Accessibility links

"Тірі нәрестені мұздатқышқа салды" деп айыпталған дәрігерлердің жақтастары "заңсыздыққа" шағымданды


Атыраудағы нәресте өліміне қатысты сотталған дәрігерлер құқығы туралы айтып жатқан адвокаттар мен сарапшылар. Нұр-Сұлтан, 17 маусым 2021 жыл.
Атыраудағы нәресте өліміне қатысты сотталған дәрігерлер құқығы туралы айтып жатқан адвокаттар мен сарапшылар. Нұр-Сұлтан, 17 маусым 2021 жыл.

17 маусымда Нұр-Сұлтанда қаңтар айында "жаңа туған нәрестені мұздатқышқа салып өлтірді" деген айыппен 15-18 жылға бас бостандығынан айырылған Атырау облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлерінің адвокаты мен сарапшылар баспасөз мәслихатын өткізіп, тағылған айыптармен келіспейтіндерін айтты.

Сарапшылар сот медициналық сараптамада бірқатар қарама-қайшылық бар деп санайды. Республикалық сарапшылар палатасының мүшесі, сот медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров сотқа дәлел ретінде ұсынылған шақалақтың мүрдесіне Орал және Қарағанды қаласында жасалған сараптаманың екеуі екі түрлі екенін, шындыққа жанаспайтынын айтты.

Сотталушылардың адвокаты Нұрлан Жолболов дәрігерлердің кінәсіздігін дәлелдейтін көп факт бола тұра сотта ескерілмегенін, сот басталмай жатып істі қозғаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің "шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратқанын" айтады.

- Апелляцияда монтаждалған телефон әңгімелерін, баланың іштен өлі туғанын дәлелдейміз деп үміттенемін. Процессуалдық заңбұзушылық өте көп, оның бәрін қазір тізбелеу мүмкін емес. Мәселен, Нысанбаев сот алды тереуінде бірде-бір рет жауапталмады. Мұны қалай түсінуге болады, - деп Нұрлан Жолболов.

Атыраудағы облыстық перинаталдық орталық дәрігерлеріне қатысты қылмыстық іс 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен қозғалған. Бір жарым жыл өткен соң орталықтың бес дәрігері қылмыстық жазаға тартылған.

Сот Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаевты – 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды – 16 жылға, акушер Жамила Күлбатированы 15 жылға бас бостандығынан айырған. "Қылмысты көре тұра айтпады" деп айыпталған неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабеваның 3,5 жылға бас бостандығы шектелген еді. Дәрігерлердің ешқайсысы өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.

Тергеу органдарының мәліметінше, "дәрігерлер өмірге келген нәрестені өлдіге санап, құжат толтырып жіберген. Бірақ кейін нәрестенің тірі екені анықталған. Ал дәрігерлер базаға енген құжатты өзгертпеу үшін нәрестені тоңазытқышқа салған. Нәрестені тоңазытқышта қалдыру туралы бұйрықты Атырау облыстық перзентханасының директоры берген".

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, бұл жайт перзентхана директорына қатысты басқа істі тексеру кезінде белгілі болған. Бұл іс бойынша перзентхана директоры "шетінеген тағы бір нәрестеге жасалған сараптаманы өз пайдасына шешу үшін Атырау облыстық сот-медицина институтының басшысына 300 мың теңге (шамамен 800 доллар) пара берген" деп айыпталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG