Accessibility links

Өзбекстанның АЭС салу жоспарына Қазақстандағы реакция


Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев болашақта атом станциясы салынатын жерді анықтау жұмыстарын бастауға арналған шарада тұр. Ташкент, 19 қазан 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев болашақта атом станциясы салынатын жерді анықтау жұмыстарын бастауға арналған шарада тұр. Ташкент, 19 қазан 2018 жыл.

Ресеймен атом электр станциясының құрылысы туралы келісімге қол қойған Өзбекстан болашақ ядролық нысан Қазақстан шекарасынан ондаған километр қашықтағы Тұзқан көлі тұсында орналасуы ықтимал екенін айтты. Қазақстан экология министрлігі Ташкенттен Нұр-Сұлтанға АЭС салу жоспары туралы ресми хабарлама келмегенін айтады. Ал энергетика министрлігі Өзбекстан АЭС құрылысы туралы көрші мемлекеттерге ескертуге міндетті емес деп есептейді. Қазақстандық экологтар ведомство мәлімдемесімен келіспейді.

Қазақстандық эколог Дмитрий Калмыков елде атом электр станциясын салуға түбегейлі қарсы. Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарымен жұмыс істеген, ұзақ уақыт Семей ядролық полигонындағы радиациялық ластануды зерттеген Калмыковты көршілес Өзбекстанның АЭС салу жоспары алаңдатады.

Ташкент 2018 жылы Мәскеумен ядролық нысан құрылысы туралы келісімге қол қойып, Қазақстан шекарасына бірнеше жүздеген және ондаған километр қашықтағы жерлерді АЭС орналасуы ықтимал аумақтар ретінде атаған. Биыл Өзбекстан болашақ АЭС Қазақстандағы халық ең тығыз орналасқан Түркістан облысынан небәрі 40 километр жердегі Жизақ облысы Тұзқан көлінің маңында салу жоспары барын айтты. Тұзқанның жанында Қазақстанның тұтас бір қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған, Орталық Азиядағы ең ұзын трансшекаралық өзен Сырдариядағы (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан аумағы арқылы өтіп, Арал теңізіне құяды) стратегиялық маңызды нысан Шардара су қоймасы орналасқан.

"Қарағандылық Экомузей" қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков.
"Қарағандылық Экомузей" қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков.

"Қарағандылық Экомузей" қоғамдық бірлестігінің басшысы Калмыков Чернобыль мен Жапониядағы "Фукусима" атом электр станциясында болған жарылыстар қоғамның мұндай апатқа мүлде дайын емесін көрсетті деп есептейді. Оның сөзінше, АЭС салудың пайдасынан тәуекелі көп. Өйткені апат болған жағдайда радиация 500 километрге дейін тарайды.

- Мұнда [Қазақстанға] оны сата алмады. Өйткені Қазақстанда постядролық негативті тәжірибе бар. Халық кез келген ядролық технология туралы бастамаға кері көзқараспен қарайды. Халықтың үстінен жүргізілген ядролық қару сынағы бәрінің есінде. Ресейлік атом саласының мамандары ойлағанын [АЭС жобасын] Өзбекстанда жүзеге асырды, - дейді эколог.

Калмыковтың айтуынша, 1991 жылы Финляндияның Эспо қаласында қол қойылған "Қоршаған ортаға трансшекаралық аумақта келетін әсерді бағалау" туалы конвенцияға сәйкес, қауіпті нысандарды бағалау тек ел ішінде ғана емес, апат салдары әсер етуі мүмкін көршілес мемлекеттерде де жүргізілуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, Өзбекстандағы болашақ АЭС-тің қоршаған ортаға әсерін бағалау Қазақстанда да жүзеге асуы қажет.

Эспо конвенциясына сәйкес, атом электр станциясын салуды қолға алған мемлекет "нысанның салдары әсер етуі мүмкін" көршілес елдермен өз жоспарын бөлісуі керек. Билік мұны жоба туралы өз халқына хабарлаған кезден кешіктірмей орындауы тиіс. Өзбекстанда АЭС салу туралы әңгіме өткен жылдан бастап жүріп жатыр. Қазақстандағы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Азаттыққа "Ташкент Нұр-Сұлтанға қазірге дейін АЭС салынатыны туралы хабарлама жіберген жоқ" деп мәлімдеді.

Қазақстан энергетика министрлігі мұны "Өзбекстан Эспо конвенциясына қол қойған мемлекеттер қатарында жоқ. Сондықтан АЭС салу жоспары туралы трансшекаралық мемлекеттерге ескертуге міндетті емес" деп түсіндірді. Энергетика министрлігі Азаттыққа Өзбекстан үкіметімен "АЭС жобасын жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу мен әріптестік орнату туралы" келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Ведомство редакцияға жіберген жауабында бұл келіссөздердің қай деңгейде екенін ашып жазбаған. Министрлік сондай-ақ өткен айда Өзбекстанға жіберген делегациясы Өзбекстан үкіметінің жанынан құрылған атом энергетикасын дамыту агенттігі "Узатом" қызметімен танысып қайтқанын да айтқан жоқ. Агенттік сайтында қазақстандық шенеуніктердің өзбек әріптестерімен бірге АЭС макетінің жанында түскен суреттері жарияланған.

"Узатом" агенттігі өкілі Қазақстан энергетика министрлігі делегациясының мүшелеріне ресейлік АЭС жобасының макетін көрсетіп тұр. Ташкент, 9 тамыз 2019 жыл.
"Узатом" агенттігі өкілі Қазақстан энергетика министрлігі делегациясының мүшелеріне ресейлік АЭС жобасының макетін көрсетіп тұр. Ташкент, 9 тамыз 2019 жыл.

Атом электр станциясы құрылысына жетекшілік ететін "Узатом" агенттігінің баспасөз қызметі Азаттықтың Өзбекстанда "аккредитациядан өтпегенін" алға тартып, болашақ АЭС орны мен оның Қазақстанға жақын орналасқаны жөнінде пікір беруден бас тартты.

Осыған дейін "Узатом" жариялаған хабарламада: "АЭС-тің соңғы орнын белгілеу үшін МАГАТЭ ережесіне сәйкес, қоршаған ортаға келетін әсерді бағалау және міндетті сараптама жүргізіліп, оның қорытындысы көрші мемлекет өкілдері шақырылған қоғамдық тыңдауда таныстырылады" делінген. Әзірге қоғамдық тыңдаудың қашан өтетіні және оған қандай елдер шақырылатыны туралы ақпарат жоқ.

АЭС САЛУ ЖОСПАРЫНА ӨЗБЕКСТАН ҚОҒАМЫ НЕ ДЕЙДІ?

Бұрын Өзбекстанның мұнай өнімдері министрі болған, қазір "Экологиялық қауіпсіздік ғылымдарының халықаралық академиясы" қоғамдық ұйымында эколог боп жұмыс істейтін Анвармирзо Хусаинов Өзбекстандағы АЭС құрылысы арқылы "Кремль Орталық Азияға орнығып алғысы келеді" деп есептейді.

"Экологиялық қауіпсіздік ғылымдарының халықаралық академиясы" қоғамдық ұйымының мүшесі Анвармирзо Хусаинов.
"Экологиялық қауіпсіздік ғылымдарының халықаралық академиясы" қоғамдық ұйымының мүшесі Анвармирзо Хусаинов.

- Болашақта АЭС қызметін қамтамасыз етіп, оны қауіптен қорғау қажет болады. Бұл -әскери-техникалық мәселе. Өзбекстанға АҚШ пен Еуроодақ қызығады. Олар Өзбекстан территориясында Иран мен Ауғанстанға үлгі болатын мемлекет құруға болатынын көріп отыр. Бұл жағдайда Қазақстанда АЭС салу жоспары жүзеге аспаған Ресей мемлекетті ресей саясатының шекарасында ұстау үшін Өзбекстанда АЭС сала бастады. Өзбекстан Мәскеудің айтқанына көнген сыңай танытуы керек. Кремль қысым көрсетіп, қоғамдық пікірді зерттеп, ойлануға мүмкіндік бермей отыр. Өзбекстанда халықтың көбі бұл мәселе бойынша референдум өткізілгенін қалайды, - дейді Хусаинов.

АЭС орны деп белгіленген Жизақ облысының әкімшілік орталығы Жизақ қаласының тұрғыны, бұрынғы әскери қызметкер Зафархужа Амиров биліктің бастамасына қарсы.

- Биыл облыста бірден төрт балға дейін бағаланған жеті не сегіз жер сілкінісі болды. Билік мұны есепке алып отырған жоқ. Оның үстіне облыстың климаты ерекше. АЭС-тің ядролық қалдықтарын көметін жер жоқ, - дейді Амиров.

Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігі мен ақпарат құралдарының хабарлауынша, елде жыл сайын аз балдық жер сілкінісіболады. Кейде бұл құбылыс жылына бірнеше рет қайталанады.

Амиров Өзбекстанда АЭС-тің қауіпсіздігін жеткілікті деңгейде қамтамасыз ететін мамандар жоқ деп есептейді. Оның сөзінше, билік АЭС құрылысы туралы Жизақ қаласына жақын маңдағы тұрғындармен қоғамдық талқылау өткізбеген. Амиров соңғы екі жылда биліктен бірнеше рет АЭС салудың қажеттілігі туралы түсініктеме беруін сұраған. Бұл өтінішін президенттің виртуалды қабылдау бөлмесіне де жолдаған. Оның есептеуінше, Жизақтан Қазақстан шекарасына дейін шамамен 60 километр, ал Тұзқан көліне дейін 40 шақырым.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АЭС құрылысын салу жобасын бастауға арналған шарада тұр. Ташкент, 19 қазан 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АЭС құрылысын салу жобасын бастауға арналған шарада тұр. Ташкент, 19 қазан 2018 жыл.

Өзбекстан-Ресей жобасына қарсы белсенділер Facebook-тағы "Өзбекстандықтар АЭС-ке қарсы!" тобында өз ойларымен бөліскен. Топ мүшелері шілде айында Өзбекстан президенті Мирзияев, сенат олий мажлис төрағасы Танзила Нарбаева, "Росатом" атқарушы директоры Алексей Лихачев пен МАГАТЭ басшысы Юкиа Аманоның атына петиция жіберіп, онда АЭС салу туралы шешім "Өзбекстан халқының келісімінсіз" қабылданғанын жазған.

Топ мүшелері өз позициясын "саяси тұрғыдан тұрақсыз Ауғанстанға жақын орналасқан АЭС экстремистердің көздеген нысанына айналуы мүмкін", "елде экологияға зардабы тимейтін баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік көп", "өңірде сейсмикалық қауіп жоғары", "радиоактивті қалдықтар қоршаған ортаға зиян келтіреді", "жемқор шенеуніктерАЭС-тің кемшіліктері мен қате салынған тұстарына көз жұмып, нысанды қабылдап алуы ықтимал", "байқау негізінде жүрмейтін АЭС құрылысы Өзбекстан тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді" деген дәйектермен түсіндіреді. Аvaaz.org сайтындағы петицияға әзірге 131 адам қол қойған.

"Узатом" агенттігі өкілі журналистерге Жизақ облысы Фариш ауданындағы АЭС салынуы ықтимал жерлерді картадан көрсетіп тұр. 7 шілде 2018 жыл.
"Узатом" агенттігі өкілі журналистерге Жизақ облысы Фариш ауданындағы АЭС салынуы ықтимал жерлерді картадан көрсетіп тұр. 7 шілде 2018 жыл.

Өзбекстанда АЭС салумен айналысатын Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы сутектес энергетикалық реакторлар қойылған заманауи, қауіпсіз станция салатындарын бірнеше рет мәлімдеген.

ТӘУЕКЕЛ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІК. САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

"Ресейлік Гринпис" ұйымы энергетика бөлімінің жобалар жетекшісі Рашид Алимов атом станцияларын "электр энергиясын өндірудің ең қымбат және тәуекелі өте жоғары түрі" деп атайды.

- Станциядан адамзат тарихымен бірдей уақыт бойы қауіпті боп қалатын радиоактивті қалдықтар шығады. Осының бәрін күзету керек болады. Бұған көп қаржы мен күш керек. Өйткені қауіпсіздік нормалары жылдан-жылға қатаң бола бастады. Яғни, құрылыс, нысанды іске қосу, күзету, қалдықтарды сақтау және қайта өңдеуге кетеін шығындар өсе береді, - дейді Рашид Алимов.

"Ресейлік Гринпис" ұйымы энергетика бөлімінің жобалар жетекшісі Рашид Алимов.
"Ресейлік Гринпис" ұйымы энергетика бөлімінің жобалар жетекшісі Рашид Алимов.

Ресейдің ядролық қарулар бойынша сарапшысы, атом энергетикасы туралы желілік күнделік авторы Валентин Гибалов заманауи АЭС-тер қауіпсіз деп есептейді. Оның сөзінше, Чернобыль мен "Фукусимадағы" апаттан соң әлемдік атом энергетикасында алға ілгерілеу болған.

- Одан бері АЭС әлдеқайда қауіпсіз нысанға айналды. Заманауи станциялар, әсіресе Өзбекстанда орнату жоспарланған ВВЭР-1200 сияқты энергоблоктарда радиоактивті элементтерді герметикалық қаптама ішінде сақтап, ықтимал қауіптерден қорғайтын жүйе бар, - дейді Валентин Гибалов.

Ядролық қарулар бойынша ресейлік сарапшы, атом энергетикасы туралы желілік күнделік авторы Валентин Гибалов.
Ядролық қарулар бойынша ресейлік сарапшы, атом энергетикасы туралы желілік күнделік авторы Валентин Гибалов.

Сарапшының пікірінше, жылу электр және су электр станцияларынан газ бен көмір ресурсы ерте ме, кеш пе, сарқылады. Оның үстіне, АЭС парник газдерін шығармайды. Гибалов жел электр станциялары мен күн панельдері сияқты баламалы энергетикада тұрақтылық жоғын, энергияны сақтау жүйесіне қаржы құюды қажет ететінін және барлық жерде экономикалық тиімді болмайтынын айтады.

Қарағандылық эколог Дмитрий Калмыковтың пікірінше, мүмкіндік болса, энергия өндірудің қауіпсіз жолдарын таңдау керек. Ол АЭС-ті қауіпсіз нысанға жатқызбайтынын,апат болу қаупіне қарап, атом электр станциясын экономикалық тұрғыдан тиімді жоба деп есептемейтінін айтады.

- Бүкіл әлем физиктері мен ядролық сала мамандарының білімі, ақылы мен идеялары шоғырланған МАГАТЭ-нің қолында "Фукусима" апатынан бір күн бұрын ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жарамсыз құжаттар болды. Болашаққа ешкім дайын емес. Тәуелсіз бағалау бойынша, Чернобыль апатының салдарын жоюға жұмсалған қаржы апатқа дейінсоветтік атом энергетикасының арқасында қол жеткен жалпы өнім мен қосымша құнды "жеп қойды". Олар[СССР] 40 жыл бойы саланы дамытып, шаруашылыққа қажет энергияны үлкен көлемде өндірген ондаған станция салды. Кейіннен бір станция жарылды да, бүкіл жетістікті жоққа шығарды. Сондықтан саясаткерлердің орнында болсам, жеті рет өлшеп, бір кесер едім, - дейді Калмыков.

Қазақстанда Ресей технологиясымен АЭС салу жоспары кейінге қалғанға ұқсайды. Қазақстанда АЭС салу бастамасын биыл сәуір айында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Кремльде өткен кездесу барысында көтерген. Әлеуметтік желідегі наразылық пен митингтердің талабынан АЭС құрылысына қарсылық байқалған соң, Тоқаев атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдарда "халықтың пікірін ескеруге" уәде берді.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АСПЕКТ ЖӘНЕХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

"Гринпис Ресей" ұйымының қызметкері Рашид Алимовтың пікірінше, Тұзқан көлі маңында АЭС салу "бүкіл экожүйеге әсер етуі мүмкін". Тұзқан Айдаркуль және Шығыс-Арнасай көлдерін қамтитын Арнасай көлдер жүйесіне кіреді.

- Апат болу ықтималдылығын алып тастағанның өзінде, реакторларды суыту үшін пайдаланылатын су қоршаған ортаға жылы күйінде шығарылады.Көл суы жылыса, бұл ондағы экологиялық жағдайды өзгертеді. Мұның бәрі экожүйеге әсер етеді. Бұл жағдайда АЭС салу қаншалықты дұрыс шешім болатынын мұқият және сол аумаққа барып зерттеу керек, - дейді ол.

Өзбекстандағы Айдаркөл Арнасай көлдер жүйесіне кіреді.
Өзбекстандағы Айдаркөл Арнасай көлдер жүйесіне кіреді.

Бұл пікірге Қазақстан энергетика министрлігінің ядролық физика институты кешенді экологиялық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Владимир Солодухин де келіседі. 2000-2010 жылдар аралығында ол халықаралық "Навруз" жобасы аясындабасқа ғалымдармен бірге Сырдария мен Шардара су қоймасының ластану деңгейін зерттеген. Сол кездегі зерттеу қорытындылары Қазақстандағы Сырдария өзені АЭС салынбай-ақ өте лас екенін көрсеткен.

Ғалымдар есебінде Сырдарияның жоғарғы тұсы (Өзбекстан шекарасынан Шардара су қоймасына дейінгі бөлігі) "радионуклидтер және улы элементтермен ластанғаны" жазылған.

Негізгі ластаушы нысандар тау-металлургиялық, химиялық және басқа өндірістік комбинаттар мен кәсіпорындар екені анықталған. Олардың қатарында Қырғызстандағы Майлуу-Су, Тәжікстанда уран өңдеумен айналысатын "Востокредмет", Өзбекстанның Кибрай, Ангрен, Янгиабад және Навои қалаларындағы өндірістік кәсіпорындар бар. Бұл тізімге Қазақстанда уран өндіру және өңдеуге маманданған Қызылорда облысындағы Шиелі ауданы мен ауыр металлдар өндіретін Шымкент қаласы кіреді.

Өзбекстандағы Арнасай көлдер жүйесіне Айдаркөл мен Тұзқан кіреді.
Өзбекстандағы Арнасай көлдер жүйесіне Айдаркөл мен Тұзқан кіреді.

- Жағдай ауыр дей алмаймын. Бірақ көрсеткіштер белгіленген мөлшерден сәл артық. Ластану жылдан-жылға әртүрлі деңгейде байқалып отыр. Бір жерде қоршаған ортаға улы қалдық бөлініп, ластану деңгейі шектік мөлшерден асып кетсе, біз міндетті түрде мұны анықтаймыз. Жағдайды үнемі бақылауды ұстау керек, - дейді Владимир Солодухин.

Эколог Дмитрий Калмыков өзі жетекшілік ететін "Қарағандылық экомұражай" ұйымы Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" Орхусс конвенциясына сәйкес, Өзбекстандағы АЭС құрылысы туралы ақпарат беруді сұрап, өтініш дайындап жатыр. Калмыковтың пікірінше, Қазақстан халқына Түркістан облысы Шардара ауданындағы елдімекендерден бір сағаттық жерде орналасуы мүмкін болашақ АЭС жобасы туралы толық ақпарат берілуі керек.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG