Бүгін, 6 шілдеде билікке саяси талап қойып, аштық жариялаған алматылық бір топ белсенді аштықты тоқтатты. "Депутаттардың демалыс жариялап қашып кеткеніне байланысты аштық тоқтағанымен, күрес басқа форматта жалғасады" дейді белсенділер.
- Біз өзіміз көтерген мәселеге мейлінше назар аударттық. Елдің құлағына шалынды. Билікті сынаған белсенділерді қуғындау не себепті болып жатқанын, билік неге сүйеніп оны істеп отырғанын көпшілікке түсіндірдік. Парламент депутаттарына талабымызды жібергеннен кейін көп ұзамай тергеуде жатқан алматылық белсенділерге тағылған екі баптың бірі – 182-ші бап алынып тасталды. Бұл да жетістік. Денсаулығымыз қатты сыр бермесе де, әлсіредік. Сондықтан ендігі күресімізді аштықпен емес, құқықтық жолмен жалғастыра берсек деген шешімге келдік, - дейді белсенділердің бірі Мейірхан Әбдіманапов.
Маусымның 20-сынан бері тек су ішіп қана отырған белсенділер бүгін ақырындап ас іше бастайды. Ол сондай-ақ өздерін қолдап Қазақстанның өзге қаласында да аштық жариялап жатқандарды да аштықты тоқтатуға шақырды.
Алматылық жеті белсенді азамат маусымның 20-сы күні аштық жариялаған еді. Олар ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік" деп таныған 2018 және 2020 жылғы сот шешімдерін заңсыз деп, оның күшін жоюды талап еткен. Олар парламент сот қаулысына құқықтық баға берсін, оның күшін жойсын, қозғалысқа мүше болғаны үшін сотталып, "жазықтан-жазықсыз қудаланғандар" босатылсын деген де талаптар айтқан.
16 күн ішінде наразыларға я депутаттар да, я билік өкілдерінен де адам келген жоқ. Олар бірнеше рет адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованы да шақырған. Ол да наразылармен кездескен жоқ.
Алматылық белсенділерді кейін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Орал және Қызылорда қаласындағы белсенділер қолдап, барлығы 23 адам аштық жариялаған. Осыған дейін Шымкенттегі белсенділер аштық акциясын әкімдік алдында жалғастырмақ болған кезде полиция ұстап, қамаған. Осылайша аштық акциясы тоқтаған. Оралда да полиция аштық ұстаған белсенділерді ұстаған.
Қарай отырыңыз: Алматыдағы аштық акциясы (2 шілде 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР