5 шілдеде Қазақстанда 2618 адамның анализінен коронавирус анықталды. Кейінгі апталарда елде науқастар үздіксіз көбейіп жатыр. Екі күн бұрын 3031 науқас анықталып, коронавирус бойынша бұрын-соңды болмаған антирекорд тіркелген.
Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында індет өршіп барады. Өткен тәулікте мұнда 710 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Қарағанды облысында – 490, Алматыда – 277, Батыс Қазақстан облысында – 181, Атырау облысында – 154, Ақмола облысында – 124, Павлодар облысында – 105, Шымкентте 103 адамға коронавирус жұққан. Ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (30) мен Қызылорда облыстарында (30) тіркелген.
Ресми дерек бойынша, 2020 жылдың наурызынан бері 439 580 адамнан коронавирус табылған. 4489-ы қайтыс болған (4 шіледе 20 адам көз жұмған). Бірақ кейбір сарапшылар елдегі бұл статистика төмен, шынайы жағдайды көрсете алмайды деп санайды.
Қазір елде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары қаупі көп "қызыл аймақта", Ақтөбе, Қостанай, СҚО, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары вирус тарауы жағынан орташа "сары аймақта" тұр. Қалған облыстар "жасыл аймақта".
4 шілдеде елде коронавирус пневмониясына 9 адам шалдықты. ПТР нәтижесі теріс, бірақ симптомдары коронавирусқа ұқсас "пневмония" статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келеді. Министрлік мәліметінше, содан бері елде 57 437 адам "пневмонияның" сол түріне шалдыққан. 3467 адам қайтыс болған (4 шілдеде 2 адам көз жұмған).
Коронавирусқа қатысты адам өлімі статистикасына вирусқа шалдыққан мыңнан аса адам марқұм енбей қалды. Министрлік құрған комиссия олардың қазасына басқа дерт себеп болды деп тапқан.
Министрліктің дерегінше, 6 шілдеге дейін 3 млн 843 мың адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2 млн 214 мың адам екі дозасын да алған. Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, HayatVax (БАӘ елінде дайындалған Қытайдың екпесі), қытайлық Coronavac екпесін салып жатыр.
Қазір елде 33 029 адам Covid дертіне шалығып, емделіп жатыр. 10 041 адам ауруханада жатыр. 633 науқастың жағдайы ауыр, 76 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің есебінше, әлемде 184 106 миллион адам Covid дертіне шалдыққан. 3 млн 983 мың адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР