Accessibility links

"Қызыл зонада" бір өзі қалған Нұр-Сұлтанда күн сайын 300-ден астам адамнан Covid анықталып отыр


Коронавирус вакцинасын салдырып жатып селфиге түскен ер адам. Алматы, 17 сәуір 2021 жыл.

19 маусым күні Нұр-Сұлтанда 342 адамның анализінен коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы Coronavirus2020.kz сайты хабарлады.

Ел астанасында коронавируспен осымен төртінші күн қатарынан 300-ден астам науқас тіркеліп отыр: 16 маусымда 343, 17 маусымда 372, 18 маусымда 367.

Бұл Нұр-Сұлтан үшін рекордтық көрсеткіш емес. Сәуірдің ортасында күнделік анықталатын науқас саны 600-ден де асып жүрді. Ең жоғарғы көрсеткіш 16 сәуірде тіркелген. Ол күні Covid инфекциясы 653 адамның анализінен шыққан. Бірақ ол кезде науқас саны Алматыда одан көп болатын, одан бөлек жеті аймақта жүзден астам науқас тіркеліп жүрді. Содан бері індетті беті бері қайтқандай болып, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың барлығы дерлік эпидкартаның «қызыл зонасынан» шыққан. Қазір онда тек Нұр-Сұлтан қаласы тұр.

Бүкіл ел бойынша 1 ақпанда басталған вакциналау науқанында астанада екпенің кемі бір дозасын салдырғандар саны – 182 854 адам. Бұл – аймақтар арасында жетінші көрсеткіш. Алматыда 373 мың, Түркістан облысында 305 мың, Алматы облысында 287 мың, Шымкентте 224 мың, Шығыс Қазақстан облысында 205 мың, Қарағанды облысында 189 мың адам вакцинаның кемі бір дозасын алған.

Індет басталғалы астанада барлығы 59 910 адамның анализінен коронавирус инфекциясы анықталған. Бұл көрсеткіш бойынша Нұр-Сұлтан Алматыдан (72149) кейін екінші орында тұр.

Елде вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған адамдар саны осымен 408 650-ге жетіп отыр. Оның 383 мыңы жазылған, 20 мыңы емделіп жатыр, 4234-і қайтыс болған. Коронавирустан қайтыс болғандар қатарына Covid жұқтырғаны расталған, бірақ өзге аурудан қайтыс болды деген екі мыңға жуық адам кірмеген.

Бұдан бөлек былтыр 1 тамыздан бері коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония есебі (КВИ-) жүргізіліп келеді. Ол бойынша барлығы 56 535 науқас тіркеліп, оның 3423-і көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG