Accessibility links

"Артық ештеңе сұрап тұрған жоқпыз". Семейде автобус жүргізушілері жарты күн жұмысқа шықпады


Қала әкімінің кеңесшісі Димитрий Гариковпен (оң жақта) сөйлесіп тұрған жүргізушілер.
Қала әкімінің кеңесшісі Димитрий Гариковпен (оң жақта) сөйлесіп тұрған жүргізушілер.

16 маусымда Семейде Semey Bus автобус паркінің жұмысшылары тағы кезекке шыққан жоқ. Жүргізушілер әлеуметтік жарнаны төлеуді талап етеді.

— Біз күніне 15-16 сағаттан жұмыс істейміз, артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Осы уақыт бойы қаншама нәрсе естідік. Зейнетақы жарнасына ақша ұстап қалғанмен неге ол бізге түспейді? Қандай негізде? Салық органдары қайда қарап отыр? Не үшін екі жылда жағдай өзгермеді? Соншама қаражат. Зейнетақы қорындағы ақша қайда кетіп жатыр? — деді наразылар.

Наразылармен кездесуге қала әкімінің кеңесшісі Димитрий Гариков, қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов келді.

Димитрий Гариков жұмысшыларды түске дейін күтуге үндеп, өзінің екі апта бұрын ғана қызметіне кіріскенін айтты. "Кәсіпорынның мәселелерімен танысып жатқанын" жеткізді.

— Мәселе заң жүзінде қалай шешілуі тиіс, қазір соны қарастырып жатырмын. Сот процесі өтіп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін қанша уақыт керектігін анықтап, айтамын. Сот шешімі қашан шығады, субсидия, несие мәселесі шешіле ме, шешілмей ме? Сіздердің зейнетақы жарналарыңыз кәсіпорынға байланысты. Егер қаржыны үлестіру мәселесін әкімдік бөлімі шешсе, олармен зейнетақы жарнасының түспеу мәселесін талқылаймыз, – деді Гариков.

Наразылар әкім кеңесшісінің сөзіне ашуланды.

— Өткенде біз бәрі шешіледі деген соң жұмысқа шыққанбыз. Әлі күнге дейін шешіп жатырсыздар. Бәрі келеді де, уәде беріп, кетіп қалады. Сіз уәде берген алғашқы адам емессіз. Қала басшысының өзі уәде берген, – деп айқайлады топтың ішінен.

16 маусым күндізгі сағат 12-де әкімдік өкілдері жұмысшылардың кезекке қайта шыққанын хабарлады. Semey Bus компаниясының баспасөз хатшысы Айнұр Сәбитова "жүргізушілер мәселеге ақпарат құралдарының назарын аударту үшін ереуілге шықты" деді.

— Адамдар шағымданып жатыр, бірақ басшылық бұл жөнінде алдын ала білген жоқ. Кешірім сұраймыз. Әкімдік әдеттегідей бәрін шешуге уәде берді, жұмысшылар қаланы қозғалыссыз қалдырмас үшін линияға кетті, – деді баспасөз хатшысы.

Semey Bus автобустары ереуілге шыққан кезде жолаушыларды "Семавтопарк" паркінің жұмысшылары тасыған. Жұмысшылар талаптарының бірі осы автопаркті жабу, себебі онсыз да ақша жетіспей жатқан кезде олар жолаушылар мен ақшаны орта жолдан қағып алып кетеді.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келе жатқан Semey Bus автопаркінің 49 пайызы - Семей қаласы әкімдігіне, 51 пайызы "Семей" автобус паркі" компаниясына тиесілі. Автопарктің жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі – 633 млн теңге. Компания қаладағы автопаркті жаңарту үшін құрылған. "БРК-Лизинг" арқылы 170 автобус алынған. Бұған дейін жүргізушілер ереуілге шығып, жалақының кешіктірілуіне, зейнетақы мен медициналық жарнаның төленбейтіндігіне, жұмысшылардың құқықтары бұзылатынына шағымданған.

Елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде кейбір жұмысшылар жұмысынан айырылған, бірақ олар зейнетақы жарнасының болмауына байланысты мемлекет төлеген 42500 теңге қаржылай көмекті ала алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG