Accessibility links

Түркістан облысында "Сайрам-Өгем" шатқалында тағы бір адамның денесі табылды


Сайрамсу шатқалы. Сурет Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ресми сайтынан алынған.
Сайрамсу шатқалы. Сурет Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ресми сайтынан алынған.

Түркістан облысында "Сайрам-Өгем" шатқалында тағы бір адамның денесі табылды. Бұл мамыр айының соңында шатқалға шығып, жоғалып кеткен жеті адамның соңғысы болуы мүмкін. Бұған дейін төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары 21 мамырда тауға шығамыз деп кеткен жеті адамның үшеуін құтқарған, үшеуінің денесін тапқан.

Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушылар мәйітті 22 маусым күндізгі сағат 12 шамасында Айғыржыққан және Өгем өзендерінің тоғысқан жерінен екі шақырым жоғарыда су түбінен тапқан.

"Мүрдені тасымалдау үшін "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы оқиға орнына бара жатыр. Табылған мәйіт сараптама жасалу үшін полиция қызметкерлеріне табысталады" делінген министрлік хабарламасында.

Жеті студент 21 мамыр күні Түлкібас ауданындағы "Сайрам Өгем" шатқалына жаяу табиғатқа шығып, жоғалып кеткен. Кейін оларды құтқарушылармен бірге полиция, шекара қызметі, ұлттық парктің қызметкерлері мен туыстары іздей бастаған. Жеті студенттің арасында Ақтөбе, Атырау, Орал және Жезқазғаннан келгендер болған.

28 мамыр күні жоғалғандардың үшеуі тірі табылды. Оларды "Қазавиақұтқару" тікұшағының мамандары байқаған.

Кейін құтқарушылар шатқал аумағынан үш студенттің денесін тапқан. Іздеу жұмыстары 27 күн жалғасқан. Оқиғаға байланысты Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG