Accessibility links

Қазақстанда коронавирус өршіп барады, Алматы мен үш облыс "қызыл аймаққа" өтті


Коронавирусқа қарсы вакцина салдырып отырған адам. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.
Коронавирусқа қарсы вакцина салдырып отырған адам. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.

Қазақстанда Covid-19 жұқтырғандар 1730 адамға көбейді. Бұл туралы 26 маусымда елдегі эпидемия ахуалы туралы ресми хабар тарататын Coronavirus2020 сайты хабарлады. 54 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.

Ресми дерек бойынша, 24 маусымда 14 адам коронавирустан, тағы 3 адам соған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.

Сенбіден бастап Алматы қаласы мен Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары коронавирустың таралуына байланысты "қызыл аймаққа" өтті. Бұған дейін "қызыл аймақта" коронавирус жұқтырғандар күн сайын көбейін жатқан Нұр-Сұлтан қаласы ғана болған еді. "Сары аймақтағы" Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысына бүгін Қостанай облысы да қосылды.

Қазақстанда коронавирустың дельта нұсқасы анықталған шақта науқас саны қайта көбейіп жатыр. 27 маусымнан бастап ел астанасында карантин қайта күшейеді: көпшілік қатысатын той-томалақ, сауық шарасымен бірге митинг, шеру өткізуге де тыйым салынады. Санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, азаматтар қоғамдық орындарда маска тағуға, антисептик қолданып, ара қашықтықты сақтауы керек. Ashyq жобасына қатысатын нысандарға кіру үшін адамдар осы қосымша арқылы статусын тексеруге міндетті.

Былтырғы наурыздан бері Қазақстанда 416 442 адамға коронавирус жұққан. 4295 адам көз жұмды. Бұған қоса елде коронавирус пневмониясына шалдыққандардың жиынтық саны 56 840 адамға жетті. Осы уақытқа дейін бұл дерттен 3440 адам қайтыс болды. Билік Covid пен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды екі бөлек есептейді. Бірақ халықаралық ұйымдар дерегінде екі көрсеткіш біріктірілген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 3 млн-ға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1,8 млн-нан астамы екпенің екі дозасын алған. Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және Қытай шығарған Sinopharm мен "Sinovac Biotech Ltd" компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасын егу шарасы өтіп жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 180 млн-нан астам адамның коронавирус жұқтырып алғаны анықталған. 4 млн-ға жуық адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG