Accessibility links

"Жарық та, байланыс та жоқ". Семейден 20 шақырым жердегі ауылдың өмірі


Балтатарақ ауылындағы үйінің алдында ойнап жүрген бала. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Семейден 20 километр жердегі Балтатарақ қонысында 22 жылдан бері электр жарығы жоқ. 1990 жылдары электр сымын ұрлап кеткеннен бері бұл жаққа жаңа желі тартылмаған. Қазір Балтатарақта ондаған адам тұрады, көбі мал ұстайды. Елді мекенде 14 тұрғын ғана ресми тіркеуде тұр. Сондықтан билік Балтатарақты ауыл мәртебесінен айырған. Тұрғындар электр жарығы болса, мұндағы өмір жанданар еді деп армандайды.

Семейден Балтатараққа жарты сағатта жетуге болады. Жол бастап келе жатқан жергілікті тұрғын әрі "Абылай" шаруа қожалығының сенімді өкілі Мұрат Айдарбаев жолға жақын орналасқан саман мен силикат кірпіштен соғылған үйлерді нұсқап көрсетіп келеді. Балтатарақ осы жерден басталады.

- Бізде СССР тараған кезден бері электр жарығы жоқ. Бірнеше рет ауыл мен қала әкімдігі, ақпарат құралдарынан адамдар келді, бірақ нәтиже болмады. Біздің әлеуетіміз жақсы, жер жетеді, бірақ электр энергиясы жоқ. Онсыз адамдарды асырап, мал басын өсіре алмаймыз, - дейді жол үстінде әңгіме бастаған Мұрат Айдарбаев.

Балтатарақ қонысындағы тұрғын үй. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Балтатарақ қонысындағы тұрғын үй. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 1995 жылы ауылда электр бағандары жанып кеткен, ал қалған сымдар ұрланған. Содан бері ауылда жарық жоқ. Бір кезде үш жүзге жуық адам тұрған ауылдың берекесі қашып, тұрғындар көше бастаған.

Дизель генераторы. Балтатарақ қонысы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Дизель генераторы. Балтатарақ қонысы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Балтатарақ тұрғындары электр энергиясын 12-ваттық дизель генератордан алады, ол зат әр үйде бар. Жергілікті халықтың айтуынша, шаруа қожалықтарының бірі "дизельден" бөлек, күннен қуат алатын батареяны, енді бірі жел генераторын қолданады.

ЖАРЫҚ ТА, СУ ДА, МОБИЛЬДІ БАЙЛАНЫС ТА ЖОҚ

Балтатараққа кіру үшін біз мінген көлік аласа жотадан ақырын түсе бастады: қоныста не асфальт, не тіпті жай жол жоқ. Үйлердің айналасы қоршалмаған, ауылда қоршауды тек малға арнап қана орнатады. Балтатарақта адамнан мал көп. Біз ауылда 30 жылдан бері тұратын жергілікті шаруа Үсен Хасеновтың үйіне беттедік.

- Ауылда 50 адам тұрады, 14 шаруашылық бар. Бәрінен де электр энергиясының жоқтығы батады. Бұл проблеманы өзіміз шешуге тырысып көрдік, бірақ... - дейді жасы 60-ты алқымдаған, жүзі күнге тотыққан мығым денелі тұрғын бұл істен қайран болмағанына қынжыла сөйлеп.

Жергілікті тұрғын Үсен Қасенов ескі мотоциклін теуіп барады. Балтатарақ ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Жергілікті тұрғын Үсен Қасенов ескі мотоциклін теуіп барады. Балтатарақ ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Үсен мен әйелі жол бойындағы ескі кірпіш үйде тұрады. Балалары әлдеқашан қалаға кетіп қалған, ата-анасының үйіне сирек келеді. Шаруа үйінің бір терезесіне шағын күн батареясы ілініпті. Үсен Хасенов бұл батареяның күші мобильді телефонның қуатын толтыруға ғана жететінін айтады. Шаруа қожалығында ондаған жылқы, мотоцикл мен дизельдің көмегімен жұмыс істеп тұрған генератор бар.

- Адамдар бізге "19 ғасырда тұрып жатырсыңдар" деп күледі, - дейді қонақтарға Балтатарақты көрсетіп жүрген Үсен Хасенов.

Балтатарақ ауылындағы жылқы. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Балтатарақ ауылындағы жылқы. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Біз оның көршісі Болат Баймырзаевтың үйіне келдік. Ол бұл жерде 1993 жылдан бері тұрады екен.

- 2004 жылы шаруа қожалығын аштым. Әлі күнге жарықсыз өмір сүріп жатырмыз. Балаларымыз қалада тұрады. Ауылда не интернет, не мобильді байланыс жоқ. Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық қамымен жүрген жұрт жолшыбай бізге тоқтап, жарықсыз қалай өмір сүріп жатқанымызды сұрады. Бізге көмек керек. Көбі бұл жақтан көшіп кетті, ал біз қалаға кете алмаймыз. Мына жасымызда бізді кім жұмысқа алады? - дейді Болат Баймырзаев.

Балтатарақ тұрғыны Болат Баймырзаев жұмыс істеп жүр. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Балтатарақ тұрғыны Болат Баймырзаев жұмыс істеп жүр. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Электр жарығының жоқтығы мал өсіруге де кедергі: мұздатқыш болмаған соң тұрғындар ет пен сүтті, сүттен әзірлеген өнімін қайда сақтарын білмейді.

- Ет ең көп дегенде бір тәулік қана шыдайды, ары қарай бұзылып кетеді. Қалаға апара алмаймыз: бұзылған етті сата алмайсың. [Сапасыз өнім сатып] ұятқа қаламыз ғой. Бізге электр жарығы керек. Электр қуаты болмаса насос істемейді, кез келген басқа жұмыс та өнбейді. Бәрін қолмен істеуге тура келеді. Қазір күш те сарқылды, - дейді Болат Баймырзаев.

Балтатарақта дүкен, дәріхана мен қоғамдық көлік жоқ. Ауыл тұрғындары балаларын Семейдегі мектеп-интернатта оқытады. Оларды тек сенбі күндері ғана үйге алып кетеді. Балаларының жағдайын сұрап, хабарласу да қиын: мұнда мобильді байланыс ұстамайды.

Балалар құлынды сипап тұр. Балтатарақ, Шығыс Қазақстан облысы. 9 маусым 2020 жыл.
Балалар құлынды сипап тұр. Балтатарақ, Шығыс Қазақстан облысы. 9 маусым 2020 жыл.

- Хабарласу үшін шатырға шығамыз. Өйтіп-бүйтіп зорға дегенде сөйлесеміз, - дейді Баймырзаев.

Шаруа Совет одағы тұсында бұл жерде сүт өнімдерін шығаратын ферма болғанын, ол кезде сүтті үлкен жүк көліктерімен алып кететінін еске алды.

- Ол кезде ауылда адам көп еді, - дейді ол ауыр күрсініп. - Қазір судың өзі проблемаға айналды. Суды басқа жақтан әкеледі, ал машина оталмай қалған кезде өзіміз барамыз.

Болат Баймырзаев су мен жарық мәселесінен бөлек, ауылға жедел жәрдем келмейтінін, ара-тұра көрші ауылдан медбике ғана келіп кететінін айтып шағынды.

"ӘЗІРГЕ ЭЛЕКТР БОЛМАЙДЫ"

Тұрғындардың есебінше, Балтатарақта электр жарығын іске қосу үшін 18 километр желі тарту керек.

Балтатарақтағы үйлердің бірінің сыртындағы күн батареясы. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Балтатарақтағы үйлердің бірінің сыртындағы күн батареясы. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

"Абылай" шаруа қожалығының сенімді өкілі Мұрат Айдарбаев Балтатарақтағы электр жарығы проблемасын шешуді Семей қаласы мен Озерский ауылдық округі әкімдігінен (Балтатарақ осы әкімдікке қарайды) бірнеше рет сұрағанын айтады.

- Қала, ауыл басшылығына бірнеше рет бардық, бірақ олар біздің проблемамызға назар аудармай отыр. Ұжымдық хатымызға да жауап бермеді. Тым болмаса, "электр жарығын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз" деп жауап берсеңдер, ары қарай мазаламаймыз ғой, - дейді Айдарбаев.

Балтатарақ тұрғыны Мұрат Айдарбаев. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Балтатарақ тұрғыны Мұрат Айдарбаев. Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Оның айтуынша, Семей қаласының әкімдігі Балтатараққа электр жарығын тарту мәселесін шаруа қожалықтарын электр энергиясымен қамтамасыз ету тұрғысынан қарастырады, сондықтан жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы заңға сілтейді.

- [Ол құжат бойынша] Балтатарақ ауылындағы шаруа қожалықтарын электр жарығымен қамтамасыз етуге арналған жобалық-сметалық құжаттарды кәсіпкерлік субъектілері жасауы керек, - деп түсіндіреді Мұрат Айдарбаев.

Ол өзі басқаратын бастамашыл топтың ауылдық электр желісіне қосылу техникалық шартын алуға қажетті құжаттарды дайындап қойғанын айтады. Олар биыл 27 қаңтарда Семей әкімдігіне осы шарттарды орындағанын жеткізген, бірақ әлі жауап алмаған.

Мұрат Айдарбаев бастамашыл топ мүшелері жобалаушыны да тапқанын, бірақ іс сол күйі алға жылжымай тұрғанын айтады.

- Жобалық-сметалық құжат дайындау төрт миллион теңге тұрады. Қаржыландырамыз десе, біз ол құжатты әзірлеуге ақша жинар едік, бірақ олар үнсіз отыр. Оларға сенбеймін, өтінішімді ешкім қарап жатқан жоқ. Қаржыландыруға кепілдік берген күннің ертеңінде-ақ ақша жинауға кірісеміз. Бәріне айтамын, зейнетақымды беруге бармын, - дейді Мұрат Айдарбаев.

Балтатарақ қонысы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Балтатарақ қонысы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Балтатарақ тұрғындары электр жарығын тартуға көп жылдан бері талпынып келеді.

- Қазірге дейін бес-алты әкім ауысты. Келеді, уәде береді, кетеді. Біз салық төлейміз. Зейнетақы қорына ақша аударамыз. Ертең ештеңесіз қаламыз, - дейді Болат Баймырзаев.

Мұрат Айдарбаев өзі көмек сұрап барған шенеуніктердің Балтатарақтың "болашағы жоқ" деп санайтынын айтады.

- "Экономикалық тұрғыдан тиімсіз" дейді. Бірақ жазбаша мұндай жауап бермейді, - дейді Мұрат Айдарбаев.

Тұрғындар "Балтатарақ – экономикалық пайдасы жоқ жер" дегенмен келіспейді. Олар ауылға электр жарығын тартса, мал басын көбейтіп, жаңа ферма ашуға дайын екенін айтады.

Қораның төбесінде тұрған адам. Балтатарақ қонысы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.
Қораның төбесінде тұрған адам. Балтатарақ қонысы, Шығыс Қазақстан облысы, 9 маусым 2020 жыл.

Ауылдың "болашағы жоғын" шенеуніктер де жанама түрде растағандай болды. Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасы Азаттық тілшісіне "Балтатараққа электр жарығын қосу жоспарда жоқ" деп жауап берді.

Ведомство жауабында "Балтатарақ қонысы ауыл мәртебесіне ие болмағандықтан және онда небәрі 12-14 адам тұратындықтан, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда ол жерге құрылыс салу, оның ішінде электр желісін жүргізу жоспарда жоқ" деп жазылған.

Ресми мәлімет бойынша, Шығыс Қазақстан облысындағы 689 ауылдың бәріне электр жарығы тартылған.

  • 16x9 Image

    Хадиша АҚАЕВА

    Хадиша Ақаева - Азаттықтың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі. Шәкәрім атындағы университетті журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Армения және Грузиядағы басылымдарда тәжірибеден өткен. Азаттықпен 2019 жылдан бері серіктес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG