Украина Жоғарғы сотының апелляция шағымын қарайтын бөлімі жемқорлық жайттарын зерттеген журналист Георгий Гонгадзені өлтірген деген айыппен сотталған бұрынғы полиция қызметкері Алексей Пукачтың апелляция шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Сот 2 шілдеде бұрынғы полиция генералына шығарылған үкімді күшінде қалдырып, сот ісін қайта қарау жайлы өтінішті қабылдамады.
Киевтің Печора аудандық соты Украина ішкі істер министрлігінің cыртқы қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысы Пукачты 2013 жылы қаңтарда Гонгадзені өз қолымен буындырып өлтірген деп тауып, өмір бойына бостандығынан айырған еді. Жоғары биліктегі сыбайлас жемқорлықты әшкерелеумен айналысқан Гонгадзені 2000 жылы қыркүйекте ұрлап әкеткен. Бірнеше айдан кейін журналистің басы кесілген мәйіті Киевтің маңынан табылған.
Сол кездегі президент Леонид Кучмаға – президент кеңсесінде жасырын жазылып алынған аудиожазба бойынша – кісі өлтіруге қатысы бар деген айып тағылған еді. Даулы жазбада журналистке қарсы іс-қимыл жасау жайлы әлдебіреулермен сөз байласады-мыс. Прокурорлар Кучмаға 2011 жылы бұл іске қатысты деген айып таққан еді. Бірақ сот сол жылы кейінірек аталған айыптың күшін жойды.
ПІКІРЛЕР