Accessibility links

"Имандай сендірді". Қаржы пирамидасына алданатындар азаймай тұр


Көрнекі сурет.

Жыл сайын қазақстандықтар қаржы пирамидасын құрған адамдарға миллиардтаған теңгені өз қолымен "жинап береді". Ол ақша көбіне кері қайтпайды. Соған қарамастан, Қазақстанда жылда жүзге жуық қаржы пирамидасы жаңадан пайда болады. Кейінгі бес жылда "Қаржы пирамидасын құру" бабы бойынша 555 іс қозғалған. Салымшы ақшасының 3 пайызы ғана қайтарылған.

"АДАМДАР ЖЫЛАП, "ӨЗІМІЗГЕ ҚОЛ САЛАМЫЗ" ДЕП ҚОРҚЫТТЫ"

2020 жылдың ақпанында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын құрған қаржы пирамидасынан зардап шеккен 38 адамнан арыз түсті.

Олардың айтуынша, қаржы пирамидасын құрған әйел мемлекеттік сатып алумен айналысатынын, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорымен (Қазақстанның ұлттық әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік инвестиция холдингі) серіктес екенін, өзіне "Болашақ" бағдарламасының ауқатты түлектері көмектесетінін айтқан. Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда, ол өзін бюджет қаржысын бөлуге қатысы бар адам етіп көрсетіп, халықтың сеніміне кірген.

Салымшыларға қаржы пирамидасына аударылған қаражаттың үстінен 50 пайыз үстеме ақша берілген, ал ұйымдастырушы тапқан пайданы тасы өрге домалап тұрған бизнеске қайта құюға көндірген.

Арыз берушілердің айтуынша, кейінірек әр "инвесторға" соңынан адам ертіп әкелу тапсырылған. Олар қатысқан "мемлекеттік сатып алуға" қажет қаржы көлемі артып, пайда да өскен. Салымшылардың бірі Жарқын Қалиев "инвесторлар" бір-бірі туралы ештеңе білмегенін айтады.

– Ол [қаржы пирамидасының басшысы] басында бүкіл өңір бойынша сегіз адам жұмыс істейтінін айтқан. Біз желтоқсанға дейін бір-бірімізді таныған жоқпыз, – дейді Қалиев.

Медет Абдулин өзін биржа трейдері деп таныстырды. Ол арыз берушілер "пирамида құрды" деп айыптаған әйел сенімге кіріп сөйлегесін, оның кәсібі туралы әңгімесінен еш күдіктенбегенін айтады.

– Ол кезде бұл пирамида болып көрінген жоқ. Әлгі әйел мемлекеттік сатып алу мен тендерден алыс жүрген адамдармен сөйлескен. Өзім биржа трейдерімін, бірақ тендер мен мемлекеттік сатып алуды жақсы білмеймін. "Осынша пайда қайдан түседі?" деп сұрағанымда ол Қытайдан келетін тауарлармен жұмыс істейтінін айтты. "Қол астымда тендерде жеңумен айналысатын және тауар жеткізетін команда, есепшілер мен заңгерлер бар" деді. Құжаттарын сұрағанымда ол күйеуінің жеке кәсіпкер куәлігіне жасалған сенімхатын көрсетті, – дейді Абдулин.

"Инвесторлар" өз ақшасы мен өзгелерден жинаған қаржысын ұйымдастырушының күйеуінің шотына аударған немесе қолма-қол беріп отырған. 2019 жылдың қазан, желтоқсан айларында пирамида иесі инвесторлардан доллармен ақша салуды сұраған. Абдулин нотариустың көзінше 50 миллион теңге, Қалиев екі миллион теңге берген.

Салымшылар мұнда бір шикіліктің барын сезген қаңтар айында ғана бір-бірімен танысып, сөйлесе бастаған.

– Желтоқсанда проблемалар басталды. Ол "жылдың соңы, болмай жатыр, тауар жеткізушілер кешікті" деген сылтау айтты. Қаңтардың соңында ол Алматыда жүргенде, біз іздеп барып, ақшамызды талап еттік. Шамамен 20 күн сол жақта болдық. Адамдар жылап, "өзімізге қол жұмсаймыз" деп қорқытты. Әр салымшының артында ақшасын қайтаруды талап еткен 15-30 адам тұрды, – дейді Медет Абдулин.

Сол кезде жәбірленушілер айыпталушы "серіктестерім" деп таныстырған адамдармен байланысқан.

Ақшамыздың қолды болғанын, оның ешқандай тендермен жұмыс істемегенін сол кезде түсіндім.

– Бізден ақша алған әйел олардың жобасына бір рет қана 25 миллион теңге салғанын анықтадық. Ақшамыздың қолды болғанын, оның ешқандай тендермен жұмыс істемегенін сол кезде түсіндім, – дейді "салымшылардың" бірі Индира Мұхамадиева.

Жәбірленушілер полицияға арыз жазған. Ұзақ уақыт бойы тергеу дұрыс жүрмеген – арыз берушілерден ешкім түсініктеме алмаған, "ірі көлемде алаяқтық жасады" деп айыпталған әйел коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин кезінде астанаға кетіп қалған.

– Біз тергеушілердің әрекетсіздігі туралы видеоүндеу жариялағаннан кейін ғана іс Өскеменге өтіп, есепшоттармен жұмыс басталды. Бірақ әлі күнге жәбірленушінің жартысынан түсініктеме алынған жоқ. Тергеуші 200-ден астам жәбірленуші барын айтты, – дейді Индира.

Аягөз қаласының тұрғыны ұйымдастырған қаржы пирамидасына алданып қалғанын мәлімдеген азаматтардың видеосынан скриншот.
Аягөз қаласының тұрғыны ұйымдастырған қаржы пирамидасына алданып қалғанын мәлімдеген азаматтардың видеосынан скриншот.

Азаттық "қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған Аягөз тұрғынына хабарласып көрді, бірақ оның инвесторлармен сөйлескен телефон нөмері өшірулі болды. Оның адвокаты "сенімхат беруші тұлғаның келісімінсіз" сөйлесуге тыйым салатын заңға сілтеп, пікір бермеді. Журналиске клиентімен байланысуға көмектесуден де бас тартты.

Арыз иелері өздерінен ақша алған адамның өзіне тағылған айыптарды мойындамай отырғанын айтады. Олардың сөзінше, ол кісі барлық ақшаны қайтарып бергенін, ал нотариустағы қолхатқа "қысымның күшімен қол қойғанын" мәлімдеген.

Іс қылмыстық кодекстің 4-бөлімі, 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша қаралып жатыр.

ПИРАМИДА ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Салымшылардың сөзіне қарағанда, бұл істе әр қатысушыдан өзімен бірге жаңа адам әкелуді талап ететін классикалық көпдеңгейлі қаржы пирамидасы байқалады. Барлық қатысушы пирамидаға ақша салады. Бұл ақша олардың өз арасында бөлінеді – адамдарға тартымды көрінетін "жоғары пайда" осылай түзіледі. Мұндай пирамида ерте ме, кеш пе, бәрібір құлайды. Өйткені оның жұмысы жалғасуы үшін "инвесторлар" үздіксіз көбейіп, үнемі өсіп отыруы керек.

Пирамиданың негізін қалаушылар әдетте "алтын, мұнай, криптовалюта сатамын" деп айтады. Олар құрған механизм бірнеше айда құлауы да, өте ұзақ уақыт жұмыс істеуі де мүмкін. Қазір жабылған, бірақ әлем тарихында ең ұзақ жұмыс істеген қаржы пирамидасын Бернард Мейдофф құрған. 40 жыл қызмет еткен қаржы пирамидасынан 64,8 миллиард доллар шығын келген. Пирамиданы құрған адам сот үкімімен 150 жылға бостандығынан айырылған.

Қаржы пирамидасын құрушылар "танысы мен байланысы көбін" айтып, солардың атын жамылуы мүмкін. Мысалы, мамырда ұсталған, WhatsApp мессенджерінде "Реальные доходы" тобын құрған 45 жастағы Қазақстан азаматы осы әдіске жүгінген. Ол өзін "брокермін" және "Нұр-Сұлтандағы қызметі жоғары шенеуніктің әйелімін" деп таныстырып, адамдарға құнды қағаздар сатып алуды ұсынған. Оның әрекетінен 300-ден астам адам зардап шеккен.

Қазір қаржы пирамидаларының көбі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде құрылып, жарнамасын да желіде жүргізеді. Олардың танымал түрлеріне "Котел" және "Черная касса" ойындары жатады. Бұл ойындар қаржы пирамидасының принципі негізінде құрылған: қатысушылар ақша салып, артынан адам кіргізеді. Ойын ұйымдастырушылары әдеттегідей көп пайдаға кенелуге болады деген уәде береді.

"ШЕТКЕ КЕТКЕН АҚША СОЛ ЖАҚТА ҚАЛЫП ҚОЯДЫ"

Үш жылдан бері қаржы пирамидасына қатысты істермен айналысып жүрген заңгер Юлия Ашихмина қазір тағы бір істі қолға алған. Аягөздің тағы бір тұрғыны күдікті деп танылған. Жәбірленушілер қатарында 11 адам бар. Адвокаттың айтуынша, іс жүзінде жәбірленуші саны бір жарым мыңға, ал шығын көлемі триллион теңгеге жуықтайды.

Алдын-ала тергеу кезінде күдіктінің жиналған қаржыны офшорға аударғаны белгілі болған. 2018 жылдың желтоқсанында басталған тергеу әлі аяқталған жоқ. Ашихмина баспасөз мәслихатында ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураны "істі жабуға тырысты" деп айыптады.

Ашихмина Азаттыққа пирамида туралы ақпарат көп болғанына қарамастан, шығынға батып, ақшасын жоғалтқандар саны азаймай тұрғанын айтты.

Азаттық: Қаржы пирамидасын құрған адамды жауапқа тарту қаншалықты қиын?

Заңгер Юлия Ашихмина.
Заңгер Юлия Ашихмина.

Юлия Ашихмина: Пирамида құрған адамға қарсы қылмыстық іс қозғау оңай емес. Ақшаны қайтару одан да қиын. Ақшаның алған адамның қолынан ары қарай қайда түскенін бақылап, тауып беретін мамандар бар. Ақша офшорда, шетелдік банктерде сақталса, немесе оған бағалы металдар сатып алынса, мұны іске қоспайды, ал [ақшаның қозғалысын бақылай алатын] мамандарды тергеуге қатыстырмайды. Шетелге кеткен қаржы сол жақта қалып қояды. Бұл мәселе [прокуратура] мен ішкі істер органдарының нашар дайындығы, ондағы жемқорлықтан туып отыр.

Азаттық: Қаржы пирамидасына ақша салушылар неге азаймай тұр?

Юлия Ашихмина: Адамдар мұндайға тірліктен қажығаннан, қаржылай және әлеуметтік шарасыздықтан барады.

Азаттық: Қазақстанда пирамида көп пе?

Юлия Ашихмина: Өте көп. Бұл нарық бір қарағанда бақылаудан тыс қалғандай көрінеді. Ал шын мәнінде әр пирамиданың артында [танысы мен байланысы көп] адамдар тұрады. Олар пирамиданы құруға дайын адамдарды табады.

Адамдар заңның күшіне сенбейді.

Азаттық: Неге ақша салғандардың көбі қаржыны қайтаруды талап етіп, арыз бермейді?

Юлия Ашихмина: Олар сот шығынды өтеу туралы шешім шығарса да, ақшасын қайтарып алу мүмкін дегенге сенбейді. Ешкім қаржының қайда сақтаулы тұрғанын іздеп табатын мамандарды тартып, зерттеу жүргізбейтінін жақсы біледі. Адамдар заңның күшіне сенбейді.

Азаттық: Қаржы пирамидасын қалай ажыратуға болады?

Юлия Ашихмина: Әдетте қаржы пирамидасына жиналатын ақша "инвестиция" деп аталғанымен, оның инвестицияның қай түріне жататыны көрсетілмейді. Сот "алаяқ" деп тапқан адамдар да үлескерлерге "ақша тауар айналымында жүр" деп, тауар түрлерін атап көрсеткен. Бірақ олар қандай нарықта, қай елмен, қай жеткізушімен, қанша уақыттан бері жұмыс істейтінін ашып айтпайды. Ақша инвестицияға жиналса, бұл қаржы қай биржада, қандай трейдерде айналымда жүргенін нақтыламайды. Әдетте олар өздерін "трейдерміз" деп таныстырады, бірақ мұнай, алтын немесе қаржының қай түрімен жұмыс істейтінін түсіндірмейді. Осылай берілген ақпаратты талдап, қажет дерек жинау арқылы өзін трейдер немесе кәсіпкер деп көрсетіп, жалған сөйлеген адамды анықтауға болады.

БЕС ЖЫЛДА 555 ІС ТІРКЕЛГЕН

Бас прокуратура Азаттықтың қаржы пирамидаларының офшор аймақтардағы банктерге аударған қаражатын қайтару жоспары мен статистикасы туралы сұрағына "сотқа дейінгі тергеу реестрінде мұндай дерек жоқ" деп жауап берді.

Ведомство ұсынған ақпаратқа сәйкес, бес жылда Қазақстанда "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бабы бойынша 555 іс тіркелген.

Кей қаржы пирамидасының ісі бұл бап бойынша қаралмайды. Ішкі істер министрлігінің ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Олег Иващенко қазақстандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында мұндай қылмыстар әуелі алаяқтық бабы бойынша тіркеліп, тергеу барысында басқа бапқа ауысатынын айтқан.

Заңгерлердің сөзінше, көбіне мұндай істер алаяқтық бабымен тіркелген күйінде қалып қояды. Кейде салымшы саны ондаған мың адам болғанына қарамастан, қылмыстық іске жәбірленуші ретінде 10 адам ғана қатысады.

Бас прокуратураның дерегінше, соңғы бес жылда қаржы пирамидасынан келген шығын көлемі 13,6 миллиард теңгеге жеткен. Қазірге дейін бұл ақшаның небәрі үш пайызы немесе 399,7 миллион теңгесі ғана қайтарылған.


  • 16x9 Image

    Хадиша АҚАЕВА

    Хадиша Ақаева - Азаттықтың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі. Шәкәрім атындағы университетті журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Армения және Грузиядағы басылымдарда тәжірибеден өткен. Азаттықпен 2019 жылдан бері серіктес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG