Accessibility links

Күні қалаға қараған ауыл жұрты Алматы шетіндегі блокпостың ашылмағанына наразы


Алматы кіреберісіндегі блокпост маңында тұрған жұрт. 11 мамыр 2020 жыл.

Қазақстан билігі коронавирус пандемиясы байланысты жариялаған төтенше жағдайды аяқтағанымен карантинді және қалалардағы блокпостарды қалдырды. Облыс аймағында тұратын, бірақ Алматы қаласында жалдамалы жұмыс істеп жүрген жұрт ТЖ аяқталған күні қалаға кіруге тырысты. Полиция Алматы облысы аймағында тұратын бірақ Алматы қаласына кірмек болған жұрттың біразын өткізбеді. Облыс тұрғындары қалаға кіре алмаған соң нәпақасыз қалғандарын айтады.

«ҚАШАНҒЫ ҮЙДЕ ЖАТАМЫН?!»

13 мамырда Алматы облысы Гүлдала ауылы мен Алматы қаласының тұсындағы блокпоста адам қарасы да, көлік те көп. Барлығы Алматы қаласына кіру үшін келген. Жұрт "коронавирус тарамау үшін екі метр арақашықтық сақтау ережесін" ескеріп жатқан жоқ. Ұзыннан ұзақ созылған көлік кептелісі ауылдың келесі басына дейін жетіп тұр. Кейбір асыққан көліктер жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Арнайы қорғаныш киімдегі адамдар әрбір көліктің нөмерін планшет арқылы тексеріп, кейбірін өткізіп, кейбірін кері қайтарып жатыр. Ал блокпостан сәл арырақ құрылған темір шарбақтың жанында отырғандар жаяу жүргіншілерді төлқұжат арқылы тексеріп, өткізіп жатыр. Блокпостан өткендерден гөрі өте алмай тұрғандардың қарасы көп.

Блокпосты маңындағы көлік кептелісі. Алматы облысы, 14 мамыр. 2020 жыл.
Блокпосты маңындағы көлік кептелісі. Алматы облысы, 14 мамыр. 2020 жыл.

- Ашылады деп еді, енді неге жібермей жатыр, - дейді жиналғандар бір-біріне сұраулы жүзбен.

- Кеше ғана өттім ғой. Бүгін неге өткізбейді? Жұмыстан қалдым, - деп орта жасқа келіп қалған тұрғын полицеймен дауласып жатыр.

- Базаға бүгін жаңарту жасаған екен. Сол кезде сізді алып тастапты. Ол біздің кінәміз емес, - деп түсіндіріп әлек қарсы тараптағы қызметкер.

- Бір ай, жиырма күн үйде жаттым. Енді келсем тағы жабық. Қашанғы үйде жатамын?! Ашсын! Бұларға айтар сөзім жоқ, - деп күйінеді тағы бір азамат.

- Есік ауылынан келдім. Келіншегімнің аяғы ауыр еді. Соны емханаға апаруға шыққанмын. Қаладағы емханаға тіркелген едік. Бірақ оны өткізгенімен, мені жібермеді. Амалсыз кері қайтайық деп тұрмыз, - дейді тағы бір азамат мұңын шаққандай болып.

Жиналған жұрттың арасында бір жас шамасындағы баланы көтерген әйел де жүр.

«БАРЛЫҚ ТЫНЫС ТІРШІЛІГІМІЗ ҚАЛАМЕН БАЙЛАНЫСТЫ»

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылының тұрғыны Нұрқанат Бекбаев Алматы қаласында жалдамалы жұмыс істейтінін айтады. Ол да блокпостан өте амай кері қайтты.

Нұрқанат Бекбаев, Бәйтерек ауылының тұрғыны.
Нұрқанат Бекбаев, Бәйтерек ауылының тұрғыны.

- Егер төтенше жағдайдың аяқталғаны рас болса, онда неге блокпост алынбайды. Ал жұртты қалаға кіргізбейтін болса, онда төтенше жағдайдың аяқталғаны қайсы? - деген Нұрқанат "карантин тағы бір айға созылмаса екен" деп тілейді.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратын Ержан Медеуханның да тұрақты жұмысы жоқ. Бірақ ол да Алматы қаласына кіргісі келеді. Ержан Алматы қаласында жиһаз жасайтын жеке кәсіпкерге жалданып жұмыс істейді.

- Әуелі де төтенше жағдайдың талабына көндік. Айтқандарын орындап, екі ай тапжылмай отырдық. Екі айдан бері қол қусырып отырдым. Тепсе темір үзетін жасымда кәрі әке-шешемнің зейнетақысына ортақтасып отырғаным болмас. Ауылда қаладағыдай ақша жоқ. Өйткені біздің барлық тыныс-тіршілігіміз қаламен тікелей байланысты. Қаладан қол үзген соң тиынсыз қалдық, - дейді ол.

Сарапшы пікірі

Бейсенбек Зиябеков, Қазақстан-Неміс университетінің оқытушысы, экономист:

Ауылдағы халық неге қалаға келіп жұмыс істейді? Бұл – біздің отыз жылдағы «дамыған» экономикамыздың нәтижесі. Біріншіден, қазіргі жағдай қарапайым халыққа экономикалық тұрғыдан өте ауыр тиіп жатыр. Өйткені ауылдағы жұмыс орнының бәрін жоқ қылып жібердік. Ауылды екінші типте қалдырып кеттік. Екіншіден, қазір біз «әлеуметтік қоғам» құрып жатырмыз деп айтамыз. Бірақ ол қандай қоғам? Шынымды айтсам, қазіргі біздің қоғам жүргізушісі жоқ пойыз секілді. Белгісіз бағытқа кетіп бара жатыр. Бағдарсыз, басқарусыз қалған жұрт қалаға қарай сабылады. Сондықтан билік пен халықтың арасындағы қарама-қайшылықты жойып, негізгі күшті қалаға емес ауылға салу керек. Карантиндегі, блокпостағы ұзын-сонар кезек осы мәселені көрсетті.

Алматы қаласының оңтүстік-шығыс жағында, Әлмерек ауылының кіреберісінде орналасқан блокпоста да адам нөпірі көп. Иін тірескен жұрттың бар мақсаты – Алматы қаласына кіру.

Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылында тұратын Марат Жақанов қаладағы жалдамалы жұмысына барғысы келеді. «Екі айдан бері қалаға жете алмай жүрген» Марат әйелі үш баласымен үйде отырғанын, өзі отбасының асыраушысы екенін айтады.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылының тұрғыны Жанарбек Октябрь Алматы қаласындағы баспахананың біріндегі жұмысына барғысы келеді.

- Төтенше жағдай жарияланған соң еңбек демалысына шықтым. Кеше еңбек демалысым да аяқталды. Бүгіннен бастап үш күнге еңбекақысыз демалысқа жіберді. Карантин бұлай жалғаса беретін болса, қаржылық тапшылық қыса береді, - дейді ол.

Алматыға кіреберістегі блокпост. 11 мамыр 2020 жыл.
Алматыға кіреберістегі блокпост. 11 мамыр 2020 жыл.

Жанарбек өзі білетін адамдардың көпшілігі қазір қаладағы тұрақты жұмысынан айырылып қалғанын, соның салдарынан қаржылық қиындыққа ұшырағанын айтады.

Алматы қаласы әкімдігі Алматы облысынан қалаға тек қызметін бастаған кәсіпорындардың жұмысшылары ғана кіре алатынын мәлімдеген. Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қаладағы қызметін бастаған кәсіпорындар облыста тұратын жұмысшыларын infoalmaty.kz арқылы тіркеп рұқсат алуы тиіс.

Бұған дейін Ақмола облысының ауылдарының тұрғындары да өздерін Нұр-Сұлтан қаласына кіргізуді талап етіп, жолды жауып наразылық білдірген.

"Ашсын!" Блокпосты ашуды талап еткен жұрт жолды жапты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Қазақстан билігі пандемияға байланысты жариялаған төтенше жағдайды аяқтағанымен, коронавирус тарау қаупі әлі сейілген жоқ деп карантинді қалдырды, блокпостарды да ашпай отыр. Елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сай, Алматы қаласында, Алматы облысында, Нұр-Сұлтан және Ақмола облысындағы карантинді эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартқан.

14 мамырдағы ресми мәліметке сай, Қазақстанда 5571 адамнан вирус табылды. 2408 адам дерттен айықты. 32 адам қайтыс болды.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG