Accessibility links

"Уәдеге малданып жүрміз". Он жеті ай жалақы көрмеген жұмысшылардың үміті


Ауылды жердегі электр желісі. Көрнекі сурет.
Ауылды жердегі электр желісі. Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жарықпен қамтамасыз ететін кәсіпорынның ондаған жұмысшысы бір жарым жылдан бері жалақы алмаған. Мекеменің жалақыға қарызы 40 миллион теңгеден асады. Жұмысшылар мен электр желісінің ескілігінен жиі жарықсыз қалатын аудан тұрғындарының айтар шағымы көп.

"ХАЛЫҚ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛАДЫ ҒОЙ"

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімшілік орталығы – Жаңаарқа ауылында тұратын 57 жастағы Ибрахим Ағатайдың жалақы алмағанына 17 ай болды. "Сәкен және К" жарық компаниясында үш жылдан бері диспетчер болып істейтін оның жалақысы - 40 мың теңге. Қазір кәсіпорынның Ибрахимге жалақыға берешегі 700 мың теңгеге жуық.

- Менің жасымда жұмыс табу қиын. Құрылыста істей алмаймын, ауылда басқа жұмыс жоқ. Сондықтан осы жерде жүрмін. Ақшамызды беретін шығар деп үміттенемін. Әр жолы "төлейміз" деп уәде береді. Билік жағдайымызды біледі, бірақ ақшамызды әлі ала алмай жүрміз. Сонда да жұмыстан қалмаймыз. Жұмысқа шықпасақ, халық жарықсыз қалады ғой, - дейді ол.

Жарықпен қамтамасыз ететін "Сакен и К" компаниясының жұмысшылары.
Жарықпен қамтамасыз ететін "Сакен и К" компаниясының жұмысшылары.

Жалақысын күтіп жүрген жалғыз Ибрахим емес. Бір жарым жылдан бері еңбекақысын алмаған көп әріптесі де әлі күнге жұмыс істеп жүр. Олар күнделікті бұрынғыдай жұмысқа барып, кәсіби міндетін атқарады. Жұмысшылар соңғы рет ақпан айында шу көтеріп, жұмысқа шығудан бас тартқаннан кейін жалақының бір бөлігін алған. Олар жұмыс берушіден бүкіл қарызын қайтаруды талап еткен еді. Бірақ басшылық 2018 жылдың қараша айының ғана ақшасын төлеген.

- Жұмыс беруші "есепшот бұғатталған, сот жүріп жатыр" дейді. Оған біздің қатысымыз қанша? Неге біз қиналуымыз керек? Біраз адам жұмыстан шығып кетті. Штатқа жұмысшы жетпейді, екі-үш адамның орнына еңбектенуге тура келеді. Құр уәдеге малданып жүрміз. Жұмыс істемесек халық шағына бастайды. Жалақы алмаймыз, ал жұмысқа шығуды қойсақ, халық жарықсыз қалады. Өзіміз де осында тұрамыз ғой. Көк тиынсыз қалмау үшін екінші жұмысқа кірдім. Бұл жерден де шыға алмаймын. Жұмыстан кетсем, ақшамды ала алмай қаламын ба деп қорқамын. Көбі соны ойлап қана жүр. Мүмкіндігі барлар қосымша табыс табады. Электр монтерлары тұрғындардан түскен өтініштер бойынша үй-үйді аралап, қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Апатты жағдай болған кезде ғана барады, - дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жұмысшы.

Ол осыған дейін мәселенің шешімі табыла бастағандай көрінгенімен, карантин кезінде бүкіл жұмыс тоқтап қалғанын айтады.

- Облыс әкімдігіне мәселемізді айттық. Аудан әкімдігі нотариусқа жүгініп, қарызымызды сот орындаушысы арқылы қайтарып алуға кеңес берді. Нотариустың шешімі карантинге дейін қолымызға тиген. Бірақ карантин басталғалы еш өзгеріс жоқ, - дейді ол.

Жаңаарқа ауылы, Қарағанды облысы. 21 мамыр 2020 жыл.
Жаңаарқа ауылы, Қарағанды облысы. 21 мамыр 2020 жыл.

Жұмысшыларды жалақысынан бөлек, трансформаторлардың апатты жағдайда тұрғаны да мазалайды: құрылғыдан кез келген сәтте өрт шығып, оның соңы қайғылы жағдайға апарып соға ма деп қауіптенеді. Жұмысшылардың сөзінше, жақында трансформатордан өрт шыққан. Мамандар желіні ауыстырып, жөндемесе, алдағы уақытта апат жиілеп, ауыл тұрғындары жарықсыз қалуы мүмкін деп ескертеді.

КОМПАНИЯ УӘЖІ

Қазір кәсіпорында диспетчер, контроллер, электр монтері сияқты мамандардан тұратын жиынтығы 18 жұмысшы қалған. Әкімшілік қызметкерлерімен қосқанда компанияда 40 шақты адам жұмыс істейді. "Сәкен және К" компаниясының директоры жалақыға қарыз көлемі 40 миллион теңгеден асатынын, 2018 жылдың желтоқсан айына қарыз ақша әлі төленбегенін мойындады.

Басшылық мұндай жағдай Жаңаарқа ауданы мен облыстағы бірнеше елдімекенді жарықпен қамтамасыз ететін "Қазэнергоорталық" компаниясымен арадағы келіспеушілікке бола қалыптасты деп түсіндірді. Директордың сөзінше, қос компанияның арасында өзара есеп айырысу бойынша дау туып, іс сотқа жеткен.

- Біз желі бойынша бұрынғыдай қызмет көрсетіп жатырмыз. Бірақ "Қазэнергоорталық" компаниясы "сендер шығын үшін төлемейсіңдер" деп, бізге тасымал ақысын бермей отыр. Сондықтан жалақы, салық, айыппұл мен желі жұмысына қажет материалдар ақысын төлей алмай отырмыз. Техникалық және коммерциялық шығындарымыз да өтелмей қалды. Заңгерлер "мәселе шешіліп жатыр" дейді. Бұл мәселені құрылтайшылар қарап жатқан көрінеді. Бәріміз бір өзгеріс болар деп күтіп отырмыз, - дейді "Сәкен және К" кәсіпорны директоры Нұржан Ежебаев.

Ол компания шотына ақша түссе, жұмысшыларға еңбекақысын төлеуге дайын екенін айтты.

- Шоттарымыз бұғатталған. Бұл мәселе шешілуі керек еді. Бірақ коронавирус пен карантин деп, барлық жұмыс тоқтап қалды. "Қазэнергоорталықпен" әлі соттасып жатырмыз, - деді Ежебаев.

Жаңаарқа ауылындағы үйлер мен электр бағаналары.
Жаңаарқа ауылындағы үйлер мен электр бағаналары.

Компания Жаңаарқа ауданындағы электр желілерінің 80 пайызға ескіргенін растады. Компания директоры осы мәселеден кәсіпорынға келген техникалық шығын өсіп бара жатқанын айтады.

- Электр қуатын ұрлау, яғни, жарықты келісімшартсыз, есептеу құралынсыз пайдаланудан компанияға коммерциялық шығын келді. Қазір халықты жарықсыз қалдырмау үшін әкімдікпен бірге апатты жағдайға жол бермеуге тырысып жатырмыз. Жақында бүкіл Атасу ауылында (2020 жылдың ақпанына дейін Жаңаарқа деп аталаған – ред.) ауа-райының қолайсыздығы мен электр желісінің ескіруінен жарық сөніп қалды, - дейді кәсіпорын директоры Нұржан Ежебаев.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ ПІКІРІ

Электр желісінің апатты жағдайда тұрғанын жергілікті билік өкілдері де растап, бұған жарық беруші компанияны кінәлайды.

- "Сәкен және К" компаниясы өз қызметін дұрыс атқармаған. Сондықтан аудан халқын электр жарығымен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қолға алдық. Аудан әкімдігі электр желісін қолданыстағы заңға сәйкес, коммуналдық меншікке беру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, - деді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.

Еңбек инспекциясы басқармасының дерегінше, "Сәкен және К" кәсіпорны 34 қызметкерге қарыз. Инспекция өкілдері кәсіпорын мүлкін бұғаттау туралы бұйрық шыққанын айтады.

- Жергілікті атқарушы орган кәсіпорын жұмысшыларының құжаттарын нотариусқа берді. Осыдан кейін нотариус қарызды мәжбүрлі түрде өндіру үшін сот орындаушысының көмегіне жүгінді. Қазір сот орындаушысы компанияның жылжымалы әрі жылжымайтын мүлкін бұғаттау туралы қаулы шығарды, - деді Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Азаттық тілшісі облыс әкімдігінен "Табысынан айырылған ауыл тұрғындарына көмек берілді ме?" деп сұрады. Әкімдік өкілдері бірнеше қызметкердің жұмысқа тұрғанын, 28 адам жәрдем ретінде 42500 теңгеден алғанын, ал бес адамның өтініші "жәрдемақы талабына сәйкес келмегенін" айтты.

- Жергілікті әкімдік екі адамды жұмысқа орналастырды. Бес адам жалдамасыз жұмыста істейді. Компанияның қалған қызметкері әлі жұмыстан шықпай, сот шешімін күтіп жүр, - дейді әкімдік өкілдері.

Жаңаарқа ауданы аумағы басталатыны жазылған жол шетіндегі белгі.
Жаңаарқа ауданы аумағы басталатыны жазылған жол шетіндегі белгі.

32 мың тұрғыны бар Жаңаарқа ауданы – Қарағанды облысындағы біршама дамыған аудандардың бірі. "Сәкен және К" компаниясы мыңдаған үйді электр жарығымен қамтамасыз етеді.

Ресми деректерге сәйкес, қазір Қарағанды облысы бойынша алты кәсіпорын 192 жұмысшыға жалақыға қарыз. Ондай компаниялардың төртеуі банкрот болған. Еңбекақыға қарыздың жалпы көлемі 80,8 миллион теңгені құрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG