сақадай сай дайын отыр" делінген мәлімдемеде.

15 маусымда Израиль туын ұстаған жүздеген ұлтшыл Шығыс Иерусалимде шерулетіп жүрген. "Жанғыш шарлар" мен әуе шабуылы жайлы ақпарат сол шарадан кейін пайда болды.

1967 жылы Израиль Газаны, Батыс жағалауды және Шығыс Иерусалимді басып алған. Осы оқиғаны жыл сайын атап өтетіндер әдетте Мұсылмандар даңғылымен жүретін. Бірақ биыл Израиль билігі шерушілердің жүретін жолын өзгертті.

Палестиналықтар шеруді "арандату" деп бағалап, ФАТХ пен ХАМАС Газа секторы мен Батыс жағалауда "ашу-ыза күнін" өткізуге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG