Accessibility links

Экономикалық дағдарыс: Қазақстандықтарды не күтіп тұр?


Банктен шығып келе жатқан тұрғын. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.
Банктен шығып келе жатқан тұрғын. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Коронавирус пандемиясы мен мұнайдың күрт арзандауы экономистер "ерекше" және "терең" деп атаған жаңа әлемдік дағдарысқа әкелді. Қазақстан үкіметі коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде экономиканың құлдырауына жол бермеу үшін дағдарысқа қарсы шаралар дайындауға кірісті. Азаттық тілшісі дағдарысқа қарсы күрес шараларының тиімділігі, Қазақстан экономикасының қазіргі қиындықтарды еңсеру мүмкіндігі мен монетарлық жүйені қайта қарау қажеттігі туралы экономистердің пікірін білді.

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАР

Наурыздың 9-ы күні ОПЕК елдері келісімшарт мерзімін ұзарту бойынша ымыраға келе алмады: Ресей мұнай өндірісін қысқартуға келіспеді. Осыдан кейін Сауд Арабиясы мен Ресей арасында нарықтағы үлес үшін жарияланбаған баға соғысы басталды. Бұл нарыққа әсер етіп, мұнай бағасы бірден 30 пайызға арзандады. Соңғы рет мұндай жағдай 1991 жылы болған.

Сол күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы жоспар дайындау үшін жедел штаб құрылғанын мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мұнайға тәуелді ел болғандықтан, шикізат бағасының арзандауы экономикаға әсер етпей қоймайды. Инфляция деңгейі өсіп, Қазақстанның бизнес-секторы зардап шегеді, жұмыс орындары қысқарады. Үкімет осындай қорқынышты сценарийлерді болдырмау үшін дағдарысқа қарсы жоспар дайындай бастады. Жоспарда қамтылған шаралар наурыздың 17-сі күні үкімет отырысында таныстырылды.

Ол жиында экономикалық жағдайды жақсарту үшін келесі қадамдар жүзеге асырылатыны айтылды:

  • "Қарапайым заттар экономикасы" және "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламалары бойынша бизнеске 1 триллион теңгеге дейін несие беру;
  • ірі сауда нысандары, кинотеатр, театр, көрмелер мен спорт нысандарын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған мүлік салығынан бір жылға босату;
  • заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді бір тоқсанға өсімнен босату, 3-тоқсан үшін салық есебінің уақытын өзгерту;
  • бизнеске жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру;
  • "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеу жұмыстарына Қазақстан азаматтарын тарту. Жоба құны – 300 миллиард теңге;
  • Төтенше жағдай кезінде несие бойынша төлемдерді кешіктірген жағдайда айыппұл мен өсімнен босату;
  • 200 мың жаңа жұмыс орнын құру.

ИНФЛЯЦИЯ КҮШЕЙЕ МЕ?

Наурыздың 10-ы күні әдеттегідей инфляция деңгейі өседі деп күткен Ұлттық банк базалық мөлшерлемені (ақша құнын басқару механизмі – ред.) 9,25-тен 12 пайызға көтерді. Қазақстан экономистері көп жылдан бері қате жүргізілген монетарлық саясаттың кесірінен басқа елдер сияқты базалық мөлшерлемені төмендету мүмкін болмай отырғанын айтып келеді.

Осы тұста АҚШ мысалын қарап көрейік. Наурыздың 16-сы күні АҚШ федералды резерв жүйесі дағдарысқа жауап ретінде пайыздық мөлшерлемені нөлге дейін түсірді. АҚШ экономикасы соңғы жағдайларды еңсеріп, қайта қалпына келгенге дейін осы көрсеткіш сақталады.

Халық банк қызметкері доллар бағамын ауыстырып жатыр. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.
Халық банк қызметкері доллар бағамын ауыстырып жатыр. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Экономист Қасымхан Қаппаров Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерді қаржыландыруына қажетті базалық мөлшерлемені көтеру амалсыздықтан жасалған шара екенін айтады.

- Қазақстан – есептік мөлшерлемесін көтерген әлемдегі екі мемлекеттің бірі. Қалған елдер есептік мөлшерлемені азайту арқылы іскерлік белсенділікті арттыруға талпынып жатыр. Бұл Ұлттық банктің инфляцияның үдеуін күтіп отырғанын көрсетсе керек. Инфляция болжамын төмендету үшін Ұлттық банк есептік мөлшерлемені өсірді. Әрине, бұл инфляция мәселесін шешуге көмектесе алмайды, өйткені біздегі тұтыну себетінде импорт тауардың үлесі жоғары. Оның үстіне сауда серіктестермен арадағы шекаралар жабылып жатыр, осыдан логистика мәселелері туып, импорт тауардың бағасы өседі. Ұлттық банктің қазіргі логикасы түсініксіз, сондықтан есептік мөлшерлеме өсе ме, жоқ па, оны болжау қиын. Олар қазіргі дағдарыс жағдайында инфляциялық таргетті жалғастырғысы келсе, бұл ақша массасының азаюына әкеледі. Негізі есептік мөлшерлемені арттыру экономикаға болыспайды. Инфляция ақпанның өзінде алты пайыз болған, ал наурызда бұл көрсеткіш одан жоғары боларына сенімдімін, - дейді сарапшы.

Жемқорлыққа қарсы күрес қорының стратегиялық талдау институтын басқаратын ресейлік экономист Игорь Николаев базалық мөлшерлемені көтеру Қазақстан экономикасына соққы болып тигенін айтады. Оның пікірінше, елдің шикізаттық даму жолын ескере отырып, бұл экономикалық соққыдан қашып құтылу қиынға түскенін түсінуге болады.

- Рубль құлдыраса, Ресей пайыздық мөлшерлемені көбейтеді. АҚШ федералды резерв жүйесі, Ұлыбритания банкі және өзге ұйымдар базалық мөлшерлемені төмендетті. Мөлшерлемені арттырсаңыз, ақша қымбаттайды, бұл экономикаға қысымды күшейтеді. Сондықтан Орталық банк мөлшерлемені көтеру туралы шешімге күмәнмен қарап отыр. Қазақстанның базалық мөлшерлемені көтеруіне экономиканың шикізатқа тәуелді екені, мұнай бағасы төмендеген кезде теңгеге қысымның күшеюі себеп болды. Сондықтан Қазақстанның мұндай қадамға барғаны таңғалдырмайды. Мемлекет мұны заң бойынша жүзеге асырды. Тек бұл қадамға сәл күте тұрып, кейінірек баруы керек пе еді деген сұрақ қана бар. Өйткені бұл экономикаға соққы боп тиді, - дейді экономист.

Үкімет "экономикаға тиген соққыны" бизнеске жеңілдетілген несие беру, кей кәсіпкерлік субъектілерін мүлік салығынан, төтенше жағдай кезінде несие төлемін мерзімінен кешіктірген үшін алынатын айыппұл мен өсімнен босату арқылы жұмсартуға тырысып жатыр. Сондай-ақ мемлекет әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұруға және азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қадағалауға уәде берді.

Мамандардың пікірінше, үкімет ұсынған шаралардың бәрі бірдей нәтиже бермейді.

Eximar форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан
Eximar форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан

Экономист Айман Тұрсынхан бағаны ұстап тұру үшін бизнес өкілдерін салықтан босату керек деп есептейді.

- АҚШ шағын және орта бизнес өкілдерін салықтан босатты. Шағын жер учаскесінде маусымдық көкөніс түрлерін өсірумен айналысатын қарапайым кәсіпкерді алайық. Ол өндіретін тауардың өзіндік құнының жартысын салық құрайды. Бағаны реттеп, бизнесті банкрот болудан сақтап, халықтың әл-ауқатын теңестіру үшін мемлекет бірінші кезекте бағаны бақылауда ұстап, адамдар нанды 200 теңгеге сатып алмауын, олардың әдепкі азық-түлік себетін сақтап қалуын қадағалауға тырысады. Бағаны өсірмеу үшін әкімдік қызметкерлерін санкция салуға жалдаудың еш мәні жоқ. Бұл тиімсіз, баға ол жерде емес, мүлде басқа көздерден құралады. Бағаға бірінші кезекте несие және салық жүктемесі әсер етеді. Ал бұл жүктеме қазір әділетсіз боп тұр, - дейді Айман Тұрсынхан.

Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, үкіметтің бағаны бақылауда ұстаймыз деген уәдесін нәтижесіз әкімшілік шара деп бағалауға болады.

- Бағаны ұстап тұру – таза әкімшілік шара. Кез келген тауардың, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар заттардың бағасын ұстап тұруға талпыныс тауар тапшылығына ұласады. Өйткені сатушыға тауарды өзіндік құнынан төмен бағаға сату тиімсіз. Қызметкерлерді жұмыстан шығаруға мораторий жарияланса, оларды ақысыз еңбек демалысына жібереді немесе жұмыс аптасының уақытын қысқартады. Яғни, бұл бизнестің іскерлік белсенділігіне мүлде әсер етпейді. Үкімет қағаз жүзінде деректер ұсынуы мүмкін, бірақ экономикалық жағдайды түбегейлі жақсарта алмайды, - дейді сарапшы.

НЕСИЕГЕ ТӘУЕЛДІ БОЛУ

Дағдарысқа қарсы штаб әдеттегідей несие беру мәселесіне назар аударды. Штаб мүшелері бизнеске алты пайызбен несие беруге, ал жеке тұлғаларға төтенше жағдай кезінде көмектесуге уәде берді. Экономист Айман Тұрсынхан мұндай шараларды тиімсіз деп атап, елдің монетарлық жүйесін толықтай қайта қарау керек деп санайды.

- Үкімет халық үшін барлық несие бойынша пайызды төлеу уақытын ұзартты. Бізде тұтыну қарызының жалпы көлемі жыл басындағы несие портфелінің 47 пайызын құрады. Ал наурыздың 1-індегі дерек бойынша, бұл көрсеткіш жеті триллион теңгеден асады. Бұл – 50 пайыз. Яғни, бизнес пен халыққа арналған 14 триллион теңгелік жиынтық портфельдің жартысын тұтынушы займы құрайды. Үкімет қазір базалық мөлшерлемені түсірсек, адамдар қайтадан несие алуға жүгіреді деп отыр. Бірақ бұл ақылға сыймайды. Олардың 12 жылға созылған монетарлық саясатты қатаңдату жолындағы күресі нәтиже бермеді. Керісінше, 2007 жылы тұтыну займдарының үлесі 12-15 пайыздан аспайтын. Олар монетарлық саясатты қатаңдату шараларын қолға алғанда өндірісті дамытатын бизнес пен инвестициялық займдарға қолжетімділікті, айналым капиталын толтыру мүмкіндігін жойды. Яғни, оларға Қазақстанда заң бойынша рұқсат етілген қаржыландырудың жоғарғы шегі – 56 пайыз әсер етпеген. Жай ғана алыпсатарлық қарым-қатынас. Олар жұртты қайтармаса да болатын қарыз ақшаға тәуелді етті. Басқа елдер мүлде басқа шаралар қолданып жатыр. Федералды резерв жүйесі мөлшерлемені төмендетті, бизнесті барынша төмен бағада қаржыландыру мақсатында өтімділікті шектемей, қайта арттыру үшін қосымша бір триллион доллар бөлді. Дағдарысқа қарсы шаралар жүйесіз құрастырылған және басты мәселені шешуге қауқарсыз деп есептеймін. 2007 жылдан бастап біздің экономика қаржыландырудан тарлық көріп келеді, осыдан бірде-бір дамыған өндіріс жоқ. Өзімізді қамтамасыз ететін деңгейге шыға алмай келеміз. Сондықтан шынымен тиімді болуы мүмкін жалғыз шара — монетарлық саясатты толықтай қайта қарау, - дейді экономист.

Ақша айырбастау пункті жанында тұрған адам. Алматы. 9 наурыз 2020 жыл.
Ақша айырбастау пункті жанында тұрған адам. Алматы. 9 наурыз 2020 жыл.

Сарапшының айтуынша, бизнеске 16 пайыздың орнына жеңілдетілген 6 пайызбен несие беру үкіметтің тағы да банктерге субсидия бөлетінін білдіреді.

- Бұдан ұтатын кім? Олигополиялар. Мұндай саясатқа кім лобби жасап отыр? Құлыбаев, Өтемұратов, Машкевич. Олардың бәрі банк олигархтарымен байланысты. Монетарлық саясаттың тиімсіз болуының негізгі себебі – банк жүйесінің басымдығы. Қазақстанда қаржы секторы жоқ. Қор биржасы жойылды, ол мүлде дамып жатқан жоқ. Қазақстанда тікелей инвестициялар нарығы, венчурлық капитал, пайлық инвестиция қорлары, факторинг пен сауданы қаржыландыру сияқты банк секторынан тыс дүниелердің ешқайсысы жоқ, – дейді Айман Тұрсынхан.

Қасымхан Қаппаров үкімет атаған 300 миллиард теңге жетпей қалуы мүмкін екенін, ал Ұлттық банк резервінде көп ақша қалмағанын айтады.

- Ұлттық банктің резервінде тоғыз миллиард доллардан сәл ғана аз ақша бар. Қазір бұл резерв еркін конвертациядағы валютада жүр. Көбі – долларда. Бұл ақша импорттың үш айын қамтамасыз ете алады. Бұл – Ұлттық банктің қорында болуы тиіс ең төменгі стандарт. Қазір Ұлттық банк резервінің 70 пайызы алтын күйінде тұр, оны сатуға біраз уақыт керек болады. Қазір алтын арзандап кеткендіктен, оны сатып алушылар да көп емес, - дейді ол.

ДАҒДАРЫС ҚАНШАЛЫҚТЫ КҮРДЕЛІ БОЛАДЫ?

Экономист Қасымхан Қаппаров мұндай жағдайда үкімет барлық несиелер бойынша төлемдерді үш айға тоқтатып, салықтың барлық түрінен үш айға каникул жариялау және шағын бизнеске Ұлттық қордан салық комитетінің 2019 жылғы дерегі бойынша, орташа табыстың 50 пайызы көлемінде 12 айға пайызсыз несие беру керек деп санайды.

- Бизнестің белсенділігі мен адамдардың жұмыс орнын сақтау мақсатында және экономиканың құлдырауына жол бермеу үшін осы шараларды жүзеге асыру керек. Мұндай шараны коронавирустан зардап шеккен басқа елдер де қолданып жатыр. Бірақ олар тек бастапқы кезде ғана көмектесе алады. Бұл стандартты шара, өйткені адамдардың қызмет көрсету саласында табысы жоқ, сондықтан олар несиесін төлей алмайды, - дейді сарапшы.

Айман Тұрсынхан базалық мөлшерлемені алты пайызға дейін түсіріп, салықтан босатып, бюджеттен тыс төлемдер бойынша жүктемені қайта қарап, жаңа жұмыс орындарын құру үшін шағын және орта бизнеске инвестиция құйып, қосымша құн салығын алып тастау керек деп есептейді.

- Қосымша құн салығы – көкейкесті мәселе. Біз импорттық өнімдерге қосымша құн салығын сақтап қала аламыз, бірақ күнделікті тұтынатын тауарларға қосымша құн салығын алып тастау керек. Бұл шынымен бағаны түсіреді, осылай девальвация әсерін азайтуға болады, - дейді экономист.

Оның пікірінше, мемлекеттің монетарлық саясатын толықтай қайта қарап шығу керек.

- Монетарлық саясатты түземей, елде ештеңе өзгерте алмаймыз. Біздегі барлық даму банкі, "Бәйтерек", "ҚазАгро" холдингтері осы жолмен жүріп келе жатыр. Бұл жұмыс істемейді. Белгілі бір секторда бәсекелестікті қамтамасыз етпесеңіз, ол қатерлі ісікке айналып, ағзаны өлтіреді. Сондықтан бүкіл әлемде банк жүйесі басымдыққа ие емес, нарықтың 30 пайызын ғана құрайды.

Экономистер дағдарысқа дайындалып, оған салмақты қарау керек деп ескертеді.

Ресейлік экономист Игорь Николаевтың пікірінше, қазіргі дағдарысты 2008 жылғы дағдарысқа қарсы күрес шараларын қолданып жеңуге болмайды.

- Қазіргі дағдарыс ерекше екеніне назар аудару керек. Барлық мемлекет, ТМД мен Ресей әлемдік экономиканың бір бөлігі, ал ол құлдырап барады. Бұл ерекше дағдарыс. Оны ақшаны құнсыздандыру, өтімділікті арттыру сияқты дәстүрлі әдістермен жеңуге болмайды. Орталық банктердің соңғы уақытта, 2008-2009 жылдары жүзеге асырған шаралары жарамайды. Ең дұрысы – қиын жағдайда қалған салаларға тікелей қаржылай қолдау көрсету, - дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG