Accessibility links

Арменияда кезектен тыс парламент сайлауы өтіп жатыр


Еревандағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан әйел. 20 маусым 2021 жыл.
Еревандағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан әйел. 20 маусым 2021 жыл.

Жексенбі, 20 маусым күні армяндар парламент депутаттарына дауыс беріп жатыр. Кезектен тыс парламент сайлауы саяси дағдарысқа тұспа-тұс келіп. Дағдарыс былтыр күздегі алты апталық соғыстың салдарынан туған. Армения Әзербайжанның жікшіл аймағы Таулы Қарабақ үшін соғыста жеңіліп қалған.

Премьер-министр Никол Пашинян елдегі наразылық пен толқуды басу үшін отставкаға кететінін айтып, кезектен тыс сайлау жариялаған.

Наразы армяндар соғыстың қалай аяқталғанына Пашинян жауапты деп санайды. Алта апталық соғыс Ресейдің араағайындығымен қарашада аяқталған. Бітім келісімі бойынша, Әзербайжан Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін өз бақылауына қайта алған. Бұл аймақ 1990-жылдардың басындағы соғыс кезінде Ереван қолдауына ие сепаратистер қолына өткен.

2018 жылы халық толқуы кезінде билікке келген Пашинянның беделі соғысқа дейін 60 пайыз болса, соғыстан кейін 24 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бірақ осыған қарамастан Пашинян мыңдаған адамды әлі де соңынан ерте алатынын көрсетті.

Сыншыларға Пашинян бітімнің амалсыз қадам болғанын, оған бармаса Түркия қолдауына ие Әзербайжанға Таулы Қарабақты тұтас беруге мәжбүр болғанын айтады. Ол сондай-ақ бұрынғы басшыларды дипломатиялық мүмкіндіктердің түбіне жетті, қорғаныс саласын жемқорлыққа батырды деп айыптады.

Күзгі соғыс кезінде 6 мыңнан астам адам қаза тапты, мыңдаған бейбіт тұрғын көшуге мәжбүр болды.

Сайлау күні 2 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Елде дауыс беруге құқылы 2,6 миллион адам бар.

Сайлауға 21 партия, 4 альянс түсіп жатыр. Бірақ сауалнамалар негізі тартыс Пашинянның "Азаматтық келісім" партиясы мен елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарянның "Армения" альянсы арасында жүретінін көрсетіп отыр. Әрқайсысына 24 пайыз шамасында дауыс беріледі деп болжанған.

Таулы Қарабақ тумасы Кочарян сайлауалды науқанында қауіпсіздік орнатып, экономиканы күшейтетінін, саяси шиеленісті шешетінін мәлімдеген.

1998-2008 жылдары Арменияның президенті болған Кочарян 1990-жылдардың басында Таулы Қарабақтың сепаратистік күштерін басқарып, 1994-1997 жылдары аумақтың алғашқы де-факто президенті болды.

Армения президенті кезінде ол сайлаудан кейінгі наразылықты басуға полицияны заңсыз жіберді деп айыпталған. 2008 жылы Ереванда өткен бұл наразылықта сегіз шеруші мен екі полицей мерт болған.

Пашинян сол наразылықты ұйымдастырушылардың бірі болған. Осы оқиғадан кейін ол түрмеге қамалып, 2011 жылы үкіметтік амнистия кезінде босап шыққан. Кейінірек Кочарян наразылықты күшпен басты деп айыпталып, 1,5 жыл тергеуге дейінгі қамауда болды. Биыл ол тағылған айыптар бойынша кінәсіз деп танылды. Кочарян өзіне тағылған айыптардың Пашинянның саяси астары бар шабуылы екенін айтқан.

Парламентке өту үшін шағын партиялар дауыстың 5 пайызын, саяси альянстар 7 пайызын алуы керек. Егер ешқандай партия не саяси альянс 50 пайыздан артық дауыс жинамаса, Пашинян мен Кочарян алты күн ішінде шағын партиялармен келісіп, коалиция құруға тиіс болады.

Егер ешкім коалиция құра алмаса, ең көп дауыс алған екі партия не альянс сайлаудың екінші кезеңіне түседі. Жеңіске жеткен партияға не альянсқа автоматты түрде мандаттың 54 пайызы беріледі. Қалған мандаттар бірінші сайлаудың нәтижесі бойынша үлестіріледі.

Ереванда тұратын саяси сарапшы Беньямин Погосян Азаттықтың Армян қызметіне берген пікірінде кенет жағдай болып қалмаса, бір партия не альянс үкімет құруға жетерлік дауыс жинай алмайды дейді.

"Не коалиция үкіметі не сайлаудың екінші туры болатыны анық" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG