Финляндияның денсаулық сақтау жөніндегі құзырлы мекемелері елде коронавирус жұқтырғандар саны күрт арта бастағанын, вирустың негізінен Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан оралып жатқан футбол жанкүйерлерінен анықталып жатқанын мәлімдеді.
Euro-2020 футбол чемпионатының кей ойындары өтіп жатқан Ресейде коронавирустың тез жұғатын "дельта" варианты тарап жатыр.
26 маусым күні Финляндияның денсаулық және әл-ауқат институты Санкт-Петербургтен автобуспен оралып жатқан азаматтарды коронавирус тестін тапсыруға шақырды. Институт директоры Мика Салминеннің сөзінше, Санкт-Петербургтен оралған жолаушылардың 120-сынан астамынан коронавирус анықталған және бұл сан одан әрі ұлғаюы ықтимал.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, 5,5 миллион халқы бар Финляндияда індет басталғаны коронавируспен барлығы 95 мыңға жуық науқас тіркелген. Оның 969-ы қайтыс болған. Елде коронавирус вакцинасының 4,2 миллион дозасы салынған.
Санкт-Петербургте Euro-2020 чемпионатының алты ойыны өтті. 2 шілдеде бұл қалада ширек финал ойындарының бірі өтеді.
Ресей мен Қазақстанда жылдам тарап жатқан "дельта" варианты кемі 85 елден анықталған. Ол Ұлыбритания, Португалия және ОАР елдерінде доминант вариантқа айналды.
ПІКІРЛЕР