Accessibility links

Мың құбылған әкімдік. Семейліктер ағаштың жаппай кесілгеніне наразы


Семейдің Глинка көшесіндегі кесілген ағаштар. 24 маусым 2020 жыл.

Абайдың туған жері – Семей өңірі биыл ақынның 175 жылдығына жан-жақтан сыйлық алып жатыр. Арасында тұрғындардың ашуын келтірген “сыйлықтар” да бар. Мамыр айында Алматы облысы сыйлаған жаяу жүргіншілер жолын абаттандырамыз деп басты даңғыл бойындағы ағаштарды отап тастады. Ал жақында қаланың ең лас ауданындағы екі жолақ ортасындағы ағаштарды кесті. Себеп – мерейтой құрметіне көшелерді әрлеу. Ашулы тұрғындар қала басшылығын заңды бұзды деп айыптап отыр.

БҰЛАРЫҢ НЕ?!”

22 маусымда Семей әкімдігі Глинка көшесіндегі бөлініс жолағын алып, онда өсіп тұрған ағашты отауға кірісті. Қала басшылығының айтуынша, бұл – қазақтың ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне қаланы абаттандыру жоспары аясында жолдарды кеңейту туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен жүзеге асып жатқан шаруа.

Қаланың экологиясы ең лас саналатын бұл шағынауданында 170-тей ағаш өсіп тұрған, соның біразы кесілді.

Бұл жергілікті тұрғындардың ашуына тиді. Олардың айтуынша, бұл жоспарды тұрғындармен жиналыс өткізіп, талқыға салған ешкім болмаған. Бөлініс жолағы болмаса, көлік көп жүретін көшеде қауіп көбейеді дейді семейліктер.

Алғаш болып дабыл қаққандардың бірі – Тимур Просоленко.

– Видео түсіріп, резонанс жасадым, бірақ [ағаш кесу] жұмыстары ертесінде де жалғасты. Жұмысшыларға келіп, тағы да видео түсіріп, заңсыз әрекетті тоқтатыңдар дедім. Содан кейін әкімшілік қызметкерлері келді, сол аралықта 30-40 ағашты кесіп үлгерді. Бұл ақымақтық және маразм, себебі оң жақтағы, сол жақтағы көшелерге асфальт төселмеген. Ал Глинка көшесінде көлік жүйткіп жатыр, мұнда көп оқу орны бар, адамдарды қағып кетеді. Бұл қауіпсіздік аралы сияқты еді, енді не болады? Бұған қандай қажеттілік болғанын түсінбеймін, – деді Тимур Просоленко.

Наразы халықтың қарасы көбейген соң, әкімдік қимылдай бастады. Олар кенеттен “мердігер рұқсатсыз жұмыс істеген” деп шықты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің осы секторға жауапты маманы Асан Дүйсембаев жергілікті журналистерге берген сұхбатында бұл әрекетке өзі де “қайран қалғанын” айтты.

– Ресми түрде мәлімдеймін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі 23 маусымға дейін Глинка көшесінде ағаш кесуге ешқандай рұқсат берген жоқ, – деді Дүйсембаев.

Артынша транспорт және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов ақпарат құралдарына шығып, [ағаш кесу жөніндегі] жұмысты тоқтатқанын айтты да, барлығын “ереже бойынша істеу керек” деді.

– Бүгін өзім шығып, бәрін көзіммен көрдім. Оларға “не істеп жатырсыңдар?” дедім. Ереже болуы керек, қоғамдық кеңесті жинап, барлығын заңның негізінде жасауға міндеттіміз. Ал оларды қараңыз. Сосын бұл жұмыстың бәрін тоқтаттым, – деді Жұманов.

“МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРМА”

Көшені абаттандырып жатқан “Гордорстрой” компаниясындағылар шенеуніктердің сөзімен келіспейді. Тендерді ұтып алдық, тиісті рұқсаттың бәрі қолымызда дейді.

Компания директоры Бауыржан Қайрамбаев әкімдікке ағаш туралы айтқанын мәлімдеп, өздері істеп жатқан жұмысты “мемлекеттік тапсырма” деп сипаттады.

Жолды кеңейту үшін кесілген ағаштардың түбі. Семей, 24 маусым 2020 жыл.
Жолды кеңейту үшін кесілген ағаштардың түбі. Семей, 24 маусым 2020 жыл.

Кейін Жұмановтың да ұстанымы өзгере бастады. Ол да жобаны тоқтатуға болмайтынын айтуға көшті. Азаттыққа сұхбатында ол жоба іске асуға дайын тұрғандықтан, қоғамдық тыңдау өткізудің қажеті жоқ екенін айтты. “Бөлініс жолағында тұрған ағаштарды бәрібір кесер еді, себебі олар қауіпсіздік ережелеріне сай емес” деді ол.

– Оның [қоғамдық тыңдаудың] не керегі бар? Қоғам өкілдері “қарсы” болады, мысалы мен кеспеу керек деймін. Бөлініс жолағын алып тастау керек. Жоба бар. [Бөлініс жолағында тұрған ағаштар] қауіпсіздік шарттарына сай келмейді. Мұны істеу керек. Басқа жерге ағаш егеміз. “Цемпоселок” (Цемент кенті – Семейдегі аудан – ред.) аумағы үлкен, онда ағаш егетін жер көп. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қай жерге не отырғызатынын анықтайды. Бұл мәселе шешіледі, – деді Жұманов.

– Мемлекеттік стандарт бойынша, бөлініс жолағында ағаш өспеуі керек, мұндай еш жерде жоқ. Көк шөп өсіруге болады, бірақ ағаш болмайды, ол жолды көру мүмкіндігін шектейді, – деді ол.

Өзге бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Жұманов: “Хаттама бойынша тапсырма бар, жобаның аяқталу мерзімі көрсетілген, ақша бөлінген. Қазір мұны іске асырмасам, жоспар орындалмаған болып шығады. Ағаштар кесіледі” деп кесіп айтқан.

“ЕШҚАНДАЙ ҚИСЫН ЖОҚ”

Жергілікті қоғам белсенділері әкімдіктің көзқарасына наразы, олардың айтуынша билік заңды бұзып отыр.

– Қоғамдық тыңдау ережелері бойынша, экологияға енгізілетін кез келген өзгеріс сол өзгеріс денсаулығына әсер етуі мүмкін деген адамдардың ұзақ талқысына түсіп, олардың қолдауына ие болуы керек. Яғни “тыңдау қажет емес, себебі жоба бар” деген қисынға келмейді. Алдымен бұл жоба 2019 жылы қоғам талқысына түсіп, біздің қолдауымызды алуы керек еді. Содан кейін ғана оны келесі жылға жоспарлауы керек болатын, – деді құқық қорғаушы Илья Бароховский.

Бароховскийді Николай Исаев белсенді де қолдап отыр.

– Еуропаның көп елінде жол ортасында аллея бар. Біздікілердің ұстанымы қисынға келмейді. Бұл ең алдымен халық үшін жасады. Қаласақ та, қаламасақ та, жоба бар болса да, жоқ болса да халықпен ақылдасу керек.

170 ағаштың орнына Глинка көшесінің бойында және қаланың басқа жерінде 1700 ағаш егеміз деген уәдеге де жұрт күмәнмен қарайды. Қоғам белсендісі Николай Исаевтың айтуынша, ол көшеттерді баптап өсіру керек, ал цемент зауыты бар күшімен жұмыс істеп тұрған ауданда ағаш өсіру қиын.

– Уәде беру мен өсірудің арасы жер мен көктей. Гагарин көшесіне көшет отырғызамыз деген уәде болған. Он жыл өтті, ол жерде өсіп тұрған үлкен ағаш жоқ, қурап қалған. Кезінде сол жерге прокуратура өкілімен бірге барғанмын, 300 ағаштың 12-сі ғана қалған, – деді ол.

Басқа да талаптарды сақтамайтын әкімдік қалада өсіп тұрған кез келген өскінді көрсетіп, Глинка көшесінде кесілген ағаштың орнына осыны ектік дей салуы мүмкін дейді құқық қорғаушы Илья Барховский.

– Олар бұл көшеттердің кез келген уақытта қурап қалуы мүмкін екенін, бұл үшін шенеуніктерден ешкім ештеңе сұрамайтынын біледі. Қажет болса кез келген ағашты көрсетіп, кесілгендердің орнына осыларды отырғыздық дей салуы ықтимал. Себебі бізде өсімдіктердің толық тізілімі де, әрбір жасыл алқаптың тарихын қаттап отыратын дендрологиялық жоспар да жоқ. Бұл – заңды бұзу, – деді құқық қорғаушы.

Әрісін айтпағанда, тіпті соңғы бірер айдың ішінде қалада осындай тағы бір оқиға болған. Семей коронавирус инфекциясының таралуына байланысты карантинге жабық тұрған мамыр айында Әуезов даңғылының бойындағы ағаштар оталды. Сол кезде Абайдың мерейтойына Алматы облысының берген “тартуы” – жаяуларға арналған “Абай жолын” салу үшін ағаштарды кесуге мәжбүр болдық деген. Жоба бойынша өскіндерді жаппай отау қажет екенін тұрғындар кейін білген.

2017 жылғы оқиғаны еске алған кей сарапшылар қоғамдық тыңдаудың пәрмені аз екенін айтады. Сол жылы қаладағы саябақтың орнына тұрғын үйлер салуға шешім қабылданған. Саябақты сақтағысы келгендер түрлі жиын өткізіп, қоғамдық тыңдау да ұйымдастырған. Ақырында қоғамның пікірі жайына қалып, ағаштың бәрі оталып, саябақ жойылған.

Кейбір сарапшылар 2017 жылғы жағдайды еске алып, қоғамдық тыңдаудан көп пайда жоқ деп санайды. Сол кезде Ертіс өзенінің сол жағалауындағы "Буратино" паркінің орнына тұрғын үй салмақ болған. Жасыл аймақты қорғау үшін акциялар мен қоғамдық тыңдау өткен. Қоғамдық тыңдауда қабылданған шешімді ескерместен ағаштар кесілген еді. Үй салынды, тұрғындарға жаңа парк салынады деген. Бірақ уәде орындалмады.

Семейдегі кесілген ағаштар.
Семейдегі кесілген ағаштар.

Қазір Глинка көшесінде 35 ағаш кесілді. Наурызда қала әкімі Ермак Сәлімов Абайдың мерейтойына орай Семейдегі көше шамдарын модернизациялап, жолдарды жөндеуге миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді деген. Әкім жоба аясында орталық көшелердегі барлық бөлініс жолақтары алынып тасталатынын да айтқан.

P.S. Материал әзірленіп жатқан Глинка көшесіндегі жағдайға табиғат қорғау полициясының да араласқаны белгілі болды. Олар ағаш отау заңсыз деп, қала әкімдігінің транспорт бөлімін сотқа беретінін хабарлады.

  • 16x9 Image

    Хадиша АҚАЕВА

    Хадиша Ақаева - Азаттықтың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі. Шәкәрім атындағы университетті журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Армения және Грузиядағы басылымдарда тәжірибеден өткен. Азаттықпен 2019 жылдан бері серіктес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG