Accessibility links

Ұлыбритания денсаулық министрі өзі үгіттеген санитарлық талапты өзі бұзып, отставкаға кетті


Ұлыбритания денсаулық министрі Мэтт Хэнкок.
Ұлыбритания денсаулық министрі Мэтт Хэнкок.

Сенбі, 26 маусым күні басы дауға қалған Ұлыбритания денсаулық министрі Мэтт Хэнкок отставкаға кетті. Содан бір күн бұрын The Sun таблоиды министрдің өз мекемесінің қызметкері Джина Коланджелоны құшақтап, сүйіскенін бейнелейтін суреттерді жариялаған.

Бірақ әйелі бар шенеуніктің отставкаға кетуіне қызметкерімен жеке қарым-қатынасынан гөрі оның әлеуметтік қашықтық талабын бұзғаны себеп болған.

Суреттер Ұлыбритания қатаң карантин шаралары жарияланған тұста түсірілген ұқсайды. Ол кезде бір үйде тұрмайтын адамдарға сауық құруға тыйым салынған. Хэнкок денсаулық министрі ретінде осы талапты орындауға шақырған, бірақ қазір бұл талапты министрдің өзі бұзғаны анықталып отыр.

"Ел азаматтарының қандай шектеулерге барғанын түсінемін. Осы ережені оны бекіткендердің өзі бірінші болып ұстануы керек еді. Сол себепті мен отставкаға кетуім керек" деп келтіреді BBC Хэнкок сөзін.

Дау туғанда премьер-министр Борис Джонсон министрден отставкаға кетуін талап етпеген. Үкімет басшысы Хэнкоктан түсініктеме алғанын, істі жабулы санайтынын айтқан. Алайда қоғамда министрге шүйліккендер қатары көбейді.

Кейінгі күндері Ұлыбританияда коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны қайтадан арта бастады. Алдыңғы күні Covid инфекциясы елде 20 мыңнан астам адамнан анықталған. Бұл – кейінгі айлардағы ең жоғарғы көрсеткіш. Биліктің мәлімдеуінше, індеттің қайта күш алуына коронавирустың "дельта" варианты (үнді штамы) себепкер. Осыған дейін карантиндік шектеулер шілдеде алынатын болған. Бірақ ахуалдың нашарлауына байланысты бұл қадам кейінге шегерілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG