Accessibility links

Рекорд: Қазақстанда Covid-пен бір күнде 3 мыңнан астам науқас тіркелді


Коронавирус вакцинасын салдыруға келген адамдар. Нұр-Сұлтан, 12 сәуір 2021 жыл.
Коронавирус вакцинасын салдыруға келген адамдар. Нұр-Сұлтан, 12 сәуір 2021 жыл.

3 шілде күні Қазақстанда коронавируспен 3003 науқас тіркелді. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Аймақтар арасында әдеттегідей Нұр-Сұлтан көш бастап тұр. Қазақстан астанасында бір күнде 791 адамнан коронавирус анықталған. Бірақ бұл қаланың рекорды емес. Рекорд 30 маусым күні орнаған. Сол күні онда 807 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтанда биылғы наурыздың ортасынан бері күнделік анықталатын науқас саны 100-ден төмен түспеген.

Содан кейінгі орында Қарағанды облысы тұр. Онда 496 науқас анықталған. Бұл – облыстың рекорды. Облыста үшінші күн қатарынан төрт жүзден астам науқас тіркеліп отыр.

Бір күннің дерегі бойынша, тіркелген науқас саны жүзден асқан облыстар қатарында: Алматы қаласы (391), Маңғыстау облысы (186 адам), Батыс Қазақстан облысы (173), Шымкент (169), Атырау облысы (154), Алматы облысы (112) және Ақмола облысы (105) бар.

Қазақстанда маусымның ортасынан бері індеттің тарауы қайта күшейді. Ел билігі мұны "дельта" вариантының таралуымен түсіндіреді. Алғаш рет Үндістанда тіркелген "дельта" қазір әлем бойынша доминант вариантқа айналды. Ол вирустың бастапқы вариантына қарағанда едәуір жұқпалы және оның өлім қаупі жоғарырақ.

Қазақстанның эпидемиялық картасында "қызыл аймақта" санаулы апта бұрын тек Нұр-Сұлтан ғана болса, қазір онда Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары бар.

Елде вакциналау науқаны 1 ақпанда басталған. Әзірге денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде төрт түрлі вакцина бар. Олар: ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, Қытай әзірлеп, БАӘ өндірген Hayat-Vax және қытайлық CoronaVac. Бірақ соңғы үшеуінің үлесі аз, азаматтар негізінен ресейлік екпені салдырып жатыр. Ресейдің бұл вакцинасын Қарағандыда да өндіреді.

Ресми ақпарат бойынша, осы күнге дейін вакцинаның кемі бір дозасын 3,7 миллион адам алған. Оның 2,2 миллионға жуығы екінші дозаны да алып үлгерген.

Қазақстанда осылайша індет басталғалы барлығы 433 931 адамның анализінен коронавирус анықталған. Бұдан бөлек, 1 тамыздан бері коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония есебі де жүргізіліп келеді. 1 шілдеге дейін пневмонияның бұл түрімен 57 276 науқас тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG