Accessibility links

Мұнай бағасының арзандауы Орталық Азияда дағдарысқа әкеле ме?


Бішкек базарында тауар сатып отырған әйел. Көрнекі сурет.
Бішкек базарында тауар сатып отырған әйел. Көрнекі сурет.

Сарапшылар мұнай бағасының құлдырауы мен оған қабаттаса келген коронавирустың Орталық Азия елдері экономикасына зардабы ауыр болуы мүмкін деп санайды.

Экономикасына ауыр соққы тиген Орталық Азия тағы бір қиын кезеңнің қарсаңында тұрған сияқты. Бірақ бұл жолы "жұт жеті ағайынды" болатын түрі бар.

Соққы деп отырғанымыз – әлемдегі мұнай бағасы 2014 жылғыдай күрт құлдырады. Алты жыл бұрын мұнай бағасы арзандаған кезде көмірсутегі экспортына, Ресейде жүрген еңбек мигранттарының табысы мен жіберген ақшасына тәуелді Орталық Азия елдерінің экономикасы кері кеткен еді.

Мысалы, Түркіменстан мұнайдың арзандауымен қабаттаса келген табиғи газ бағасының төмендеуі салдарынан болған дағдарыстан әлі күнге бас көтерген жоқ. Бірақ елдің қайта ес жия алмауына үкіметтің дипломатия мен сыртқы саудадағы біліксіздігі көбірек әсер еткен тәрізді.

Орталық Азия үкіметтерінің кейбірі 2014 жылғыдай қиындықтарға қайта тап болатын тәрізді, оның үстіне бұл жолғы жағдай алдыңғыдан да ауыр болады деуге негіз көп.

"Жұт жеті ағайынды" деуімізге бір себеп – коронавирустың таралуы және соның кесірінен өндіріс пен сауданың баяулауы. 2014 жылы мұндай проблема болған жоқ, сондықтан бұл Орталық Азия үшін жығылған үстіне жұдырық болуы мүмкін.

ЕЛГЕ АҚША ЖІБЕРЕТІНДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ

Тәжікстан мен Қырғызстан – шетелден ақша жіберетіндерге аса тәуелді елдер (осы рейтингте олар тиісінше төртінші және бесінші орында тұр), әрі бұл екі елден шыққан еңбек мигранттарының басым бөлігі Ресейде жұмыс істейді.

Орталық Азиядан барған еңбек мигранттары арасында Ресейден ең көп ақша жіберетіндер – өзбектер. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, 2013 жылы Өзбекстан ЖІӨ-нің 9,69 пайызын шетелден жіберілген ақша құраған, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 3,74 пайызға дейін түскен. Бір қызығы, президент Шавкат Мирзияев 2016 жылдың соңында билікке келіп, Ресей-Өзбекстан қарым-қатынасы жақсарғалы бері ЖІӨ-дегі еңбек мигранттары қаржысының үлесі 2017 жылы – 12 пайызға, ал 2018 жылы 15 пайызға күрт өсті.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, 2013 жылы шетелдегі мигранттар жіберетін қаражат Тәжікстан ЖІӨ-нің 44 пайызын құраса, 2014 жылы - 37%, 2015 жылы - 29%, 2016 жылы - 27% болған. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 31 пайызға өссе, 2018 жылы сәл төмендеп, 29 пайыз болған.

Қырғызстанның ЖІӨ-дегі шетелдегі мигранттар ақшасының үлесі 2014 жылы 30 пайыздай болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 25 пайызға түскен. Ол 2016 жылы 29 пайызға, ал 2018 жылы 33 пайызға қайта артқан.

Мәскеуге Орталық Азиядан барған еңбек мигранттары.
Мәскеуге Орталық Азиядан барған еңбек мигранттары.

2016 жылдың басында Тәжікстан Ұлттық банкі тәжік мигранттарының алдыңғы жылмен салыстырғанда Ресейден көбірек қаражат жібергенін, бірақ рубльдің құнсыздануына байланысты олардың салған ақшасы 2015 жылмен салыстырғанда 33 пайызға құнсызданғанын хабарлаған еді.

2014-2015 жылдары Ресей ақшасының бір долларға шаққандағы бағамы 32,85 рубльден 72,69 рубльге дейін құнсызданған.

2020 жылғы наурыздың 3-іне бір АҚШ доллары 66 рубль болса, арада бір апта өткенде ол 71 рубльге дейін құлдырады.

БҰЛ ЖОЛҒЫ ӨЗГЕШЕЛІК НЕДЕ?

Орталық Азия елдері үшін Ресей экономикасының жағдайы өте маңызды екені анық. Ал Мәскеудің экономикалық проблемалары енді басталды. Наурыздың 9-ында Ресей Қаржы министрі бір баррель мұнайдың бағасы 25-30 доллардың айналасында қалса, Ресейдің 6-10 жыл берік тұруға жетерлік қоры бар деп мәлімдеді.

Дегенмен, Қаржы министрінің сөзі "бөрі аштығын білдірмес" деуге саяды, себебі жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін.

Президент Владимир Путин қазіргі қызметінде ұзақ жыл қалудың қамын ойластырып қойғандай, бірақ халық арасында билікті қолдаушылардың азайып бара жатқанын түсінген Кремль рубль күрт құнсызданып кетпеуі үшін бар күшін салатын тәрізді.

Бұл 2015-2016 жылдардағы сияқты шетелде жүрген мигранттардан келетін қаржы көлемінің азаюы мәселесін сәл кейінге ысыратын сияқты.

РЕСЕЙДЕН БАСҚА ҚАЙДА БАРАДЫ?

Рубль бағамы тағы құлдыраса, бұл Орталық Азияға кезекті соққы болып тимек. Іс жүзінде Қырғызстаннан Ресейге барып жұмыс істейтіндер саны 2015 жылы 2 пайызға артқан. Бұған Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағының құрамына қосылуы септігін тигізгені анық, себебі елдің одаққа мүше болуы қырғызстандықтардың Ресейге барып жұмыс істеуіне оң ықпал етті.

Дегенмен, Ресей миграция қызметі 2015 жылы Тәжікстаннан барып жұмыс істейтіндер 3,8 пайызға (35 мың адам), ал Өзбекстаннан барғандардың үлесі 4,1 пайызға (80 мың адам) азайғанын айтты.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Олардың кейбірі елдеріне қайтқан болуы да мүмкін, себебі жақында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сыртта жүрген еңбек мигранттары азайып, 486 мың болды деп мәлімдеген.

Бірақ бұдан 5-6 жыл бұрын Орталық Азияның еңбек мигранттарының барар жері көп еді. Олар Таяу Шығысқа, Түркияға, Жапонияға не Оңтүстік Кореяға кете алатын. Коронавирустың тарауына байланысты көп мемлекет сырттан келетіндерге есігін жапты, елде жүргендерінің өзін ерекше тексереді. Жоғарыда аталған елдерге барып жұмыс істеу мүмкіндігі шектелді.

Соның кесірінен Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға оралған еңбек жасындағы азаматтар өз елінде жұмыс таба алмай, жұмыссыздар қатарын көбейтуі ықтимал. Жұмыссыздардың онсыз да көп екенін ескерсек, бұл жағдай елдің үкіметке наразылығын одан сайын күшейтіп жіберуі мүмкін.

АҚШАНЫҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ

2015 жылдың басында Қырғызстан ұлттық валютасы – сомның долларға шаққандағы бағамы 58,89 сом еді, ал 2016 жылдың басында бір доллар 75,89 сом болды.

Қырғызстан Ұлттық банкі 2015 жылы сомды ұстап тұру үшін 16 рет валюта интервенциясын жасап, 37 миллион доллар жұмсады, тек 2016 жылдың қаңтар айында ғана осындай 12 интервенцияға 54 миллион доллар шығындаған.

2020 жылғы наурыздың 3-іне доллардың айырбас бағамы 69,8 сом болса, наурыздың 10-ына бір доллар 74 сомға күрт өскен.

Наурыздың 11-іне Қырғызстан Ұлттық банкінің басшысы Толкун Абдыгулов қазір көп проблема жоқ екенін, бірақ "[мығым валютаға] сұраныс күшті болғандықтан әрі байбалам басталғандықтан" валютаны өз деңгейінде ұстап тұру үшін банктің интервенция жасағанын айтты.

Тәжікстан ұлттық валютасының бағамы 2015 жылдың басында 1 долларға 5,3 сомони деңгейінде болса, 2016 жылдың басында бір доллар 7,1 сомони болды.

Елдің Ұлттық банкі 2015 жылы сомониді ұстап тұру үшін 452 миллион доллар жұмсаған. 2020 жылғы 3 наурызда доллардың айырбас бағамы 9,68 сомони болса, 10 наурызда шамамен сол деңгейде сақталған.

2014 жылмен салыстырғанда қазіргі жағдай қандай? Бұл жолы Ресейдегі экономикалық шабандаудың ықпалы алты жыл бұрынғыдай қатты болмайтын сияқты.

Орталық Азия үкіметтері бұдан бұрын мұнай арзандаған кездегі оқиғалардан сабақ алса керек, себебі Қазақстан мен Қырғызстанның орталық банктерінің мәлімдемелеріне қарасақ, олар валюта мәселелерін шешуге жылдам кіріскен тәрізді. Алайда, Қырғызстан мен Тәжікстанның резервтері аз, сондықтан олар ұлттық валютаны ұстап тұруға үнемі ақша жұмсай алмайды.

МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ "БАРОНДАРЫ"

Қара алтын бағасының арзандауынан Орталық Азияның мұнай мен газ экспортынан түскен табысқа тәуелді екі елі – Қазақстан мен Түркіменстанның алдымен зардап шегетіні түсінікті.

Алдыңғы экономикалық қиындық кезінде аймақтағы ең қатты соққы тиген ел Қазақстан болатын. Оған бір жағынан Ұлттық банктің ұлттық валюта – теңгені еркін айналымға жіберу туралы 2015 жылғы тамыздың 20-сындағы шешімі де себеп болды.

Сол күні бір доллардың құны 188 теңгеден 255 теңгеге бір-ақ өсті, ал 2016 жылдың басында бір доллар 340 теңге болды.

Қазақстан теңгесі мен АҚШ доллары.
Қазақстан теңгесі мен АҚШ доллары.

Мұнай бағасы үздіксіз құлдырауы 2015 жылы Қазақстан үкіметін мемлекеттік бюджетті үш мәрте қайта қарауға мәжбүр еткен.

Теңге девальвацияға ұшырағанға дейін шетел валютасымен несие алып, оған көлік, үй не басқа да ірі мүлік сатып алғандар тақырға отырды. Сол кезде Қазақстанда экономиканың күрт құлдырауы әлеуметтік наразылықты өршітіп, оның соңы түрлі себептермен шеру мен демонстрацияға шығатындарды көбейтті.

Ал бұл жолы Қазақстан үкіметі теңгені қолдауға жылдам кірісті, наурыздың 9-ына билік "шетелдік валютаның айырбас бағамын тұрақтандырып, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін" валюталық интервенция жүргізетінін хабарлады. Наурыздың 10-ы күні Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңгеге түсетін салмақты жеңілдету үшін базалық мөлшерлемені 9,25 пайыздан 12 пайызға көтеретінін жариялады.

Соған қарамастан, теңгенің долларға шаққандағы бағамы наурыздың 3-індегі 380 теңгеден, наурыздың 10-ына 400 теңгеге дейін құлдырады. Қазақстанның Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев наурыздың 7-і күні мемлекет шығындарды азайту үшін тиісті қадамдар жасайды деп мәлімдеді.

"Бюджет [бір баррель] мұнай бағасы 50-55 доллар болады деген болжаммен есептелген. Үкіметтің баға 40 доллардан төмен түскен жағдайда шығындарды азайту жоспары бар, қазір сол жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деді ол.

Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы наурыздың 11-і күні 40 доллардан төмен болған әрі ол әлі де құлдырайды деген болжам бар.

Қазақстан мұнайдың арзандауының орнын толтыру мақсатында өндіріс көлемін арттырмайтынын мәлімдеді, бірақ бұл шешім өзгеруі мүмкін.

Түркіменстандағы басқарудың сауатсыз жүргізілгені сондай, үкімет алдағы дағдарыстан алып шығатындай ерекше шара қолдана қояды дегенге сену қиын.

"ЕУРОПАДАҒЫДАЙ БАҒА"

Бұдан он жыл бұрын Түркіменстан газын "Еуропадағы бағамен", яғни 1 мың текше метрін 300 доллардан сатқан. 2019 жылдың желтоқсан айындағы есепке сенсек, үшінші тоқсанда Еуропаға сатылатын Ресей газының бағасы мың текше метріне 169 долларға дейін арзандаған.

Бұл – Еуропаға жөнелтілетін Ресей газы. Ал түркімен газын бұл бағамен сатуға ешқандай мүмкіндік жоқ.

Бұл жолғы өзгешелік – Ресей 2016 жылдың басынан түркімен газын сатып алу туралы келісімшарттан біржақты түрде бас тартқан. Сол кездің өзінде, яғни 2015 жылы Ресейдің Түркіменстаннан импорттайтын газының көлемі 2008 жылды 40 миллиард текше метрден 4 миллиард текше метрге дейін азайған.

Түркіменстан экономикалық дағдарыста отырған 2019 жылы Ресей түркімен газының аз бөлігін (5,5 миллиард текше метр) бар болғаны мың текше метріне 110 доллар бағамен сатып алып отыруға келісім берген.

Алдағы апталарда мұнаймен қоса газдың бағасы да құлдилайды деп болжасақ, жыл соңына дейін мың текше метрге 110 доллардың өзі тым қымбат болып шығуы мүмкін.

Оншақты жыл бұрынғы жіберген газдың 2 миллиард долларға жуық берешегін төлемеді деген себеппен Түркіменстан 2017 жылы Иранға газ сатуды тоқтатқан. Иран келген газдың көлемі бұдан әлдеқайда аз, ал сапасы төмен дейді. Түркіменстанға дәл қазір кез келген табыс ауадай қажет, соған қарамастан газды Иранға қайта сату жайлы ешқандай келісім болған жоқ.

Шығыс-Батыс газ құбырының ашылу рәсімінде ұлттық киім киіп тұрған түркімен бала. Шатлык, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл.
Шығыс-Батыс газ құбырының ашылу рәсімінде ұлттық киім киіп тұрған түркімен бала. Шатлык, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл.

Демек, Түркіменстан үшін қазір газ сатып алатын жалғыз тұтынушы – Қытай ғана. Оның үстіне бұрын айтқанымыздай, Ашғабат түркімен кен орындарын игеріп, Қытайға газ құбырын тартқаны үшін Пекинге миллиардтаған доллар қарыз. Түркіменстаннан Қытайға жөнелтілетін газдан түскен пайданың белгісіз бір бөлігі Пекиннің сол несиесін жабуға кетеді.

Наурыздың 5-іне Reuters агенттігі Қытайда коронавирустың таралуына байланысты елдің басты газ импортеры PetroChina газ импортына байланысты форс-мажор жағдайы пайда болғанын хабарлаған.

"Жағдайға қанық дереккөздің" Reuters агенттігіне хабарлауынша, "жөнелтушілерден келетін өнім көлемі пропорционал түрде азайтылады, дегенмен құбырмен келетін газға қарағанда сұйылтылған табиғи газ жөнелтушілерге салмақ аз түседі" деген.

Жөнелтілетін газ көлемінің қаншалық азаятыны әзірге белгісіз, дегенмен наурыздың 11-іне Қазақстан энергетика министрі Ноғаев "Қытайдың өтініші бойынша" Нұр-Сұлтан Түркіменстаннан Қытайға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін құбырлардағы газ көлемін 20-25 пайызға азайтатынын жеткізді. Демек, Қытайға құбыр арқылы газ жөнелтетіндер өнім жіберуді 20-25 пайызға азайтады деген сөз.

Түркіменстаннан Қытайға беретін А, В, С құбырлары жылына 55 миллиард текше метр газ жібере алады, қазір құбырлар толық мүмкіндігімен жұмыс істеуге жақын тұр. Үш құбыр Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтетіндіктен, бұл екі елдің Қытайға 10 миллиард текше метрге дейін газ жіберуге қақысы бар, бірақ екеуі де әлі бұл деңгейге жете алған жоқ.

Енді Түркіменстан сататын газдың көлемі ғана азайып қоймайды, сонымен бірге ол Қытайдан алатын табысының төрттен бірін жоғалтады. Бұл ел қазір үш құбыр арқылы 35 миллиард текше метрге жуық газ сатып жатыр, бірақ енді ол 7-8 миллиард текше метрге дейін азаймақ, яғни бұл Түркіменстан Ресейге сата бастаған газ көлемінен көп.

Қазақстан үкіметі осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдайдан сабақ алады деп үміттенеміз, бірақ елді қазір жаңа президент басқарып отырғанын да ескеру керек (әйтеуір есімдердің өзгергені рас).

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (алдыңғы қатарда сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (алдыңғы қатарда сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президенттіктен кететінін мәлімдеген соң оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келген. Назарбаевтың әлі де билік тізгінін ұстап отырғаны түсінікті, бірақ президенттердің алмасуы өзгерісті күтіп жүргендерді біраз серпілтіп тастаған сыңайлы.

Былтыр бір жылдың ішінде алуан түрлі себеппен өте көп наразылық шаралары болды. Тіпті, мұның алдындағы он жылды тұтас алғанда мұншама демонстрация болмаған шығар.

Көп балалы аналар әлеуметтік жеңілдіктерді көбейтуді талап етіп, шеруге жиі шықты. Үкімет әлеуметтік төлемдерді арттыруға уәде берді, бірақ экономика қайта төмендеп жатқан тұста бұл міндеттеменің бәрін орындау қиынға соғуы мүмкін.

Назарбаев алдыңғы экономикалық қиындықтардан аман шықты, себебі ол – Қазақстанды басқарған жалғыз ғана президент, оның үстіне бұл елдің экономикасы ұзақ жыл бойы қарқынды дамыды. Соңғы қиындықтардан кейін болатын экономикалық баяулау Тоқаев үкіметіне ерекше салмақ түсіретін түрі бар.

2014 жылмен салыстырғанда Өзбекстанды да жаңа президент басқарып отырғанын ескеру керек. Экономикалық дағдарысты еңсеруде алдыңғы президентпен салыстырғанда Шавкат Мирзияев анағұрлым тиімді әрекет етеді деп болжауға негіз бар.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Экс-президент Ислам Каримовтың 5-6 жыл бұрынғы экономикалық дағдарысқа байланысты жүргізген саясаты – ештеңе істемеу болды. Өзбекстан ішкі қажеттіліктерін жартылай қанағаттандыра алатын жағдайда, сондықтан ел экономикасы соққы алған тұста Каримов жағдайды оңалту үшін бәлендей ештеңе жасай қоймады.

Мирзияев жұмысында біраз ширақтық танытып, Өзбекстанды Каримов қалдырып кеткен экономикалық "дімкәстіктен" арылту үшін жаңа әдістерді байқап көруге тырысып жатыр. Орталық Азия елдерінің барлығына әсер ететін жаңа фактор – коронавирустың таралуына байланысты Қытай экономикасының баяулауы және сонымен қабаттаса келетін өнім өндіру көлемінің кемуі.

Газ көлемінің азаюы – бір ғана мысал, ал 5-6 жыл бұрын Қытайдың жұмсайтын ақшасы өте көп болды, ол Орталық Азиядағы түрлі жобаларды қаржыландырып, ол елдердің өзіне қарызын еселеп арттырды. Бұл жолы Орталық Азия елдері Қытайдан оншалық көп ақша дәмете алмайды.

Орталық Азияның бірде-бір елі экономикалық проблеманың болғанын қаламайды. Олар бұл проблемалардың кейбірін шешуге дайын да шығар, дегенмен көбі Қазақстанның энергетика министрі Ноғаев сияқты халықаралық деңгейде оң шешім күтеді. Қытайға жіберілетін газ көлемінің азаюы туралы сөз еткен министр OPEC-ке мүше және мүше емес елдер жаңа кездесу өткізіп, мұнай өндіру көлеміне байланысты келісімге келерінен үміттенетінін айтқан. Наурыздың 6-сындағы басқосуда мұнай экспорттаушы елдер негізгі мәселелер бойынша бір байламға келе алмай тарқасқан еді.

Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG