Accessibility links

Батыстың Минскіге қысымы күшейгенде Лукашенко Украинамен шекараны жабуды бұйырды


Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.
Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.

Беларусьте былтырғы әділдігі дау тудырған президент сайлауынан кейінгі халық наразылығын биліктің қатыгездікпен басып-жаншуы себепті Батыс елдері санкциялар салып жатқан осы елдің авторитар билеушісі Александр Лукашенко "қауіпсіздікті" сылтауратып, Украинамен шекараны толықтай жабу туралы жарлық шығарды. Бұған қоса ол елде Батыспен байланысы бар "террористік" астыртын ұйымдар әшкереленгенін мәлімдеді.

Мемлекет тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жиында сөйлеген сөзінде Лукашенко Беларусь аумағына "өте көп мөлшердегі" қару-жарақтың ағылып келуіне жол бермеу үшін шенеуніктерге елдің Украинамен шекарасын жабуға пәрмен бергенін жария етті. Украина сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Украинаның өзімен көрші постсоветтік елдің ішкі ісіне араласпағанын және ондай жоспары да жоғын мәлімдеді. Өз әкімшілігі жариялаған сөзінде Лукашенко Беларусьте Германия, Литва, АҚШ, Польша және Украинамен байланысты "астыртын террор ұйымдары" әшкереленгенін айтқан.

Лукашенко еш айғақ-дәлелсіз айыптауын оның режиміне Батыстың қосымша санкциялары салынып жатқан шақта айтып отыр. Еуропаның бір елінен екіншісіне ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын мәжбүрлі түрде қондырып, ондағы оппозициялық блогерді тұтқындағаннан кейін Батыс елдері Минскіге қарсы шаралар қабылдаған.

Лукашенко атаған елдер әзірше бұл айыптауға байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Лукашенко болса өзі айтқан "ұйымдардың" мақсаты "елдегі билік режимін күшпен өзгерту" деп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG