Accessibility links

Ақтөбе соты "17 мың қазақстандық зардап шеккен" резонанс тудырған істі қарай бастады


"Қаржы пирамидасы ісі" қаралып жатқан сот отырысы. Ақтөбе, 29 маусым 2021 жыл.
"Қаржы пирамидасы ісі" қаралып жатқан сот отырысы. Ақтөбе, 29 маусым 2021 жыл.

Ақтөбеде "17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденген" деп айыпталған "қаржы пирамидасымен айналысқан" бірнеше компания өкілдеріне қатысты сот басталды. Істе елуге 48 айыпталушы бар. Алтауына халықаралық іздеу жарияланған.

Тергеу органдарының мәліметінше, "Гарант 24 Ломбард" және "Выгодный займ", "Estate Ломбард", "Нұр-Али Капитал" ұйым өкілдерінің "алаяқтығынан" 17 мыңнан астам адам зардап шеккен. Олар 30 млрд теңгеден астам залал келтірген.

Айыпталушыларға "қаржы пирамидасын құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне араласты", "алаяқтық жасады", "заңсыз банктік қызметпен айналысты" деген бірнеше айып тағылған. Олардың 31-і – тергеу изоляторында қамауда, 11-і үйқамақта отыр.

Сот қоныс колониясында өтіп жатыр. Колония маңында күзет күшейтілген.

Істі Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы Сейфулла Тасымбетов қарап жатыр.

29 маусымда айыптаушылардың бірі "сырқаттанып тұрмын, дене қызуымның көтерілгеніне қарамастан мені мұнда мәжбүрлеп әкелді" деп шағымданған соң оны сот залынан алып кетті.

Алғашқы сот отырысында айыпталушылардан жеке деректері сұралды. Прокурор "бәрін айыптау актісімен қамтамасыз еттік" деп мәлімдеген кезде айыптаушы орындығында отырғандар наразы болып, шулады.

Өзге қалалардан келген адвокаттар сотты онлайн режимінде өткізу туралы сұрады. Ал судья "видеобайланыс орнату әзірге мүмкін емес" деп жауап берді.

Былтырдан бері Қазақстанның әр аймағында осы бірнеше компанияға ақша салған салымшылар қаржыларын қайтара алмай жүргенін айтып, биліктен көмек сұраған. Салымшылар компаниялардың кеңсесіне барып, ақшаларын қайтаруды талап еткенімен нәтиже шықпаған.

Кейінірек Қазақстан ішкі істер министрлігі тұрғындар шағымы бойынша қаржы пирамидасымен айналысатын "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ" және "ESTATE Ломбард" компаниясы құрылтайшыларына қатысты ондаған қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG