Accessibility links

Билік халықтың АЭС жөнінде пікірін сұрайды, "түсіндіру жұмыстарына" блогерлер тартылуы мүмкін


Қазақстан энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Қазақстан энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Азаттықтың атом электр станциясы туралы сұрағына жауап берген энергетика министрі Нұрлан Ноғаев үкімет халықтың жоба жөнінде пікірін сұрайды деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, "түсіндіру жұмыстарына" блогерлер араласуы мүмкін.

— Семинар, дөңгелек үстел өткізу жоспарда бар, қоғам өкілдері, белсенділер, блогерлер да мәселеге араласады деп ойлаймын. Қазіргі кезде "жасыл экономикаға" өту мәселесі тұр. Бұл тұста Қазақстанда өндірілетін энергияның 70 пайызы көмір қуатымен шығарылатынын, 20 пайызы газ және үш пайызы қайта қалпына келетін энергия көздерінен алынатынын, қалғаны судан алынатынын айта кетейін. Көміртексіз өндіріске өту міндеті тұр. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамның пікірін, температурасын білуге тиіспіз. Олар бұл мәселеге қалай қарайды деген тұрғыда, — деді 30 маусым күнгі Ноғаев брифинге.

26 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясы төңірегінде айтылып жүрген қауіптердің орынсыз екенін атап өтіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған.

Осыған дейін АЭС салуға ең қолайлы орын ретінде Алматы облысы Үлкен қаласының маңы аталған. Алайда бұл ұсынысты жұрт сынап, Қазақстан президенті құптамаған.

30 маусым күнгі брифинг кезінде энергетика министрі Семей ядролық полигоны орналасқан Курчатов қаласында болашақ АЭС салынуы мүмкін екенін айтты.

— Биыл Семей ядролық полигонын зерттеуді толық аяқтаймыз. Қазірге дейін аумақтың 80 пайызы зерттелді. Жылдың соңына дейін зерттеу жұмыстарын аяқтаймыз. Одан соң аумақтың қандай бөлігін халық шаруашылығы мен өзге мақсаттарға бере аламыз, сол жағын қарастырамыз, — деді Ноғаев.

2019 жылы сәуір айында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда атом электр станциясын салуды ұсынған. Бұл ақпарат Қазақстан қоғамында ірі резонанс тудырды, жұрт ұсынысты сынады. Көп ұзамай Тоқаев "халықтың пікірін ескермей АЭС салу жөнінде шешім қабылданбайды" деп мәлімдеді.

Ресей бұдан соң АЭС мәселесін бірнеше рет қозғады. Биыл ақпан айында Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин кремльшіл "Комсомольская правда в Казахстане" басылымына берген сұхбатында "Ресей Қазақстанда әлі де АЭС салғысы келеді" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG