Accessibility links

Мамин қызмет көрсету мен білім саласына екпе салуды міндеттеу керегін айтады


Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин.
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин қызмет көрсету, білім саласы және еңбек ұжымдарын екпе салдыруға міндеттеу керегін айтты. Бұл туралы ол 29 маусымда үкімет отырысында мәлімдеді.

"3,3 миллион адамға екпенің бірінші дозасы, шамамен 2 миллион адамға екінші дозасы салынған, бұл жеткіліксіз, әкімдер егу қарқынын күшейтуі керек" деді премьер-министр.

Мамин елдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталып, барлық керек-жарақ бұйым тиісті деңгейде жеткілікті болуын тапсырды.

"Ауруханалардағы төсек-орынның 27 пайызы, жансақтау төсек-орындарының 24 пайызы толды. Астанадан бөлек "қызыл" аймаққа тағы төрт өңір кірді. "Қызыл" аймақтағы барлық өңірде шектеу шаралары мен мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілуі тиіс. Резервтік төсек-орындар дайын болсын, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар жеткілікті болуы керек" деді ол.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кейінгі аптада коронавирус жұқтырғандар 39 пайызға көбейгенін мәлімдеген. Министрлік вирустың өршуіне коронавирустың жаңа "Дельта" варианты себеп болды дейді.

Вице-премьер Ералы Тоғжанов бұған дейін вирусты тоқтату үшін қызмет көрсету саласындағы қызметкерлерді екпе алуға міндеттеуге мәжбүр екенін айтқан. Қоғам бұған наразылық білдіріп, қойылған талаптың заңсыз екенін айтады. Бірақ кейбір сарапшылар мутацияланған вирустан қорғану үшін екпеден басқа амал жоқ дейді.

Үнді штамы тараған тұста вакцинаға кезек көбейді. Иммунолог "індетті тек екпе тоқтатады" дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Қазір Қазақстанда ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, БАӘ мен Қытай бірлесіп жасаған Hayat-Vax және Synopharm екпесін салып жатыр.

Ресми деректер бойынша, пандемия балғаннан бері елде 421 121 адамнан коронавирус анықталған, 4 336 қайтыс болған. Министрлік коронавирус пневмониясына шалдыққандарды тек 1 тамыздан бастап бөлек есептей бастады. Сол кезден бастап 56 942 адам ауырып, 3 446 адам көз жұмды.

Бірақ зерттеушілер ресми деректерге күмәнмен қарайды және олар шын мәніндегі көрсеткіш ресми статистикадан әлдеқайда көп деп санайды. Үкімет 2020 жылы маусым-тамызда коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандарды ресми статистика қоспаған. Бұдан бөлек, билік коронавирус жұқтырған мыңнан аса марқұмның "өліміне басқа дерт себеп болды" деп, Covid-19 өлім-жітімінің статистикасына енгізбей қойды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG